
Алматының табиғи көрікті жерлеріне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 1,5 миллионнан астам адам барған. Қалада жалпы ұзындығы шамамен 350 шақырым тау туристік маршруттарын абаттандыру, Үлкен Алматы көліне апаратын бағытты дамыту көзделген. Экологиялық туризмді өркендету мен табиғи аумақтарды қорғау қалай үйлестіріледі? Алматының туристік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы сұрақтарға Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова Jas Qazaq тілшісіне жауап берді.
– Ақмарал Нұрашқызы, биыл Алматыда экологиялық туризмді дамыту бағытында қандай жобалар қолға алынды?
– Биыл Алматыда экологиялық туризмді дамытуға, таулы аумақтардың туристік инфрақұрылымын жетілдіруге және табиғи нысандардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.Атап айтқанда, жалпы ұзындығы шамамен 350 шақырым тау туристік маршруттарын абаттандыру, навигациялық көрсеткіштер мен ақпараттық стендтер орнату, демалыс аймақтары мен қауіпсіздік элементтерін орналастыру жобалары қарастырылған. Сонымен қатар Үлкен Алматы көліне апаратын ұзындығы 5,3 шақырым туристік маршрутты дамыту көзделген.
Бұл жобалардың негізгі мақсаты – туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау, табиғи аумақтарда ұйымдастырылған демалысты дамыту және Алматының экологиялық туризм әлеуетін арттыру. Туристік инфрақұрылымның жақсаруы келушілерге бағытты дұрыс таңдауға, табиғи нысандар туралы қажетті ақпарат алуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.
– Қаланың таулы және табиғи аумақтарына келушілер саны қаншалықты артты? Туристер арасында қандай бағыттар танымал?
– Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ұлттық паркке 1 539 713 адам келген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі 792 295 адаммен салыстырғанда 94,3 пайызға көп.Келушілер санының екі есеге жуық өсуі тұрғындар мен туристердің Алматының табиғи көрікті жерлері мен тау маршруттарына қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Туристер арасында Медеу мен Шымбұлақ аумақтары, Алма-Арасан, Кімасар және Бұтақты шатқалдары, сондай-ақ Үлкен Алматы көліне апаратын маршруттар сұранысқа ие. Бұл бағыттар табиғи ландшафтарымен ерекшеленіп, қала тұрғындары мен қонақтарына таулы аймақтардың сұлулығын тамашалауға мүмкіндік береді.Сонымен бірге келушілер санының артуы табиғи аумақтарға түсетін жүктемені де ескеруді қажет етеді. Сондықтан туристік бағыттарды дамыту кезінде қолжетімділікпен қатар қоршаған ортаны сақтау мен қауіпсіздік мәселелеріне назар аударылады.
– Туризмді дамыта отырып, табиғи аумақтарды қорғау үшін қандай талаптар ескеріледі?
– Табиғи аумақтардағы туристік инфрақұрылымды дамыту қоршаған ортаны сақтау, табиғат қорғау заңнамасының талаптарын орындау және экожүйелерге түсетін әсерді барынша азайту қағидаттарына негізделеді.Инфрақұрылымдық жобалар аясында қолданыстағы туристік маршруттарды абаттандыру, ақпараттық және ескерту белгілерін орнату, арнайы белгіленген демалыс орындарын жабдықтау көзделеді. Бұл ретте табиғи ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған шешімдерге басымдық беріледі.Туристік ағындарды дұрыс ұйымдастыруға және белгіленбеген орындарда шатырлы лагерьлердің орналасуына жол бермеуге ерекше назар аударылады. Өйткені табиғи аумақтарды ретсіз пайдалану қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан келушілердің экологиялық мәдениетін арттыру да маңызды бағыттардың бірі саналады.Экологиялық туризмнің мақсаты – табиғатты тек тамашалау емес, оны қорғау жауапкершілігін де қалыптастыру. Туристік инфрақұрылымды дамыту осы қағидатпен қатар жүруі керек.
– Табиғи аумақтарға түсетін туристік жүктеме қалай бақыланады? Келушілер санын есептейтін жүйелер қолданыла ма?
– Табиғи аумақтарға түсетін туристік жүктемені бағалау мақсатында Үлкен Алматы шыңында, Қ. Сәтбаев шыңында және Молодежный шыңында көтерілушілер санын автоматты түрде есептейтін құрылғылар орнатылған.Мұндай құрылғылар келушілер ағыны туралы мәлімет жинауға мүмкіндік береді. Бұл ақпарат табиғи аумақтарды пайдалану деңгейін бағалау және туристік бағыттарды ұйымдастыру кезінде маңызды.Туристік инфрақұрылым мен бақылау құралдарын қатар дамыту келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи ортаға түсетін қысымды азайтуға ықпал етеді. Әсіресе танымал бағыттарда туристердің қозғалысын реттеу, арнайы белгіленген жолдармен жүру және қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
– Алматының экологиялық туризмін дамытуда алдағы уақытта қандай басымдықтар болуы керек?
– Экологиялық туризмді дамытуда туристерге қолайлы жағдай жасау мен табиғи мұраны сақтау арасындағы тепе-теңдік негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Осы тұрғыда тау маршруттарын абаттандыру, ақпараттық және навигациялық белгілерді орнату, демалыс орындарын ретке келтіру және қауіпсіздік элементтерін жетілдіру маңызды.Сонымен қатар туристердің табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру қажет. Белгіленген маршруттармен жүру, қоқыс қалдырмау, табиғи нысандарды бүлдірмеу және ресми ескертулерді сақтау – әрбір келушінің міндеті.Алматының табиғи байлығы – қаланың маңызды туристік әлеуеті. Оны ұқыпты пайдаланып, келер ұрпаққа сақтау үшін инфрақұрылымдық даму, қауіпсіздік және экологиялық мәдениет өзара үйлесуі керек.
— Әңгімеңізге рахмет!