
Британиялық комик Саша Барон Коэн «Борат» фильмінің алғашқы бөлімі жарық көргеннен кейін Қазақстан тарапының наразылығы орынды болғанын мойындады.
Ол Happy Sad Confused подкастында осы жағдайды еске алып, бастапқыда Қазақстан елшілігінің шағымына ашулана жауап бергенін, алайда қазір айтылған сынның негізді екенін түсінгенін жеткізді.
«Мен Бораттың рөлін алғаш сомдай бастағанда, Қазақстан елшілігі орынды түрде наразылық білдірді. Ал мен бұған: “Бұған қалай дәттерің барады? Мен бәрін дұрыс істеп жүрмін ғой!” деп жауап бердім. Кешірім сұраймын», – деді Коэн.
Сондай-ақ ол қазақстандықтардан ренжімеуді өтініп, Қазақстан халқына деген құрметін білдірді.
«Мен сіздерге зор құрметпен қараймын», – деп атап өтті актер.
Коэннің айтуынша, Бораттың бейнесі Қазақстанды мазақ ету үшін емес, өзі бұрын-соңды білмеген ел туралы қисынсыз стереотиптерге сенетін адамдардың надандығын көрсету мақсатында жасалған.
«Шын мәнінде, мұның Қазақстанға ешқандай қатысы болған жоқ. Бар мәселе мен сөйлескен адамдардың надандығында еді. Олар бұрын-соңды естімеген елде осындай ақылға қонымсыз нәрселер болуы мүмкін дегенге сене салатын», – деп түсіндірді актер.
JQ-Aqparat
Фото: wikimedia