
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі күтіп алды.
Қазақстан Президентінің келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді.
Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлылық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына да айрықша назар аударылды.
Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi