
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жариялаған
«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қала қарқынды дамыса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артатынын айтты.
Мемлекет басшысы:
«Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.
Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.
Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс.
Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.
Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.
Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», — деді.
Президент әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән берілетінін атап өтті: «Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.
Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты.
Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.
Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.
Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет».
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi