
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы:
«Ұлық мерекеміз – Республика күні баршаңызға құтты болсын!
Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес.
Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп жатырмыз. Қазақстан осы мемлекет тарихының мерейлі межесіне қарқынды дамып келе жатқан, әлем қауымдастығының құрметіне ие болған ел ретінде жетіп отыр.
Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді. Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді.
Ұлттық қаржы жүйесі құрылды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді.
Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды.
Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық», — деді.
Президент біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісі қолға алынғанын айтып: «Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз.
Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға «Әділет» атауын бердік.
Біз тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беруіміз керек.
Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе», — деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы:
«Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік.
Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық.
Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық.
Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды.
Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституциямызға сәйкес басты құндылықтар деп танылды.
Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мызғымас қағидат ретінде бекітілді. Білім мен ғылымды, инновацияны, жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті деп көрсетілді.
Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды», — деді.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi