jasqazaq.kz

Америка. Сайлау

06 қараша 2020, 14:56

Төрткүл дүниенің көзі мұхиттың арғы жағында. Америка Құрама Штаттарында 59-шы рет өткен сайлаудың қорытындысын бәрі асыға күтуде. Әдетте қараша айындағы алғашқы сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні жеңімпаздың есімі жарияланатын. Қалыптасқан дәстүрмен үміткердің бірі дауыс берудің әділ өткенін, өзінің жеңілгенін мойындап, қарсыласын құттықтап тастайтын. Прогресшіл әлем демократия қағидаларының салтанат құрғанына тәнті болып жататын. Рас, бала Буш саяси додаға түскен 2000 жылы олай болған жоқ. Кезекті президенттің кім болатыны Жоғарғы сотта шешілді.

Ал биылғы сайлаудың жөн-жосығы бөлек. Дауыс бергелі үшінші күнге тақалса да, Ақ үйдің жаңа қожайыны кім болары әзірге беймәлім. Әр жолы таңдауы өзгеріп тұратын штаттар бар. Американдықтар оларды swing state деп атайды. Соңғы деректерге жүгінсек, міне, осы «әткеншек» өңірлерде сайлау қағазын санау тоқтатылған көрінеді. Оның үстіне, бұл жолы тұрғындар алдын ала пошта арқылы дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сол себепті, Аризона, Жоржия, Солтүстік Каролина, Висконсин және Пенсильвания секілді штаттардан жіберілген дауыстарды есептеп шығу үшін бірнеше тәулік қажет.

Бет қатталып жатқанда Америкадағы 50 штаттың 46-да жалпы алғанда нәтиже белгілі болып қалды. Сайлаушылар атынан президентті таңдайтын 538 уәкілдің 253-і демократтар өкілі Жозеф Байденді қолдады. Айта кеткен жөн, АҚШ-та сайлау жүйесі екі сатылы. Алдымен тұрғындар дауыс береді. Айталық, халқы ең көп Калифорнияда жеңімпаз атанған үміткер сол штаттағы 55 уәкілдің дауысына ие болады. Байден осы қарқыннан таймаса, өзін қолдайтын уәкілдер санын 270-ке жеткізетін сияқты. Нәтиже жарияланған соң екінші үміткердің шағымдануға хақысы бар. Ақ-қарасын анықтау бірнеше аптаға созылуы ықтимал. Қайткенде де, 2021 жылдың 20 қаңтарында АҚШ-тың 46-шы президенті ұлықтау рәсімін өткізуі тиіс.

Шағым демекші, Трамп Жоғарғы сотқа жүгінетінін мәлімдеді. «Біз сайлауда жеңіске жеттік. Енді тойлаймыз деп жатқанда бәрі астаң-кестең болды. Нәтиже бұрмаланып, біздің дауысымызды «ұрлап» жатыр. Дауыс санауды тоқтату үшін Жоғарғы сотқа шағымданамыз», – деді. Ол содан кейін «Мичигандағы бюллетеньдерді есептеу тоқтатылсын» деп сотқа арыз берді. Ақпарат құралдары осы штатта пошта арқылы дауыс берген 128 мың адамның барлығы Байденді қолдауы күдік тудырғанын алға тартады. Сондай-ақ Трамп қарсыласы өзінен озып кеткен Висконсин штатындағы дауысты қайта есептеуді талап етпекші.

Демократтар атынан саяси бәйгеге түскен 78 жастағы Байден де жеңіске жететініне сенімді.
Сөз жоқ, күллі әлем Америкадағы сайлаудың нәтижесін асыға күтеді. Бұдан бөлек, ендігі жерде «ғаламдық саясат пен экономиканың беталысы қалай болады, алпауыт мемлекеттер арасындағы текетірес қай бағытта өрбиді?» деген сауалдардың жауабы көкейкесті мәнге ие. Газетіміздің алдағы санында осы тақырыпқа кеңірек тоқталамыз.

Талап Тілеген

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде