jasqazaq.kz

Ғылым мен тәжірибе ұштасқан жасыл бастама

Бүгін, 12:35

GREEN SCIENCE KZ жобасының алғашқы жылдық нәтижелері ғылыми ұсынымдарды өңірлердің нақты тәжірибесімен ұштастырудың тиімділігін көрсетті

Астанада ғылыми негізделген көгалдандыру мен ормандарды қалпына келтіру бағытындағы GREEN SCIENCE KZ жобасының бірінші жылдық нәтижелерін қорытындылаған республикалық конференция болып өтті. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіндегі басқосуға ғылым, мемлекеттік органдар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жоғары оқу орындары, кәсіби қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардың 90-нан астам өкілі қатысты.

Конференция барысында жобаның бір жыл ішінде атқарған жұмыстары сараланып, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өңірлердегі көгалдандыру және орман шаруашылығы мамандарына, муниципалитеттерге және жергілікті қауымдастықтарға нақты практикалық құрал ретінде ұсыну мәселелері талқыланды.

GREEN SCIENCE KZ жобасының негізгі ерекшеліктерінің бірі – ғылыми білімді тек зерттеу аясында қалдырмай, оны өңірлердің нақты қажеттіліктеріне бейімдеу. Жобаның алғашқы жылында Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми ұсынымдарын өңірлерге жеткізуге ерекше көңіл бөлінді.

Бұл ұсынымдар «Жасыл өсу контексіндегі Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы» мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыру барысында ботаник-сарапшылар жинақтаған деректерге негізделді. Бағдарлама аясында Институт мамандары бірнеше жыл бойы қалалық көгалдандыруда қолданылатын өсімдіктердің түрлік алуандығын кешенді зерттеп, далалық бақылаулар жүргізді.

Жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Институт Орал, Атырау, Ақтау және Ақтөбе қалаларына арналған каталогтардың 160 данасын басып шығарды. Басылымдарда аталған өңірлердің климаттық және топырақ жағдайлары, соның ішінде су тапшылығы мен топырақтың тұздануы ескеріліп, жасыл екпелерді құру мен оларға күтім жасауға қатысты ғылыми негізделген ұсынымдар берілген. Сонымен қатар қалаларды көгалдандыруда пайдалануға болатын өсімдіктердің ғылыми негізделген ассортименті ұсынылды.

Ғылыми ұсынымнан – нақты тәжірибеге

Жоба аясындағы маңызды жұмыстардың бірі Орал қаласында ұйымдастырылды. Мұнда мемлекеттік органдардың, көшетханалардың, жобалау және көгалдандыру ұйымдарының 40-тан астам маманы қатысқан семинар өтіп, ғылыми материалдар кеңінен таныстырылды.

Ғалымдар қаланы көгалдандыруда одан әрі қолдану үшін 94 таксонды, ал ассортиментке енгізу үшін тағы 95 таксонды ұсынды. Бұл ұсыныстар өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып жасалды.

Семинар қорытындысында Ботаника және фитоинтродукция институты мен «Орал ботаникалық бағы» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Конференция барысында «Орал ботаникалық бағы» ҚҚ директорының орынбасары Роза Өмірзақова да жоба аясында әзірленген материалдардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылған өсімдіктер ассортименті мен оларға күтім жасау жөніндегі ұсынымдар қамтылған каталогтар кейінгі жұмыс үшін қажетті бағдар мен нақты регламентке айналды.

Атырау қаласында да жоба аясында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мұнда 30-дан астам маман арнайы оқудан өтіп, ғалымдар қаланы көгалдандыруда қолдануға болатын өсімдіктердің 157 таксонын ұсынды.

Ботаника және фитоинтродукция институты мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ынтымақтастығы меморандуммен бекітілді. Университет проректоры Алмасбек Өтегенов  өз сөзінде көгалдандыру жұмыстары ғылыми негізделген ұсынымдардан басталуы қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Университет пен Ботаника және фитоинтродукция институтының 75 сотық аумақта Қазақстандағы өзін-өзі өтейтін алғашқы ғылыми-өндірістік АгроТех көшетханасын құру жөніндегі бірлескен жобасы туралы айтты.

«АгроТех пилоттық жобасы және “ақылды өнеркәсіптік көшетхана” құру – GREEN SCIENCE KZ жобасының қорытынды резолюциясын тікелей іске асыру», – деді Алмасбек Ұлықбекұлы таныстырылымының соңында.

Орманды қалпына келтіру – ортақ іске айналғанда

GREEN SCIENCE KZ жобасының тағы бір маңызды бағыты Ұлытау облысында жүзеге асырылды. Мұнда ғылыми ұсынымдарды тұрғындарды практикалық оқытумен ұштастыруға басымдық берілді.

Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында болашақта ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына пайдалануға болатын отырғызу материалын өсіруге арналған демонстрациялық алаң құрылды. Жоба аясында 40-тан астам жергілікті тұрғын көшет отырғызуға қатысып, тұқымдар мен ғалымдардың әдістемелік материалдарын алды.

Бұл бастама жергілікті тұрғындардың орманды қалпына келтіру жұмыстарына тікелей қатысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, отырғызу материалын жергілікті жерде өсірудің практикалық мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталды.

Конференция барысында қауымдастықтарды ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына тартудың халықаралық тәжірибесі де талқыланды. Осы мақсатта конференция аясында Азия орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) воркшопы ұйымдастырылды.

AFoCO Хатшылығының Даму мақсатындағы ынтымақтастық департаментінің директоры, доктор Seonghan Lee ауылдық көшетханаларды дамыту және қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қолдау жөніндегі халықаралық тәжірибені таныстырды.

Воркшоп барысында әртүрлі елдердің тәжірибесіне назар аударылды. Атап айтқанда, Лаоста ауыл тұрғындарының шарттық негізде көшет өсіріп, оларды отырғызуы және орманды қорғау жұмыстарына қатысуы, Корея Республикасында мемлекеттік сатып алу арқылы жергілікті өндірушілердің көшеттеріне тұрақты сұраныс қалыптастыру, сондай-ақ Моңғолияда тұрғындардың мемлекеттік көшетханалар базасында отырғызу материалын өсіріп, оны кейін жергілікті билік органдары мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуы мысал ретінде қарастырылды.

Бұл тәжірибелер ормандарды қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелі болуы үшін ғылыми тәсілмен қатар жергілікті тұрғындардың қатысуы, тұрақты қаржыландыру және отырғызу материалын өндіру жүйесінің маңызын көрсетті.

Жасыл жоба жалғасын таба бермек

Конференцияда GREEN SCIENCE KZ жобасының алдағы кезеңіне қатысты жоспарлар да айқындалды. Жоба 2027 жылы жалғасып, ұзақ мерзімді зерттеулердің нәтижелерін көгалдандырумен айналысатын ұйымдар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен жергілікті қауымдастықтар өкілдеріне арналған практикалық құралдарға айналдыру жұмыстары жалғаспақ.

Жобаның маңызын Chevron компаниясының әлеуметтік серіктестік жөніндегі аға кеңесшісі Лейла Айтмұханова атап өтті:

«GREEN SCIENCE KZ ғылыми білімді, өңірлердің тәжірибесін және жергілікті қауымдастықтардың қатысуын біріктіреді. Біз мұндай ынтымақтастықтың құндылығын көріп отырмыз және жобаны 2027 жылы жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай жұмыстың бір реттік семинар түрінде емес, жүйелі түрде жүргізілуі қажет екенін түсінеміз: байланыстарды нығайтып, білімді тереңдетіп, көгалдандыру және ормандарды қалпына келтіруге қатысатын барлық тараптың өзара іс-қимылының тұрақты моделін қалыптастыру маңызды», – деді Лейла Айтмұханова.

Жобаның бірінші жылдық нәтижесін қорытындылай келе, Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Ситпаева ғылыми білімді практикамен ұштастырудың маңыздылығына тоқталды.

«Ботаника және фитоинтродукция институтында Қазақстанның барлық өңіріндегі өсімдіктерді табиғи өсу ортасында зерттеу арқылы жинақталған ғылыми білімнің мол қоры бар. Сонымен қатар, ботаниктердің ғылыми жұмысының нәтижелері қалаларды көгалдандыратын және ормандарды қалпына келтіретін мамандар үшін құралға айналғанда ғана ол ең жоғары пайда әкеледі. Жобаның бірінші жылында біз өңірлердегі мамандарға нақты аумақтардың жағдайларын ескеретін ұсынымдарды жеткіздік. Енді олардың практикада қолданылу аясын кеңейту маңызды», – деді Гүлнара Ситпаева.

GREEN SCIENCE KZ жобасының алғашқы жылы ғылым мен өңірлік тәжірибенің өзара байланысын нығайтуға бағытталған нақты қадамдармен қорытындыланды. Орал, Атырау және Ұлытау облыстарындағы жұмыстар ғылыми ұсынымдардың жергілікті жағдайларға бейімделіп, мамандар мен тұрғындардың күнделікті тәжірибесіне енгізіле бастағанын көрсетті.

Ал жобаның 2027 жылы жалғасуы жинақталған тәжірибені кеңейтіп, ғылыми әзірлемелерді көгалдандыру мен ормандарды қалпына келтірудің тұрақты тәжірибесіне айналдыруға мүмкіндік бермек.

Абзал Ибрагим,

Астана

Бүгін, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
Бүгін, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді
29 қыркүйек, 15:58
Шымкентте бұқаралық спортқа басымдық берілуде
28 қыркүйек, 14:29
Шымкент: Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде
22 қыркүйек, 16:36
Зауыт құрылысында - отандық жабдық! (Видео)
17 қыркүйек, 21:00
Таңғы шық елімен тартымды уағдаластық
11 қыркүйек, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды
09 қыркүйек, 14:41
КЛАССИК
08 қыркүйек, 14:32
Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда