
Денсаулық сақтау министрлігі үшін негізгі ереже – дәрі-дәрмектерді алудың түсінікті және ыңғайлы тәртібін қамтамасыз ету.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ақысыз дәрілік заттарды алудың ыңғайлы және түсінікті тәртібін қамтамасыз ету, сондай-ақ препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды.
«Сондай-ақ дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін баса назарда ұстаған жөн. Емделушілер дәрі-дәрмектердің сапасына толықтай сенімді болуға тиіс. Кейбір препараттардың жағымсыз кері әсері туралы азаматтардың шағымдарын денсаулық сақтау министрлігі үнемі қадағалап отыруы керек»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қадағалау өкілеттіктері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтілетіні атап өтілді. Министрлік осы өкілеттіктерді жүзеге асыруға 100% дайындықты қамтамасыз етіп, заң бұзушылықтарды жедел анықтау үшін өнімді таңбалау жүйесін пайдалануы қажет.
«Ақысыз дәрімен қамтамасыз ету жүйесіне де ерекше назар аударыңыздар. Бұл, бірінші кезекте, үздіксіз ем қабылдауды қажет ететін созылмалы аурулары бар азаматтар үшін аса маңызды. Дәрілік заттарды алудың түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін қамтамасыз ету керек. Әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге тиіс. Сондай-ақ үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Бұл әсіресе, ұзақ уақыт немесе тұрақты емделуді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін маңызды. Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
JQ-Aqparat
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі