Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы

Бүгін, 18:47


besgroup.kz

Транзит — біздің баға жетпес басымдығымыз. Әсіресе, әлемдегі жүк тасымалы бәсекесінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Транскаспий көлік бағытының (ХТКБ) шешуші бөлігіне айналатын жаңа теміржолдың маңызын осылай сипаттады. Әңгіме, ТрансҚазақстан дәлізі жөнінде.

Тарқатып айтсақ, үкімет Ұлытау мен Маңғыстау өңірлерін шойын жолмен байланыстыратын алып жобаны жүзеге асыруды қолға алмақшы. Бұған сәйкес, ұзындығы 366 шақырымдық Мойынты – Қызылжар бекеттері арасында теміржол төселеді. Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғановтың пікірінше, бұл Орта дәліздің ажырамас бөлігі болып табылатын ХТКБ бағытында қашықтықты 150 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы Қызылжар стансасы мен Ақтау портын бір-біріне жалғайтын күретамыр бойында жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Атап айтқанда, ұзындығы 700 шақырымды құрайтын Алтынкөл-Жетіген және Бейнеу-Маңғыстау теміржол бөліктерінде жүк өткізу көлемі артып, инфрақұрылым жақсарады.


azertag.az

Осылайша, Қазақ елі Шығыстан Батысқа (немесе кері бағытта) қарай транзиттік жүк тасымалында әлеуетін арттыра түседі. Қазірдің өзінде көрсеткіш ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен жылы аталған көлік дәлізіндегі тасымал мөлшері 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Бұл жетіде БАҚ өкілдеріне осындай жаңалықты жеткізген Премьер-Министрдің орынбасары — сыртқы істері министрі Мұрат Нұртілеу алдағы меже 10 млн тонна екенін хабарлады. Ол Астанада әзірбайжандық әріптесі Жейһун Байрамовпен өткен кездесуде екі елдің осы көлік тасымалы бағытына айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Бұл ретте қазақ-әзірбайжан «Middle Corridor Multimodal» бірлескен кәсіпорнының маңызды рөл атқарып жатқанына тоқталды.

Қазақстан да, Әзірбайжан да өзінің географиялық орналасуымен теңіздегі сауда жолдарынан жырақта жатқандар қатарында. Сол себепті, әлемдік нарыққа өз тауарын жеткізуде Орта дәліздің мән-маңызы айрықша екені белгілі. Оның үстіне 11 мың шақырымға созылып жатқан күретамыр толығымен multimodal, яғни көп тармақты. «Цифрлық Жібек Жолы» деп те аталатын Транскаспий талшықты-оптикалық желі жобасы — мұның жарқын дәлелі. Осы телекоммуникациялық дәліз арқылы тереңдегі теңіз табанында тартылатын электр кабелімен Еуропадан Азия аумағына цифрлық контент пен интернет-қызметті апаруға болады. Мұрат Нұртілеу аталған жоба да еліміз үшін айрықша мәнге ие деген пікірде.


rail-news.kz

Маңғыстаудағы Құрық және Ақтау айлақтарынан Каспий теңізі арқылы жөнелтілген жүк контейнерлерін Түркия, Еуропа және Африканың солтүстігіндегі тұтынушыға жеткізуде Әзірбайжанның өткел ретіндегі орны бөлек. ХТКБ жобасына тағы бір транзит-өлке Грузия да қосылған. Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде теңіздегі көлік тасымалына тәуелділікті азайтатын ғаламат жоба 11 мемлекеттегі көлік-логистикалық, теміржол, кеме тасымалы және айлақтық компанияларының басын қосып отыр.

Жуырда осы үш мемлекеттің теміржол компанияларының жетекшілері бас қосып, өзара үйлесімді әрекетпен жүк тиелген контейнерлерді дер кезінде төте жолмен тасымалдау жайын пысықтады. Тараптар осы орайда Қытайдағы Сиаң қаласында пайдалануға берілген Қазақстанның көлік-логистикалық орталығынан шыққан алғашқы пойыздың Еуропаға жол тартуын аса маңызды оқиға деп бағалады. Жалпы өткен жылы Қытайдан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанға, одан әрі кәрі құрлықты бет алған 287 блок-пойыз келсе, биыл олардың санын 600-ге жетеді күтілуде. Транскаспий көлік бағыты халықаралық қауымдастығының Бас хатшысы Гайдар Әбікерімов хабарлағандай, биылғы осы дәлізбен 96 мың контейнер межелі жерге жетуі тиіс.

Астана мен Баку арасындағы достық пен тығыз қарым-қатынастың арқасында энергетика саласында да ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейіп келеді. Бұл, әсіресе, әлемдегі геосаяси ахуал ушығып, КҚК (Каспий құбыр желісі консорциумы) құбыр желісі ауық-ауық істен шығып жатқан қазіргі кезеңде Қазақ мұнайын баламалы бағытпен тасымалдау сияқты өзекті мәселеде ойдағыдай іске асып жатқанын айтқан орынды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміз былтыр Баку-Тбилиси-Жейһан құбыржелісімен 1,4 млн тонна «қара алтынды» ғаламдық нарыққа жөнелтті. Болашақта қара май транзиті көлемін 2,2 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Мұнай экспорты төңірегінде сөз қозғалғанда Грузиядағы Батуми портының да әлеуеті зор екенін айтқан жөн.
Тағы бір жағымды жаңалық. Осы аптада энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АҚШ-та американдық әріптесі Крис Райтпен Стратегиялық энергетикалық диалогты (SED) дамыту жайын талқылады. Айта кету керек, SED шеңберінде энергетикадағы ауқымды мәселелермен қатар, қуат көздерін оңтайлы жолмен жеткізу жайы да талқыға түседі. Бұл жолғы кездесуде Қазақ мұнайы тасымалын әртараптандыру әңгіме өзегіне айналды. А.Сәтқалиев осы орайда Транскспий халықаралық көлік дәлізінің стратегиялық маңызына жан-жақты тоқталды.

АҚШ-тың аталған бағыттың дамуына қолдау көрсетініне сенімді екенін мәлімдеді. Бұлай деуінің жөні бар. Бұрынғыдай саяси есептің жетегінде кетпей, мемлекет пен экономиканың мүддесін бәрінен жоғары қоятын қазіргі АҚ үйдегі билік Қазақстанда «қара алтын» өндіріп жатқан американдық компаниялардың талап-тілегін ешуақытта жерге тастамайды.

Әңгімені түйіндей келе, орнықты да оңтайлы бағытқа айналып келе жатқан Транскаспий дәлізінің көкжиегі кең деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

Бүгін, 18:47
Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы
Бүгін, 18:31
Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады
Бүгін, 14:01
Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?
05 наурыз, 12:03
Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық
01 наурыз, 10:08
Президент: Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді
24 ақпан, 11:57
Жалған психологтар мен коучтардан қалай арыламыз?
19 ақпан, 16:29
Ораза ұстап арақ ішсе, сауабы болмайды
19 ақпан, 14:25
Алмақтың салмағы: танымал тұлғалардың салық төлеуден басқа амалы жоқ
18 ақпан, 12:10
"Б/У" гүлдің саудасы. Шын көңілмен сыйлаған гүлді сату дұрыс па?