jasqazaq.kz

Президент: Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек

Бүгін, 12:22

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жариялаған
«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керек екенін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы: «Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік.
Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек.
Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.
Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс.
Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн.
Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет.
Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр.
Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек.
Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс.
Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.
Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.
Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ.
Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.
Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.
Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн».
«Халықтық құрылыс» әр аймақта осындай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар».

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

Бүгін, 13:47
Президент Жолдауындағы басты бағыттар қандай?
27 қазан, 18:46
Алматыда жастар мен Жетісу ауданының тұрғындары қалдықтарды сұрыптау бойынша экологиялық акцияға қатысты
27 қазан, 18:25
Ақмарал Ещанова: Экологиялық туризмді дамыту табиғатты қорғаумен қатар жүруі керек
27 қазан, 14:57
Жанұзақ Махамбетов: Басты міндет – қала тұрғындарына жылуды үздіксіз жеткізу
25 қазан, 17:35
Алматыда таулы аумақтарды тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өтті
21 қазан, 16:13
Руслан Айтанов: Экологиялық ахуалды жақсарту – басты басымдық
17 қазан, 15:29
Shymbulaqta Shyrshaly экологиялық жобасы аясында 560 түп Тянь-Шань шыршасы егілді
16 қазан, 21:11
Көкжайлау: Алматыдағы экологиялық туризмнің экономикалық әлеуеті
13 қазан, 12:25
Айдана Қасен: Қалдықтарды сұрыптау – экологиялық мәдениеттің маңызды бөлігі