
Мемлекет басшысы бүгін жариялаған
«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамытуға күш салу қажет екенін айтты:
«Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.
Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек.
Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет.
«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді.
Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз».
Президент NVIDIA компаниясының басшысы, жаңа толқындағы ірі кәсіпкер Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллект тәсілдерін енгізетін кез келді деген пікірін қолдайтынын айтты:
«Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек.
Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ.
Елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан үлкен аумақты алып жатқан жер алқаптары бар. Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді.
Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиімділігі әлі де төмен.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар.
Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек.
Сонымен қатар мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.
Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек».
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi