Тұрақты жұмыс орны ашылса, жастар ауылға барады

01 сәуiр 2022, 11:23

Қоғам арбасын алға сүйреудегі қозғаушы күш – жастар. Елімізде жастардың білім алып, жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалған. Қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Дегенмен жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті. Жуырда Сенат депутаты Бейбіт Исабаев жас мамандардың жұмысқа орналасуы қиын екенін айтып, депутаттық сауал жолдады. Біз халық қалаулысын сөзге тарттық.

Jas qazaq: Бейбіт Өксікбайұлы, өткенде Үкіметке жолдаған депутаттық сауалыңызда көкейдегі мәселені көтердіңіз. Расында да, атағы дардай оқу орнын бітірген жас кадрлар жұмысқа орналасудың машақатын тартатыны жасырын емес. Бұл түйткілді қалай шешуге болады? Бейбіт

Исабаев: Жастар – мемлекеттің тірегі. «Жас келсе, іске» деп тегін айтылған ба? Өткенде Сенаттағы әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитеті мүшелері осы мәселені көтердік. Сенат қабырғасында «Халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздықты азайтудың өзекті мәселелері» тақырыбына өткізген дөңгелек үстелде қаралған мәселелер аясында Үкіметке депутаттық сауал жолданды. Жалпы талдаулар көрсетіп отырғандай, қазіргі білім беру жүйесі еңбек нарығының жаңа талаптарына толық жауап бере алмай отыр. Соңғы жылдары елімізде жұмыссыз жүрген, «екі қолға – бір күрек» таба алмаған жоғары және кәсіптік білімі бар адамдар санының өскені байқалады.

Мысалы, 2020-2021 оқу жылында жоғары оқу орындарын бітірген түлектің 30 пайыздан астамы, ал техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында білім алып, маман атанған түлектің 40 пайызға жуығы жұмыссыздар қатарын толықтырды. «Атамекен» ҰКП-ның 2021 жылғы оқу бағдарламаларына жүргізген сыртқы бағалауына сәйкес, жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларының өзектілігіне 55 пайызға қанағаттанған. Ал ЖОО бітірген түлектердің жұмысқа орналасқандарының медиандық жалақысы 114,0 мың теңгені, ТжКБ бітіріп жұмысқа тұрған жас мамандардың медианды жалақысы 56 327 теңгенің ар жақ, бер жағында. Еңбек нарығына келсек, 4 мыңға жуық дәрігер, 3,8 мың мұғалім, 1,6 мың ветеринария мамандары тапшы. Керісінше, кей салаларда артық дайындалған мамандар бар. Бұл еңбек нарығындағы теңгерімсіздіктің өсуін көрсетеді. Туындаған сын-тегеуріндерді шешу үшін қайтпек керек? Ең алдымен еңбек нарығының бүгінгі жағдайына терең талдау жүргізіп, жыл сайын даярланатын мамандарды ұлттық экономиканың секторлары бойынша жұмыс ресурстарының сұранысына сәйкес қалыптастыру қажет.

Жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша платформа құруды ұсынып отырмыз. Бастама жүзеге асып жатса, соңғы курстардың студенттері мен жұмыс берушілердің электрондық еңбек биржасымен интеграцияланған цифрлық платформа құрылады. Бұл әлеуетті түлектердің мамандануы, оқуды аяқтау күні, бағалары көрсетілген транскрипт және басқа да мәліметтері бойынша егжей-тегжейлі  өз профильдерін жасауға мүмкіндік береді. Платформаға енгізілетін деректерді барынша автоматтандыру және оқытушылар құрамына әкімшілік жүктеменің ұлғаюына жол бермеу керек. Жүйе жұмыс берушілер авторизациядан өткеннен кейін түлектер туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беруі тиіс. Бұл студенттің дағдыларын бағалауға, оларды нарықтың ағымдағы қажеттіліктерімен салыстыруға, сондай-ақ оқу бағдарламасы аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасуды немесе оқу кезінде тағылымдамадан өтуді ұсынуға мүмкіндік береді.

Жалпы бұл процестерді цифрландыру жұмыс берушілерге болашақта студенттердің оқу процесіне әсер етуіне, нарық қажеттіліктерін ескере отырып, оқу жоспарын толықтыруға және өзгертуге, жаңа оқу курстарын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы бәсекелестікті қалыптастыру, сондайақ білім беру сапасын жақсарту үшін оларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бөлінетін қаражат көлемін тұрақты жұмыс орындарына орналасқан түлектер санына қарай бөлген жөн, ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс. Түлектерді жұмысқа орналастыру мониторингін жүзеге асырып, олар үшін Үкіметпен кері байланыстың ашық көздерін ашу қажет. Ұлттық экономиканы әртараптандырып, жаңа өндірістерді іске қосу, еңбек өнімділігін және инновациялық өнім көлемін арттыру арқылы сапалы (тұрақты) жұмыс орындарын ашуымыз керек.

Jas qazaq: Сіз депутаттық сауалыңызда бес жылға еңбек ресурсына сұраныстық болжам жасалуы керек деп айтыңыз. Соны тарқата түссеңіз.

Бейбіт Исабаев: Елдегі жұмыспен қамту проблемаларын шешуге бағытталған, оның ішінде кадрларды даярлау, қайта оқыту және қайта даярлау жөніндегі іс-шаралардың көпшілігі нарықтың жас маманға деген қажеттілігін тиісінше зерделемей жүзеге асырылады. Зерттеу, зерделеу болмағандықтан да, еңбек нарығы мен білім беру саласы арасындағы байланыс әлсіреді. Маман даярлауға мемлекеттік тапсырыстар егжей-тегжейін білмей бөлінеді. Бұл еңбек нарығының жекелеген сегменттерінде сұраныс пен ұсыныс арасындағы сәйкессіздіктердің артуына әкеледі, яғни кейбір мамандардың артық болуы және басқаларының жетіспеушілігі осындай орашолақ әрекеттен кейін байқалады.

Мысалы, 2021 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша, 168 033 адам оқуды аяқтады, оның ішінде 160 673 адам жұмысқа орналасуға талпынып көрді делік, 110 743 адам жұмысқа орналастырылды (68,9%) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ЖОО түлектерінің саны 47 388 адамға жетіп отыр, оның ішінде 40 028 адам жұмысқа орналасуға сақадай-сай жарамды, оның ішінде 32 088 адам (80,1) жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік тапсырыспен жұмысқа орналастыру бағыттары бойынша: «құқық» – 59,4%; «ветеринария» – 64%; «әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» – 68%; «ауыл шаруашылығы мамандықтары» – 69,8%; «техникалық ғылымдар және технологиялар» 70,9%.

Мұндай жағдай, сайып келгенде, мемлекеттің еңбек ресурстарын да, қаржы ресурстарын да тиімсіз пайдалануға әкеледі. Осыған байланысты дамыған елдердің тәжірибесі бойынша экономиканың кәсіптер мен біліктіліктер бойынша кадрларға қажеттілігін зерделеу бөлігінде жыл сайынғы арнайы зерттеулер жүргізудің, сондай-ақ таяудағы 5 жылға еңбек ресурстарына болжамды сұранысты жасаудың объективті қажеттілігі пісіп-жетілді. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігіне оқу орындарының бағдарламалары мен стандарттары осы сұранысқа, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес әзірленген кезде ғана қол жеткізіледі. Сонда ғана біз еңбекке жарамды қол-аяғы балғадай, жоғары білімі бар жастардың ресурсын мемлекеттің дамуына бағыттап, шарапатын көре аламыз.

Jas qazaq: Өндірісті, ауыл шаруашылығы саласын өрістетуді қолға алып, стратегиялық жоспар құру арқылы жеке секторды дамыту жолымен де жастарды жұмыспен қамтуға болмас па?

Бейбіт Исабаев: Бүгінде елімізде жұмыс орындарын ашуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. «Жоқ, жоқ» деп жона беріп, ауызды қу шөппен сүрткен жарамас. Бағдарлама бар, жүзеге асырылып та жатыр. Алайда еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі саралайтын еңбек нарығына мамандықтар бойынша болжамдары нарықтағы теңгерімсіздікті мемлекеттік деңгейде айқындауға мүмкіндік бермей, мемлекеттік органдар бытыраңқы жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің жұмыс күшіне қажеттілігі мемлекеттік деңгейде шешімдер қабылдау кезінде ескерілмейді. Ал бизнестің өзі бұл процеске іс жүзінде тартылмаған. Бұған қоса, автоматтандыру және цифрландыру бойынша жаһандық трендтер жұмыс күшін босатудың қосымша тәуекелдеріне алып келуде. Осыған байланысты өңір аралық мониторинг пен еңбек ресурстарының ағынын болжаудың бірыңғай құралын әзірлеу және енгізу ұсынылады. Бизнестің белсенділігін алға тарта отырып, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы субъектілер бойынша да өңірлер бөлінісінде жұмыс орындарын құруды және еңбек нарығы бойынша болжамдарды көздейтін қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың барлық іс-шараларын бірыңғай электрондық платформада басқару қажет. Бұл министрліктің дерек көздерімен, жобалар мен құрылатын жұмыс орындары (жұмыс орындарын құру мониторингі жүйесі) бойынша салалық министрліктердің деректерімен қабысып жатуы тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын қамтамасыз ету үшін стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің үйлестіруімен ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрліктері және т.б. құзырлы мемлекеттік органдар мен аймақ әкімдерінің, жұмыс берушілердің бірлескен жұмыс алгоритімі мен оны нақты жүзеге асырудың механизмдерін бекіту, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің ақпараттық жүйелерінің бірыңғай интеграциясын жасау керек. Осылардың негізінде біз шалғайдағы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру мақсатында тірек ауылдық елді мекендерде зәкір іспетті бизнес субъектілерін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, қайта өңдеу, қызмет көрсетуді дамыту арқылы жандандырамыз. Ауыл-ауылға көштің бағытын қайта бұрып, көші қонды ынталандыру, ауыл инфрақұрылымы мен коммуникация желілерінің деңгейін қалалық өмір сапасына жақындатуымыз керек.

Сондай-ақ жедел түрде ұлттық экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу, еңбек өнімділігін арттыру, инновациялық өнім көлемін, ғылымға инвестицияларды ұлғайту, негізгі қорларды жаңарту, өнім шығару мен шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін адамдар үлесін арттыруды қолға алып, халықтың әл-ауқатының нақты, орнықты өсуіне және халықтың орта тобын қалыптастыруға қол жеткізе аламыз. Тұрақты жұмыс орны ашылса, жастар ауылға бармайды емес, барады. Тек істің тігісін жатқызып, тетігін таба білуіміз керек.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет.

Қуаныш ТАҢҚЫ

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген