
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының қолдауымен Достық үйінде ақын-жазушылардың фотокөрмесі өтті. Бұл көрме – ақын Асантемір Қаршығаұлының биылғы жылдың басынан бастап қолға алған шығармашылық жобасының алғашқы нәтижесі. Жобаның түпкі мақсаты – елордада тұратын ақын-жазушылардың фотошежіресін жасап, болашақта оны кітап етіп шығару. Бүгінгі фотокөрме – осы ауқымды жұмыстың алғашқы қадамы.

Көрмеде Астанада тұратын бірқатар қаламгерлердің фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында Қойшығара Салғараұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Mәди Айымбетов, Әбжан Әбілтай, Ғалым Жайлыбай, Қуаныш Жиенбай, Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан, Шархан Қазығұл, Әбубәкір Смайыл, Амангелді Кеңшілікұлы, Бауыржан Бабажанұлы және басқа да әдеби ортаға белгілі көптеген ақын-жазушылардың бейнесі бар.

Асантемір Қаршығаұлның айтуынша, бұл – бір күндік көрме емес, уақыт өте келе толықтырылып отыратын үлкен шығармашылық жобаның бастауы. Жиналған фотосуреттер алдағы уақытта жинақталып, кітап болып жарық көрмек. Автор болашақ
басылымды «Көздегі кітап» деп атауды жоспарлап отыр. Бұл жоба – Астанадағы әдеби ортаның бүгінгі тынысын, қаламгерлердің келбетін кейінгі ұрпаққа жеткізетін өзіндік фото-шежіре болмақ.
Мұхарбек Жәкейұлы