jasqazaq.kz

Инвестиция: Капитал тартудан технологиялық серіктестікке дейін

Бүгін, 14:39

Елдің инвестициялық саясаты қалай өзгеріп жатыр немесе Қазақстан неге «ақылды»  инвестицияларға басымдық береді?

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) ретінде шамамен 480 млрд АҚШ долларын тартып, өңірдегі ТШИ көлемі бойынша көшбасшылық орнын және сенімді инвестициялық серіктес мәртебесін сақтап келеді. Kapital.kz сайт жазғандай, 2030 жылға дейін ел экономикасына кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті қойылған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанда инвесторлармен жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралып, бұл өзгерістер 2025 жылдың соңында қабылданған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында бекітілді. Енді инвестициялық ұсыныстар өңірлердің қажеттіліктері мен нақты өндіріс салаларына деген сұраныс ескеріле отырып әзірленеді. Ал Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдейді.
Бұған дейін Үкімет Қазақстанда инвестиция тартудың кешенді жүйесі қалыптасып жатқанын бірнеше рет атап өтті. Бұл жүйе басым салаларды айқындауды, инвестициялық жобаларды жедел сүйемелдеуді және инвестициялық циклдың барлық кезеңінде инвесторлардың құқығын институционалдық тұрғыдан қорғауды қамтиды. Қазақстан қазір де тартылған капитал көлемі бойынша өңірдегі көшбасшы мемлекет. Сонымен қатар, бүгінде инвестиция тек қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен бірге технологиялар трансфертіне, жергілікті бизнесті дамытуға және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды құрал ретінде қарастырылады.
Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел алдында мүлде өзге міндет тұрды. Ол — экономикаға қажетті қаржы ресурстарын тарту. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін ел бұрынғы КСРО республикалары арасындағы шаруашылық байланыстардың үзілуі, өндірістің күрт құлдырауы, фабрикалар мен зауыттардың жабылуы, төлем дағдарысы және гиперинфляция салдарынан туындаған экономикалық дағдарысқа тап болды.
Мұндай жағдайда мемлекеттің экономиканы қолдауға жететін ішкі ресурсы болған жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа тәуелсіз елде қажетті капитал тапшы-тұғын. Өткір қаражат тапшылығы елді шетелден капитал тартуға мәжбүрледі. Сондықтан жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшу кезеңінде шетелдік инвестициБ тарту таңдау емес, уақыт талабынан туындаған өмірлік қажеттілік болды.
Ұлттық Банктің мәліметіне сәйкес, 1993 жылы Қазақстан экономикасына 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 2,3 млрд долларға жетті. Ал 2010 жылға қарай тартылған инвестиция көлемі 19 млрд АҚШ долларынан асты.
«1990-жылдары Қазақстанға мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, банк секторы, телекоммуникация және инфрақұрылым сияқты негізгі салалардың барлығында дерлік сыртқы капитал қажет болды. Бұл елде өзінің қаржы ресурсы, технология, басқару тәжірибесі және халықаралық нарықтардың сенімі жеткіліксіз болған нарықтық экономиканың қалыптасу кезеңі еді. Сондықтан ол кезде табыстың басты өлшемі — ірі инвестордың елге келуінің өзі болатын», – дейді қаржыгер, QazExpertClub сарапшысы Венера Жаналинa.
Оның айтуынша, мұндай модель өз нәтижесін берді. Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестицияларды ең көп тартушы елге айналып, қазір де осы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Шетелдік капитал ел экономикасының құрылымдық жаңғыруында маңызды рөл атқарды.
«Шетелдік инвестициялар ірі шикізат жобаларын іске қосуға, Қазақстанды жаһандық нарықтарға кіріктіруге, экспорттық кірісті қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ басқару, қаржыландыру, еңбек қауіпсіздігі және жобаларды басқару саласындағы халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік берді», – дейді Венера Жаналинa.
Сол кезеңдегі маңызды оқиғалардың бірі – 1993 жылғы сәуірде Теңіз кенішін игеру жөнінде Chevron корпорациясымен жасалған «Ғасыр келісімі» болды. Осыдан кейін Қазақстан нарығына әлемнің өзге де жетекші мұнай-газ компаниялары келе бастады. Ал мемлекет инвесторлармен жүйелі жұмысты жолға қойды. 1994 жылы «Шетелдік инвестициялар туралы» заң қабылданды. 1997 жылы оған өзгерістер енгізілді. Ал 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды.
Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Chevron компаниясы Қазақстанға келген кезде еліміз тәуелсіздігін енді ғана жариялаған еді. Осы уақыт аралығында қалыптасқан серіктестік салық түсімдері, табыс пен жұмыспен қамту арқылы экономиканың өсуіне ықпал етіп қана қоймай, жергілікті сараптамалық әлеуеттің, жеткізушілер желісінің және өндірістік құзыреттердің дамуына да серпін берді. Бүгінде Теңіз кен орны әлемдегі техникалық тұрғыдан ең күрделі мұнай кен орындарының бірі ғана емес, сонымен қатар озық инженерияның, кәсіби кадрлар даярлаудың және қазақстандық қамтуды дамытудың маңызды орталығына айналды. Сонымен қатар, Chevron өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және білім мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашып келеді.
«Chevron Қазақстанға ел тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай келді. Осы уақыт ішінде біз Қазақстан Республикасымен отыз жылдан астам табысты ынтымақтастық тарихын қалыптастырдық. Біз әлі де елдегі ең ірі жеке инвестор болып қала береміз. Инвестициялар мұнай-газ саласы мен энергетикаға салынған капиталмен ғана шектелмейді. Олар Үкіметпен тығыз ынтымақтастықты, берік серіктестікті дамыту, өнеркәсіптің өркендеуіне қолдау көрсету және технологиялық инновацияларды енгізуді қамтиды. Ең бастысы – бұл адамдарға салынған инвестиция. Яғни, энергетикалық жүйелерді жаңғырту мен оларды одан әрі дамыту үшін қажетті құзырет пен адами әлеуетті қалыптастыру», – дейді «Шеврон Еуразия» компаниясының президенті Дерек Магнесс.
Сондай-ақ, ,алдағы уақытта Қазақстанның жаһандық энергетикалық жүйеге қосатын үлесі бұдан да арта түсуі мүмкін.
Дерек Магнесс, сонымен қатар, «Әлемдік экономикаға адамзаттың ілгерілеуін қамтамасыз ететін қолжетімді, сенімді әрі экологиялық тұрғыдан барынша орнықты энергия қажет. Бұл – аса маңызды мәселе. Chevron Қазақстан Республикасымен серіктестікте, әсіресе Теңіз кен орнын дамыту аясында осы энергетикалық жүйенің маңызын және оның жаһандық дамуды қамтамасыз етудегі рөлін терең түсінеді», – деп атап өтті.
1990-жылдардың басында инвестиция тарту Қазақстанның бірқатар салада өңірлік көшбасшыға айналуына септігін тигізді. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап қалу үшін инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін жаңа талаптарға бейімдеу. Соңғы жылдары әлемдік өнеркәсіптің басты даму бағыттарының бірі цифрлық трансформацияға айналды. Компаниялар еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту және шығынды оңтайландыру мақсатында заманауи технологияларды кеңінен енгізуде. Осы тұрғыда Қазақстан халықаралық корпорациялардың тәжірибесі мен технологиялық шешімдерін игеруге және оларды кеңінен енгізуге мүдделі. Бұл өз кезегінде қазақстандық жеткізушілерден тауар мен қызметті сатып алу арқылы жергілікті бизнестің дамуына да серпін береді.
Қазақстандағы жаңа инвестициялық кезең экстенсивті даму моделінен неғұрлым проактивті тәсілге көшуді көздейді. Ол перспективалы бағыттарды айқындауды, дайын инвестициялық ұсыныстар әзірлеуді және «кілт тапсыру» қағидаты бойынша қажетті инфрақұрылым қалыптастыруды қамтиды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту, қаржылық құралдар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейту көзделген. Нәтижесінде инвестициялар жаңа өндірістердің ашылуына, технологиялық жаңғыртуға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етуі тиіс.
«Бүгінде басты назар технологияларға, өндірісті жергіліктендіруге, адами капиталға, еңбек өнімділігіне, экспорттық әлеуетке және өңірлік тиімділікке аударылып отыр. Қазіргі инвестор тек қаржы көзі ғана емес, саланы дамытудағы стратегиялық серіктес болуы тиіс. Одан тек зауыт салу немесе кен орнын игеру ғана емес, сонымен қатар жеткізушілер тізбегін қалыптастыру, жергілікті мамандарды даярлау, басқарушылық және технологиялық құзыреттерді беру, сабақтас салалар мен шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ету күтіледі», – дейді қаржыгер, QazExpertClub сарапшысы Венера Жаналинa.
Оның айтуынша, бұл Қазақстан үшін ерекше маңызды. Себебі тарихи тұрғыдан алғанда, шетелдік инвестициялардың басым бөлігі шикізат секторына бағытталды. Алайда ұзақ мерзімді перспективада цифрлық экономика, жаңа технологиялар және адами капиталдың рөлі барған сайын арта түседі.
Венера Жаналинаның пікірінше, бүгінде инвестициялардың сапасын арттыруға бағытталған оң өзгерістердің алғашқы белгілері байқалады. 2025 жылғы негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымында ең үлкен үлес өнеркәсіпке тиесілі, яғни, 39,8%. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі – 14,1%, өңдеу өнеркәсібінікі – 12,3%. Ал көлік және қоймалау саласына 17,8% бағытталған. Бұл инвестициялық белсенділіктің тек өндіруші сектормен шектелмейтінін көрсеткенімен, шикізаттық және инфрақұрылымдық бағыттардың әлі де маңызды орын алатынын аңғартады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның инвестициялық дамуының келесі кезеңі экономикалық модель эволюциясымен тікелей байланысты. Егер 1990-жылдары негізгі мақсат экономиканың базалық салаларын дамытуға серпін беріп, оны тұрақтандыру үшін капитал тарту болса, бүгінде басымдық инвестициялардың сапасы мен олардың ұзақ мерзімді тиімділігіне ойысты. Әңгіме енді тек қаржыландыру туралы ғана емес, сонымен қатар орнықты индустриялық және технологиялық негіз қалыптастыру туралы болып отыр.
«Инвестициялық жобалардың өңірлік тиімділігі кешенді түрде бағаланады. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, салық түсімдерінің артуы, инфрақұрылымның дамуы, өндірістерді жергіліктендіру, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу ескеріледі. Ірі инвестициялық жобалар өндіріс орындарының айналасында жеткізу тізбектері мен сервистік экожүйелерді қалыптастыру арқылы сабақтас салалардың дамуына ықпал етеді. 1990-жылдармен салыстырғанда Қазақстан әлемдік экономикаға интеграциялануын едәуір күшейтті. Ел негізінен шикізаттық модельден жаһандық өндірістік және көлік-логистикалық тізбектердің толыққанды қатысушысына айналып келеді. Қазіргі таңда инвесторларға қойылатын талаптар ESG қағидаттарын сақтау, экологиялық жауапкершілікті қамтамасыз ету, корпоративтік басқарудың ашықтығын ұстану және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеттерін де қамтиды», – делінген еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Kapital.kz тілшісінің сауалына берген жауабында.
Осылайша, Қазақстанның инвестициялық саясаты дәйекті түрде жаңа кезеңге қадам басып келеді. Атап айтқанда, аса қажетті ресурс ретінде капитал тартудан технологияларға, құзыреттерді дамытуға және орнықты өсімге негізделген стратегиялық серіктестік қалыптастыруға көшуде. Алдағы онжылдықта шетелдік инвестициялардың рөлі ең алдымен «жаңа экономиканы» – цифрландыруды, жаңғыртпалы энергетиканы және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталмақ. Бұл Қазақстанның инвесторлармен жұмыс істеудегі неғұрлым жетілген әрі проактивті ұстанымын айқын көрсетеді.

Талап Тілеген

Бүгін, 14:39
Инвестиция: Капитал тартудан технологиялық серіктестікке дейін
Бүгін, 13:51
Қандай жағдайда интернет-алаяқтыққа ұшырағандардың ақшасы қайтарылады?
28 маусым, 14:40
Алматыда БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды
27 маусым, 19:26
«Қымызмұрындық – 2026»: Қарқарада ұлттық рухты ұлықтаған ұлы думан өтті
26 маусым, 20:01
Алматы облысының БАҚ өкілдеріне пәтер кілті табысталды
26 маусым, 16:54
Қызылордада БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекеде баспаналы болды
26 маусым, 12:38
Мемлекеттік кеңесші: Президент реформаларының ең үлкен жемісі – қоғамдық санадағы сілкініс
25 маусым, 12:55
Нурпеис Акбаев: Развитие языка - общая ценность, объединяющая все этносы нашей страны
25 маусым, 12:51
Серикбай Пиримбеков: Расширение сферы применения государственного языка — системный и непрерывный процесс