Қазақ халқы қадым заманнан ұлт азаттығы, ұрпақ болашағы үшін күресті. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан басталған жаугершілік заман тәуелсіздік алғанға дейін толастамады. Азуын айға білеген алып империяның да, қылышынан қан тамған кеңестік дәуірдің де құқайын аз көрмеді. 1916 жылы патшаның 19 бен 43 жас аралығындағы ерлерді әскерге алу туралы жарлығы онсыз да үстемшіл биліктің қысымына ашынып жүрген халықтың наразылығын тудырды. Бастапқыда стихиялы түрде болған көтерілістер, кейін ұйымдасқан ірі көтеріліске ұласты. Бұл отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтеріліс болып тарихта қалды. Биыл тарихи оқиғаға 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Алматы облысы Райымбек ауданындағы Ереуіл ауылында «Тарихқа тағзым» атты мәдени-көпшілік шара өтті.
Екі күнге жоспарланған тойдың бірінші күні Кеген ауылының мәдениет үйінде М.Әуезов атындағы драма театрының сахналауымен М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінің желісі бойынша қойылым қойылды. Ал екінші күні Кеген ауылында «Тарихқа тағзым» атауымен монументалды ескерткіш кешенінің салтанатты түрде ашылуы өтті. Ескерткіште доға тәріздес келтірілген керегеде тақырыптық бес барельеф орналастырылған. Онда қазақтың ежелгі мамыражай заманы, патшаның жарлығы бойынша әскерге, жұмысқа адам алуына қарсы наразылық, патша жендеттерінің салған ойраны, азаттық жолындағы күрестің соңғы тұяқ серпуі сияқты болған 1986 жылғы көтеріліс және Тәуелсіздік кезеңіндегі бейбіт өмір бейнеленген. Ескерткіш стелласының биіктігі – 17 метр, барельеф тақтаның ұзындығы – 32 метр, биіктігі – 4,5 метр, олардың барлығы граниттен салынған. Ескерткіш «Қарқара-Ереуіл» қоғамдық қорының демеушілігімен жасалыпты. Оған 63 миллион теңге жұмсалған. Ескерткіштің авторлары – Қазақстан Республикасының Сәулетшілер одағының мүшесі, архитектура ғылымдарының кандидаты Жамбыл Кекілов пен «Сымбат» академиясының оқытушысы, мүсінші Бекен Қасетов. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай орнатылған мемориалды кешеннің ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев: «Бабаларымыздың есімін ардақтап, лайықты құрмет көрсету мақсатында Нарынқол, Қарқара жол айырығына бұл нысанның бой көтеруі тегін емес. Ол ел тарихынан ерекше орын алған елеулі оқиғаның белгісі іспетті. Авторлар ескерткіштегі тақырыптық барельефтерге қазақ тарихының бүгінгі тәуелсіз елге дейінгі сан саласын сыйғыза білген» деді.
Алматы облысында жалпы саны 2338 ескерткіш бар. Оның төртеуі бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген, сегізі республикалық маңызы бар, қалғаны жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстардың, өзара ынтымақтастықтың жарқын үлгісі ретінде Анкара қаласында Сүйінбай Аронұлының бюсті орнатылған. Халықтың санасына сәуле құятын, қандай да бір тұлғадан немесе оқиғадан хабар беретін, соны ұлықтайтын, оған құрметпен қарауға үйрететін, ұлттық һәм рухани тәрбие беретін құралдардың бірі – ескерткіштер, бюст, монументтер. Өткенді ойлау – өткенмен ойнаудан сақтандырады. Демек, тарихи сананы қалыптастыруда, ұлттық рухты жаңғыртуда олардың рөлі зор. Биылғы тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай орнатылған тарихтың тастағы жазуы жүректе қалады, санамызда қонақтайды. Ел-жұртымыз азаттықтың оңай келмегенін біледі, сезінеді, бағалайды. Тарихқа тағзым етеді. Тойға жиылған қауым монументті, тамашалап болғасын Ереуіл төбе ескерткішіне барып гүл шоқтарын қойып, Қарқара көтерілісінде елі үшін жан тапсырған бабалар рухына құран бағыштады. Артын ала ақындар арнау жырларын оқып, арқа-жарқа болысты. Той Қарқара жайлауында жалғасты.
Қарқара жайлауы. Ереуіл төбе. Ата-бабаларымыздың осыдан түп-тура жүз жыл бұрын ұрпақ үшін жан алысып, жан беріскен жері екен. Қазір мамыражай өмір кешкен халық. Шөбі шүйгін, жайқалып жатқан жасыл желек. Гүлдердің сан алуан түрі адамның көз жауын алады. Жұпар иісі жұмақтың бақшасы ма дерсіз. Атшаптырым алқапты айнала алты қанат ақ ордалар тігілген. Үйді-үйдің иелері толассыз сары қымызын сапырып қонағын күтісіп жатыр. Қыз-бозбала алтыбақан теуіп, ауыл ішін ағыл-тегіл ән мен жырға бөледі. Райымбек ауданының өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салып, көңілдің күйін шертісті.
Алтыбақанның сәнін келтірген Текес өнер мектебінің әншілері өлең-жырдан толассыз шашу шашып тұрды. Ал өз ісіне әбден машықтанған әжелер жағы текеметін тоқып, жүнін сабап, ұршығын иіріп, ауылдың алты ауызын айтысты. Сары кілемнің үстінде балалар күресіп жатты. Оны тамашалаған жұрттың да көңілі көтеріңкі, жайдары, жарқын қалпынан таймаған. Қара қайыс болған қыр балалары күрестің қызығына тоймай, сары кілемді айналып, малдас құрып, енді бірі етпеттеп жатып алған. Қаз-қатар тізілген ақ үйлерде есеп жоқ. Қай үйге кірсеңіз де өлең айтып, дыр-думанға толған тіршілікті көрер едіңіз. Біз Кегенге жеткенде күн құланиектеп таң да атқан. Аспан бозғылт, жаңбыр жауатын құсады. Бірақ той басталысымен Құдайдың құдіреті, күн шәйдай ашылып, жайқалған масатыдай жасыл кілем одан әрі жайнап кеткен еді. Одан әрі ажарланып кетті. Қарқара жайлауындағы той түске таман басталды. Ашық аспан астында құрылған сахна төрі жақсы мен жайсаңның басын қосты. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев сөз алып, тарихтан тағылым, ұлылықтан ұлағат алу үшін осындай тойлар өткізілетінін айтты.
Бақтияр Өнербаев,
Алматы облысы әкімінің орынбасары:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз тойларды тарихтан тағылым, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек», – деген еді. Тарихты өткеннің шер мен шежіресі, алдағы күндер мен болашақтың сабағы десек, қазақ халқы бүгінгі тәуелсіздік пен азаттыққа жету үшін Ұлы дала төсінде талай-талай ұрыстар салып, елге өнеге, ұрпаққа ұран болар тамаша ерліктер жасады. Елі мен жері үшін өз өмірлерін арпалыста өткізіп, сол жолда жанын қиған ерлердің ерлігін туған халқы ешқашан ұмытпақ емес. Өйткені, біз республикамызды «Мәңгілік ел» етуді мұрат еткен халықпыз. Дәл осы шақта батыр бабаларымыздың ерліктерін рухы мықты, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуде үлгі етуіміз керек.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен биылғы тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Райымбек ауданында мәдени нысандарға жөндеу жүргізілген. Ереуіл бастауыш мектебі ғимаратына және Кеген мәдениет үйі ғимаратына жөндеулер жүргізіліп, атшабар алаңына спорттық мұнара орнатылған. Ереуіл ауылының ауыз су жүйесі, ескерткіш, орталық көшелер ағымдағы жөндеуден өткізілген. Биылғы мерейлі датаға арналған мәдени-рухани шаралардың шымылдығы 15 шілде күні Райымбек ауданы Қарасаз ауылында облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауымен ашылған. Осыдан кейін Талдықорған қаласында облыстық қылқалам шеберлерінің байқау-көрмесі, республикалық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Осы шаралардың қорытындысы сияқты болған Қарқара жайлауындағы той ат спорт ойындарымен ерекшеленді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы ақын Жанарбек Әшімжан салиқалы баяндама жасады. Ақын патша жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісудағы ошағы – Қарқара көтерілісіне айрықша тоқталды.
Жанарбек Әшімжан,
ақын, журналист, публицист:
– Ресей патшалығының 1916 жылғы бірінші дүниежүзілік соғысты желеу етіп, әділетсіз шыққан, ретсіз жасаған әскери бағыттағы іс-қимылдарына қарсы көтеріліс Қазақстан мен Орталық Азияны түгелдей қамтыды. Сол бір шақтарда бұратана атанса да, басын бұғауға бермей болашақ ұрпақ үшін күреске шыққан өңір осы Жетісу аймағы. Табанымыз тиіп тұрған қасиетті Қарқара, ел пәтуаласқан Ереуіл, мың сан тарихтың куәсі болған Мыңжылқы, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістердің ең ірі ошағына айналды. Мұхаметжан Тынышбаев бір дерегінде Қарқара қасіретінде босқаны бар, қашқаны бар, ұзын саны 35 мың адамның құрбан болғанын келтірген екен. Бұл бабадан балаға аманат болып қалған әр тасы тұнған тарих, сүйем терісін, сүйегін берген, тізесін бүкпексіп құлаған баһадүр бабалар мекені. Киелі аспантаулар өңірі Хантәңірі етегі.
Тұрсынбай Сексенбаев,
ауыл тұрғыны:
– Қазақ халқы үшін бұл датаның тарихи маңызы зор. Қазақ елінің отаршылдыққа қарсы көтерілісінің ең үлкені осы болатын. Екі жүз жылдан астам езгіде жүрген халық қаншама көтерілістер жасады. 1916 жылғы июнь жарлығына қарсы болған бұқара халық наразылық көрсетті. Елдің ертеңін ойлаған азаматтары «берсек бала өледі, бермесек, шал өледі, бала өлгенше, шал өлсін» деп бұйрыққа мойынсұнбады. Мойынсұнбаған соң халықтың толқуына алып келді. Халықтың жерін тастап, елін тастап үркуі сол 1916 жылдан басталды. Сонда айтқан екен: «Албаным-ай, айғыр балуанымнан қалғаным-ай, қой сұрасам тай берген, қайран албан, күніңнің көк тиынға қалғанын-ай» деп осындағы жұрт жылаған екен. Бүгін еліміз тәуелсіз мемлекет болған кезде сол ел үшін, жер үшін жанын қиған адамдардың әруағына құран бағыштап, ас беріп, осындай жиын-той өткізіп жатуымыз ел бірлігінің арқасы деп ойлаймын.
Қарқара жайлауындағы думанды той ат спорт ойындарымен жалғасты. Әуелі, теңге ату, одан кейін көкпар тарту, қыз қуу, соңыра аламан бәйге жиналған жұрттың арқасын қоздырып, қиқуға қандырды. Екінтіге таяу уақытта аспан бозарып, жер қарайып, нөсер жаңбыр ұрды да кетті. Табиғаттың бұл сыйын тойшы қауымның қуанышына ортақтасқан сыңай танытқаны болар деп болжадық. Қарқараның жайлауын думанға бөлеп, дүркін-дүркін ата-баба есімі ұлықталған бұл күн олардың да әруағы бір аунап түскен шығар, бәлкім. Кеше бабалардың қаны төгілген, жан алысып, жан беріскен, сын сағатта көкірегіндегі жалындаған рухымен жауға қарсы тұрған, еңсемізді езгізбейміз, бодандыққа көнбейміз, ұлымның тұлымын, қызымның бұрымын жаттың табанына таптатқызбаймыз деген тұсында тұлпары тарп ұлған атайы ерлердің ары мен абыройы біздің санамызда, біздің жүрегімізде. Олар мәңгі жасамақ. Қарқара жайлауындағы ұлы думан, ұлылықты ұлықтаған салтанатты жиын осындай ойға жетеледі.
Шынаргүл ОҢАШБАЙ,
Суреттер: Автордікі
Қарқара-Кеген-Талдықорған