
Алматыда «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі басталды. Ол бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы (190, 218, 188, 340 және 274-баптар) бойынша қаралып жатыр.
Тергеушілердің пайымдауынша, Боқаев сыбайластарымен бірге ірі көлемдегі алаяқтық схемасын жүзеге асырған. Сондай-ақ ол осы жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінген. Атап айтқанда, заңсыз табыстың қайдан келгенін жасыру үшін қаражат түрлі қаржылық операциялар арқылы өткізілген.
Бұдан бөлек, тергеудің мәліметіне сәйкес, Боқаев гранит тақталарды ұрлау мен Баума тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесуге бастамашы болып, бұл әрекеттерді ұйымдастырған. Ол сыбайластарымен бірге аталған қылмыстарды бейнекамера алдында әдейі сахналап, кейін жалған бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялаған.
Еске сала кетейік, Санжар Боқаев 2026 жылдың наурыз айында Алматыда ұсталған болатын. «Нұр Отанның» бұрынғы идеологымен бірге оның жиені Мадияр Қалменов пен жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап беруде. Тергеу деректеріне сәйкес, Боқаев мемлекеттің қатысуы бар компанияларда қызмет атқарған кезеңде Қалменов қаражатты заңсыз шығаруға көмектескен. Ал Нүсіпқожа мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастыруға атсалысып, ағаштарды заңсыз кесу әрекетін қоса алғанда, алдын ала ұйымдастырылған осы қылмыстардың барлығын бейнекамераға түсірген.