
Қазан айында еліміздің бірнеше өңірінде күшті әсеор ететін препараттарды жеткізу арналары анықталып, оларды заңсыз өткізу схемаларының жолы кесілді, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Көкшетау, Щучинск қалалары мен «Бурабай» курорттық аймағында препараттарды жеткізу мен таратуды жолға қойған қылмыстық топ мүшелерін бір мезгілде ұстау операциясы жүргізілді. Барлығы 11 адам ұсталды. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер бар.
Тінту іс-шаралары кезінде «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысы және осыған ұқсас басқа да препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді. Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы анықталып, тәркіленді. Осындай іс-шаралар Қарағанды және Теміртау қалаларында да жүргізілді. Срның нәтижесінде жергілікті қылмыстық орта өкілдері кірген 10 адамнан тұратын топ ұсталды. Олардың Қарағанды облысының аумағында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды өткізуге қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналды. Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару анықталып, тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс:
«Мұндай қылмыстар қоғамға елеулі қауіп төндіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді. ІІМ осындай қылмыстарды анықтау және жолын кесу, заңсыз схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау және оларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады», — деді.
JQ-Aqparat
Сурет: polisia.kz