Елімізде «Қауіпсіз қоғам» жобасы өтіп жатыр. Іс-шара аясында республикамызда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай Түркістан облысында «30 шілде — адам саудасына қарсы күрес күніне» қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, «Адам саудасына қарсы күресте біртұтас!» атты ақпараттық науқаны өтті, деп хабарлайды Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Адам саудасына қатысты қылмыстарға жаза қатаң!
Профилактикалық акция шеңберінде Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірге, облыс орталығындағы адамдар көп шоғырланатын аймақтарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бір тәулікте «116 16» сенім телефонының нөмірі бар 1000-нан астам жаднама таратты.
Соның ішінде Теміржол вокзалы мен әуежайдағы жолаушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіп, дауыс зорайтқыш арқылы станцияның бүкіл аумағына адам саудасының қаупі туралы ақпарат айтылды.
Полиция тұрғындарға “қандай да бір жанның құлдықта жұмыс жасап жүргенін байқасаңыз, болмаса адам саудасына қатысты басқа да қылмыстардың құрбаны не куәсі болсаңыз, үндемей қалмаңыз, заңға жүгініңіз!’’- деп құқықтық кеңес берді. Яғни жезөкшелікпен айналысуға тарту, сексуалдық қанау, мәжбүрлі еңбекті пайдалану, қайыршылық сұрауға мәжбүрлеу, заңсыз бала асырап алу, трансплантация үшін адам ағзасын заңсыз алу қылмыстары адам саудасына жататын жеткізді.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу шарасы өтті
Түнркістан облысының Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлерімен қоғамда орын алып жатқан мәселелердің бірі «Отбасындағы зорлық-зомбылықтын алдын-алу және алкоголь-көптеген қиыншылықтардың себебі» атты тақырыпта кездесу өткізілді. Ауданның бас имамы Еркін Тұрғынұлы бұл шарада күндіз түні елдің тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына деген алғысын білдіріп, отбасылық зорлық-зомбылықтың кесірі туралы айтып өтті.
Аталған шарада Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы Н.Ажибеков сөз алып, отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыда қорқып құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жататынын айтты.
Осыған сәйкес полицейлерге әйелдер мен қыздар арасында құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан көлемінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың зардабын шегіп отырған қолайсыз отбасыларды «зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу» бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстыруды жүктеді.
«Қорғау — қауіпті жүргізуші» рейдтік іс-шарасы жалғасуда
Түркістан қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері «Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы қала аумағында күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шара жүргізуде.
Мәселен кезекті жұмыс күні тәртіп сақшыларына С.Қожанов көшесінің бойында 153 миллион теңге берешегі бар “Ravon Nexia R3” автокөлігіне қатысты дабыл түсті.
Белгілі болғандай, жүргізуші 153 миллион теңгенің 700 мыңын жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл ретінде арқалаған. Оның басым бөлігінде ақылы жол, жылдамдық арттыру, рұқсат етілмеген орынға көлік қою т.б құқық бұзушылықтар. Қалғаны банк пен алимент бойынша берешек екені расталды.
Полицейлер автокөлік жүргізушісімен айыппұлдарды уақытылы төлеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Көлік айыптұраққа қойылды.
Айта кетсек, соңғы айда түркістандық полициямен «Қорғау» бағдарламасымен айыппұлы төленбеген 100-ге жуық автокөлік анықталып, айыптұраққа қойылған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығы жеке құрамға арнап қызметтік тәртіпті сақтау бойынша маңызды жиын өткізді
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу-маңызды
Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу бойынша кеңес өтті. Жиынға полиция полковнигі М.Асқаров және Түркістан облысы ІІО ардагерлері кеңесінің төрағасы О.Жанқожаев қатысты.
Маңызды жиында жыл басынан бері аудандағы полиция қызметкерлері тарапынан орын алған қызметтік тәртіп пен заңдылықты бұзу жайттары талқыланды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу бойынша баяндамалар тыңдалды.
Сондай-ақ жеке құрам арасында алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтарға жол бермеу, қызметтік тәртіпті нығайту бойынша кеңестер берілді. Сонымен қатар арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.
Полиция – қашанда елдің қорғаны. Қоғамның тынышы мен тынысын бақылаушы ретінде полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Осы орайда жаңадан құрылған Сауран аудандық полиция бөлімінде 6 айлық жұмыстардың қортынды есебі тыңдалды.
Полиция бөлімнің бастығымен бөлімше басшылары және жеке құрам қызметкерлері қатысқан бұл жиында атқарылған жұмыстар сараланды.
Жиында полиция бөлімі басшының бірінші орынбасары Данияр Түймебаев баяндама жасап, полицейлердің жұмыс көрсеткіші бойынша алдағы уақытта атқарылар бірқатар жұмыс жоспарымен таныстырды.
Атап айтқанда 2024 жылдың 6 айында Жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қызметкерлерімен қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жалпы 1807 құқықбұзушылық анықталған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда жұмыс көрсеткішінің едәуір жоғарылағандығын аңғартады.
Жиын соңында ауданның полиция басшысы сөз алып, «Біз тәртіп сақшылары – азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетіп, халықпен тығыз байланыс жасай отырып, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарды атқарудамыз. Басты қағида: қоғамның полиция қызметіне деген сенімін жоғарылата отырып, бұқарамен жақындастыру, патриотизмді насихаттау», -деп атап өтті.
JQ-Aqparat
Cуреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі