jasqazaq.kz

Дархан Сатыбалды: Алматының болашағы – бүгінгі таңдауымыздан жасалатын келешек

18 қыркүйек, 10:08

Алматыны өзгерту – тек жаңарту емес. Бұл – адамның өмірін өзгерту. Оның уақытын үнемдеу. Мүмкіндігін кеңейту. Арманын жақындату.Бұл — Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды «Болашаққа ұмтылған Алматы» мақаласындағы бір ғана түйін. «Алматы ақшамы» басылымында жарық көрген мақалада мегаполисті дамыту моделі, экономикалық қуатын арттыру, инфрақұрылымды жаңартуға қоса, ең бастысы, ондағы адам капиталы — тұрғындардың барынша қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау мәселелері жан-жақты сөз етіледі.

Шаһар басшысы: «Алматы бүгінде жаңа дәуірдің табалдырығында тұр» дей келе, басқа қалаларға үлгі болатын мегаполис ретінде алдында тұрған міндет те айқындала түсетінін атап көрсетті. Әкімнің пікірінше, инвестицияға жаңа мүмкіндік жасайтын, технология өндіретін, талантқа жол ашатын Алматы — басқарудың да, дамытудың да бұрынғы өлшемдеріне қайта қарауды талап етеді. Өйткені нағыз даму – қаланың көлемін емес, оның өмір сүру сапасын арттыру.
Алматының экономикалық қуаты, ғылыми әлеуеті, мәдени ықпалы, туристік тартымдылығы мен технологиялық мүмкіндігі тұтас Қазақстанның даму бағытына әсер етеді.Сондықтан бүгінде өзекті мәселелердің әрқайсысы бойынша нақты шешімдер іске асырылып жатыр. Міндет – проблеманы жүйелі түрде шешу.

Экономикасының көлемі 72 млрд долларға жуықтайтын Алматы – Қазақстанның ең қуатты экономикалық орталығы. Елімізге тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Бұл – жәй ғана статистика емес. Бұл – Алматыға деген халықаралық бизнестің сенімі. Қала еліміздегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндірсе, мемлекеттік бюджет кірісінің үштен бірі Алматының экономикалық белсенділігі есебінен қалыптасады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштің арта түсуіне мүмкіндік мол. Ол үшін инвестицияға қолайлы орта қалыптастыру, жаңа өндірістер мен жоғары технологиялық секторларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Дархан Сатыбалдының пікірінше, экономикалық қуаттың екінші қыры бар: «Қала байыған сайын оның алдындағы жауапкершілік те арта түседі. Өйткені, Алматының экономикалық өсімі оның көшелеріндегі қозғалыстан, тұрғын үй нарығынан, инженерлік желілерден, ауа сапасынан, қоғамдық кеңістіктерден, адамның күнделікті өмірінен көрінуі керек. Бұл жағынан алғанда, қаламыз әлемнің ірі мегаполистеріне ортақ күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Урбанизацияның қарқыны тұрғын үйге деген сұранысты арттырды. Көлік жүйесіне түсетін салмақ көбейді. Инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігіне қойылатын талап күшейді. Қала халқы өскен сайын мектепке, балабақшаға, медицинаға, қоғамдық көлікке, саябақ пен демалыс орындарына деген қажеттілік те арта түсті. Қала экономикасы инфрақұрылымынан жылдам өссе, оның игілігі тұрғынның өміріне толық жете қоймайды. Бұл – Алматы үшін ғана емес, әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан барлық мегаполиске ортақ сын. Қазір қалада қолға алынып жатқан жүйелі жобалардың негізгі мақсаты да осында.
Инфрақұрылымды жаңарту, көлік жүйесін жаңғырту, тұрғын үй мәселесін реттеу, инженерлік желілердің қуатын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту, қауіпсіздікті күшейту, осының бәрі экономикалық өсімнің сапасын арттыруға бағытталған».

Алматының Бас жоспарын іске асыру аясында Placemaking, яғни «Қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру» қағидатына негізделген кешенді даму тәсіліне басымдық берілуде. Бұл тәсілдің мәні — тұрғын үйді ғана емес, адам өмір сүретін ортаны тұтас жобалау. Жаңа аудан бой көтерсе, оның жанында кеңсе де, дүкен де, мектеп пен балабақша да, емхана мен саябақ та қатар қарастырылуы керек. Электр желілері, газ құбырлары мен өзге де коммуникациялардың жер астына орналасуы қаланың көркін ғана емес, инженерлік жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін де арттырады.

Алматы үшін судың да орны ерекше. Міндет – жауын-шашын мен қар суын да тиімді пайдаланып, оны қаланың экологиялық жүйесіне қайта қосу. Осы мақсатта «Қала-Сорғыш» тұжырымдамасы маңызды мүмкіндік береді. Алатау ауданындағы Бент көлдері аумағында келешекте жүзеге асырылатын пилоттық жоба осы тәсілдің алғашқы қадамдарының бірі болмақ. Сондай-ақ «Ақсай», «Нұрлы Тау» және «Барлық» су тарту нысандарын іске қосу, сондай-ақ Талғар жерасты су көзінен тартылатын магистральдық су құбырларын жаңғырту маңызды қадам болмақ.
Жылу жүйесі де осындай жаңаруды қажет етеді. Жылу желілерін кезең-кезеңімен ашық жүйеден жабық жүйеге көшіру энергияны тиімді пайдалануға, жылу шығынын азайтуға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Алматының денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме жоғары. Сондықтан 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысан салып, қолданыстағы 14 медициналық мекемені жаңғырту арқылы саланың инфрақұрылымын кеңейту және жаңарту жұмыстары жалғаса береді.
Сондай-ақ спорт инфрақұрылымның халыққа қолжетімді болуы және бұқаралық спорттың жүйелі дамуы – Алматының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі.
Дархан Сатыбалды: «Алматының болашағы – біздің бүгінгі таңдауымыздан жасалатын келешек. Сондықтан Алматыны өзгерту дегеніміз – тек қаланы жаңарту емес. Бұл – адамның өмірін өзгерту. Оның уақытын үнемдеу. Мүмкіндігін кеңейту. Арманын жақындату.

Бізге жәй ғана үлкен Алматы емес, мүмкіндігі зор Алматы керек. Бізге биік ғимараттар ғана емес, биік адами құндылықтар керек. Бұл – Алматының болашағына апарар ең тура жол. Осы мақсатқа жетуде барша алматылықтардың ауызбіршілігі мен өзара татулығы айрықша маңызды.

Алматы – Әділетті Қазақстанның қуатты, жасампаз әрі жауапты күші, заманауи қалалық ортаның үлгісі, өңірдегі жаңа мүмкіндіктердің орталығы», — дейді.

Jas Qazaq

Сурет: aqshamnews.kz

17 қыркүйек, 21:00
Таңғы шық елімен тартымды уағдаластық
11 қыркүйек, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды
09 қыркүйек, 14:41
КЛАССИК
08 қыркүйек, 14:32
Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда
07 қыркүйек, 16:47
Мауия Алданазарова: Шымкентте аға буынға белсенді өмір сүруге жаңа мүмкіндіктер жасалуда
02 қыркүйек, 14:04
Мұхит Кемелов: Цифрландыру – әр тұрғынның жайлылығы үшін жасалатын қадам
01 қыркүйек, 14:43
Ілияс Есжанов: Шымкентте «ақылды» электр желілері іске қосылады
27 тамыз, 13:57
Банк депозитінің сыйақысына салық салынбайды
26 тамыз, 14:32
Мемлекет басшысы: Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді