
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллектті қолдануға қатысты түсіндірме жариялады. Онда заманауи технологияны түрлі салада пайдалануға болатыны, алайда Құран Кәрімді жасанды интеллект арқылы тәпсірлеу мен аударуға жол берілмейтіні айтылған.
ҚМДБ түсіндірмесіне сәйкес, жасанды интеллект – заман талабына сай пайда болған технологиялық құрал. Оны дерек іздеу, аударма жасау және ақпаратты талдау секілді шариғатқа қайшы келмейтін бағыттарда қолдануға болады. Өйткені шариғатта бір нәрсені харам ететін нақты дәлел болмаса, ол мубах, яғни рұқсат етілген амал саналады.
Алайда Құран аяттарын түсіндіру – терең діни білім мен арнайы ғылыми әдістемені қажет ететін күрделі сала. Құранды дұрыс тәпсірлеу үшін араб тілін, аяттардың түсу себептерін, шариғи қағидалар мен тәпсір ғылымының талаптарын меңгеру қажет. Ал жасанды интеллект қолда бар мәліметтерді алгоритмдер арқылы өңдеп, жауап құрастырғанымен, діни мәтіндердің мәні мен мақсатын білікті ғалымдар деңгейінде түсіндіре алмайды.
Осыған байланысты ҚМДБ Құранның мағынасын білгісі келетін азаматтарға сенімді тәпсір кітаптары мен білімді ғалымдардың еңбектеріне жүгінуді ұсынады.
Фото: ЖИ