Айтылмаған әңгіме

24 желтоқсан 2021, 12:05

Жанболат Әлиханұлы Аупбаев 1951 жылы 24 желтоқсанда ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа уәлаятына қарасты Текес елді мекенінде өмірге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. 1974-1986 жылдары – «Лениншіл жас» республикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі болған. 1986-1991 жылдары – «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы, 1991-1996 жылдары – «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, 1996-1998 жылдары – «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1998-2003 жылдары – «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары. 2003-2016 жылдары осы газетте бас редактор болды. Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С.Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

Кезінде ҚазМУ-дің журналистика факультетінде арнайы дәріс оқып, талай шәкірт тәрбиелеген сөз зергері, ұстаз ағамыз биыл

70 жасқа келіп отыр. Jas qazaq газеті ардагер журналист Жанболат Аупбаевты мерейтойымен құттықтап, ағамыздың біз сияқты шәкірті, ҰҚК қызметкері, полковник Мұхтар Анарбектің ой-толғауын оқырман назарына үсынып отыр.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, біз мектепте оқып жүрген кезде атақ-даңқы дүрілдеп тұрған басылымның бірі – «Лениншіл жас» болатын. Оның әрбір нөмірінен елді елең еткізетін, көпке дейін әсері естен кетпейтін мақалалар оқитынымыз әлі күнге дейін есімізде. Сондай мақаланың бірі «Кешігіп жеткен даңқ» деп аталды. Басты кейіпкері соғыста үш рет «өліп-тірілген», Совет Одағының Батыры, Болгария Халық Республикасының құрметті азаматы Зиямат Құсанов еді. Мақала әсерлі басталады: «Қанша уақыт жатқанын білмейді. Білетіні – тастай қараңғылық тұмшалаған түн ішінде миы аузына түсердей боп шағып ауырып, ерні кеберси шөлдеп жатқаны. Одан арғысы есінде жоқ. Бұлдыр бір дүние… «Мен тірі екенмін ғой», – деді ішінен»…

Осы бір шағын үзіндіде сержант Құсановтың Курск маңындағы Прохоровка деревнясы үшін болған шайқаста «өліп-тірілгені» суреттеледі. Еліне, туған жеріне «қара қағаз» жөнелтілген кез болатын. Ал ол болса, жан алысып, жан беріскен шайқаста тірі қалып, тұтқынға түскен еді. Тұтқынның жағдайы қандай болатындығы белгілі емес пе?! Ал өзіне Совет Одағының Батыры атағы берілгендігін соғыстан кейін 28 жыл өткенде барып бір-ақ біледі. Қызық та, қиын тағдыр! Мақаланы аяғына дейін бір деммен оқығаным бар. Зиямат Құсановтың соғыс кезінде көрген қорлығын оқып, көзіме жас келді. Бір жағы кеудемді қуаныш кернеді. Нағыз батырларша ерлік көрсеткен азамат қазақ жерінен, оның ішінде өзіміздің Шымкент облысы Сайрам ауданынан екен.

«Шіркін, батырмен кездесу өткізсек, тамаша болар еді» деген бір ой да келген еді оқушы санасына. Ал аты аңызға айналған батырмен кездесіп, ол туралы көлемді мақала, мақала емес-ау, көркем әңгіме дайындаған журналистке қызыға қарағанымыз есімізде…

Жылжып жылдар өтті. 1985 жылы Шымкент облысы Алғабас ауданы Шаян селосындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы қаласына С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Қызығы мол студенттік жылдар басталып кетті. Мен түскен жылы студенттерді де Совет Армиясы қатарына алу басталды. Алғашқылардың бірі болып Белоруссия, Балтық жағалауы елдерінде екі жылдық әскери борышымызды өтеп қайттық. Аталған өңірлерде сұм соғыстың зардабы әлі де сезілетіндігін көзбен көрдік. Майдан даласындағы топырақпен көміліп қалған окоп іздері, орман ішіндегі орны ойылып жатқан блиндаждар соғыстың жаңғырығындай сезілетін. Журналист Жанболат Аупбаевтың соғыс тақырынбында жазған басқа да мақалалары еріксіз есіме оралды…

…Бір күні аудиторияға профессор Т.Амандосов басқаратын кафедраның ассистенті Гүлсім есімді қыз келіп, сенбі күні «Журналистік шеберлік» деп аталатын арнайы курс өткізілетіндігін, оны журналист Ж.Аупбаевтың жүргізетіндігін хабарлады.

– Қалмай келіңдер, ол кісінің лекциясы қызықты өтеді, – деді. Ассистенттің даусынан сырттан келетін лекторға деген құрмет сезілді. Жоғары курстың студенттері де Гүлсімнің сөзін растап жатты.

Сенбі күні аудиторияға келсек, шашы желкесіне түскен, қара мұртты ағайымыз бізден бұрын келіп отыр екен. Әдепкіде біз кешігіп қалдық па деп ойлағанбыз.

– Жоқ, кешіккен жоқсыңдар, мен ерте келдім, – деп қамқорси сөйлеген қоңыр даусын естіген соң жүрегіміз орнына түсті. Жанболат Аупбаевтың лекциясының ерекше екендігіне алғашқы күні-ақ көз жетті. Тек қана теорияға сүйеніп кетпейді, көбінесе практикалық мысалдарын жиі келтіріп отырады. Лекциясы сонысымен де қызықты. Хабарлама, мақала, сұхбат, очерктердің қалай жазылатындығы, қалай ізденсе, оның мазмұны байытылатындығы кеңінен сөз болды.

Тақырыпты қалай қою керек, сюжетті қалай табу керек және кейіпкердің психологиясын қалай меңгеру керек… бәрі де нақты мысалдармен айтылды. Теледидардағы репортаждардың, газет мақалаларының ішіндегі бір ғана «дәнді» тауып алып, соның негізінде кеңейтіп маңызды, әрі оқырманға қызықты мақаланы жазуға болатындығын да осы жолы үйрендік. Өмірі ерекше тұлғалардан сұхбат алу, өмірде сирек кездесетін құбылыстарды іздеп табу жағы да назардан тыс қалмады. Ұстаздың өзі де шын мәнінде дайындалып келетіндігі аңғарылды.
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл, – деп Абай айтқандай, Жәкеңнің лекциясының мақсаты болашақ журналистерге бағыт-бағдар көрсету сипатында өтетін. Санаға сәуле құятын. Ешкімге өзінің білгенін күштеп таңып жатпайтын, сессия кезінде барлық студентке сенім білдіріп, «зачет» қойып беретін. Әйтпесе, арнайы курс бойынша сырттан келетін кейбір журналист-лекторлардың оны-мұны нәрсені сөз етіп, сағатына қайта-қайта қарағыштап, уақытты «өлтіре алмай» жүретіндігін де көз көрді. Сондықтан журналистік тәжірибесі мол ұстазбен танысқанымызды іштей мақтаныш етсек, сонымен қатар осындай мүмкіндік тудырған сол кездегі деканатқа, профессорлық-оқытушылық қазіргі уақытта айтар алғысымыз шексіз.

Ұстазға деген сыйластық, құрмет ол кісінің шығармашылығын терең білуге жетеледі. Журналистік шеберлік туралы айтқанда Жанболат Аупбаевтың өзінің жазу стилінің ерекшелігіне де тоқталып өткен артық болмас. Оңтайлы теңеулері оқырманды тәнті ететіндігі сөзсіз. Мысалы, «Арада арбаның дөңгелегіндей айналып ай өтті» («Туған елдің түлегі») деген теңеу Жәкеңнің өзіне ғана тән дүние деуге болады. Қазақи, оқырманға түсінікті, ұғынықты, ауыл адамының жанына жақын, жылы теңеу екендігі сөзсіз. Жүректі шымыр еткізеді. Бауыржан Момышұлы туралы жазылған мақаланы байыта түскендей.

«Кешігіп жеткен даңқ» әңгімесіндегі «Олар келгенде бекіністің ұйпа-тұйпасы шыққан еді. Танк табанымен мыжғыланып, қанға иленген топырақтан ештеңені айыру мүмкін емес болатын» деген жолдарды оқығанда көз алдыңызға соғыстың бір эпизоды анық елестейді. Суретші болсам, осы бір ауыз сөздің мағынасымен-ақ картина салып шығуға болатындай. Немесе, «…фашист минометтерінің таң алагеуімнен бері басталған тық-тық «жөтелі» партизандар бекінген шаршыдағы жерді тулақтай түтті деуге болады» («Кешігіп жеткен даңқ») деген жолдарды оқығанда көз алдыңызға кинофильмнен көретін эпизодтар елестейді. Ұстаз журналистің осындай жазу стилі көптеген шәкірттеріне әсер етті. Бір ауыз сөзбен сурет салуды үйрендік. Еліктеп өстік.
Кейіпкердің ұзақ-сонар әңгімесін елекке салып, оқырманға тек мәйекті жерін ұсыну да Жәкең шығармашылығының бір ерекшелігі екендігі сөзсіз. Мысалы, «Туған елдің түлегі» мақаласындағы Бауыржан Момышұлының мынадай сөзін қайта-қайта оқи бергің келеді: «Мен сендерге көп ұрсатыным бар, – деді ардагер аға жөткірініп қойып, – оны орынсыз қыжырлыққа санамаңдар, қарақтарым… Өмірде жалтақ болмаңдар, біреудің аузына қарап, соның айтқанына көніп, айдауына жүруді ізеттілік осы екен деп жаңсақ түсінбеңдер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау – сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бірақ, тек сонымен шектеліп қалушылық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болуы керек. Әйтпесе, біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүру немесе «барып кел, алып келдің» адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншықтыққа, кіріптарлыққа, ұшыратады… Сондықтан батыл болыңдар, жүректеріңде жігер, көздеріңде от ойнап тұрсын. Понятно, тебе!». Батырдың осы сөзі мақаланың бүкіл міндетін атқарып тұрғандай.

Қолыма журналистік диплом тимей жатып-ақ, «Халық кеңесі» газетіне қызметке орналастым. Жанболат Аупбаев мұнда бас редактордың орынбасары екен. Парламенттік тілші ретінде ұшқыр жазуды, жазған кезде заңдардың, нормативті-құқықтық актілердің атауына мұқият болуды, депутаттар сөзінің мәйегін елеп алуды үйретті. Сол кезде бас редактор болған Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, бөлім меңгерушісі Самат Ыбырайымов, Талғат Сүйінбаев секілді алдыңғы буын аға журналистерден де көп нәрсе үйренуге болатындығын еске салып отыратын.

Жәкеңнің есте сақтау қабілеті туралы бір-екі ауыз сөз айта кеткен орынды. Әлдебір айтулы оқиғаның айы, күні, жылы туралы пікірталас туындағанда төрелік іздеп Жәкеңе баратынбыз. Ол нақты «датасын» айтады. Ешқашан қателеспейтіндігін сан рет дәлелдегеннен кейін бе, ешкім де ол кісімен таласып жатпайды. Телефонның арғы жағындағы дауыстың иесін де дәл табатындығы таңғалдырады. Сондықтан арада көп жылдар өтіп кетсе де, телефон соққанда өзіңді таныстырудың қажеті шамалы. Шаруаңды айтсаң, жетіп жатыр. Журналистер үшін бұл да таптырмайтын бір қасиет екендігі сөзсіз.

Жәкеңнің адамгершілік бейнесін де айта кеткен орынды. Қиналғанға қол ұшын беру ол кісінің бойындағы ерекше бір қасиеті. Жасаған көмегін ешқашан бұлдамайтындығы тағы бар. Тоқсаныншы жылдары анам қайтыс болып, Алматыдан Шымкент облысына баруға тура келді. Қызметке орналасқаныма бір жыл да толмаған кез. Өлместей көрінген Совет Одағы құлап, экономикалық байланыстар ажырап, халықтың «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып жатқан кезі. Редакцияға келіп, Жанболат ағаға телеграмманы көрсетіп, кешкі пойызбен елге кетіп бара жатқанымды айттым.

– Ешқайда кетіп қалма, күте тұр, – деген Жәкең шығып кетті. Ары күттім, бері күттім. Жәкең жоқ. Бір кезде қарасам, «редакцияның ішінде жүрген шығар» деп ойлаған Жәкең Парламент үйінен келе жатыр екен. «Мына кісі мені күттіріп қойғанын ұмытып кеткен екен ғой. Жоғарғы Кеңестің пресс-службасы шақыртып алған ғой» деп ойладым.

– Көп күтіп қалдың ба, мә, ал, – деп Жәкең бір уыс ақшаны қолыма ұстатты. Не аларымды, не алмасымды білмей қалдым.

– Ал, керек болады. Ауылдың жағдайының қалай болып жатқанын біліп отырмыз ғой. Осыны айтсаң, түсінбейтіндер бар, – деп, әлдекімге ренішін білдіріп, қалтасынан темекісін алып, ащы түтінді бұрқ-бұрқ еткізгені бүгінгідей көз алдымнан кетпейді. Жәкең берген қаржының «матпомошь» деп аталатындығын кейінірек, арада жылдар өткен соң білдім. Соны алу үшін ол кісінің Жоғарғы Кеңестің жертөлесінде отыратын «Халық кеңесінің» бухгалтериясына өзінің арнайы барып келгендігін жастарға, қиналып тұрған әріптес інісіне деген құрметі деп санаймын… Жәкеңнің мұндай жақсылықтарын басқа да әріптестері көптеп айтатындығы сөзсіз…

«Ақиқат» журналында да әкеңмен бірге қызметтес болудың сәті түсті. Журналистік қызметтің қыр-сырына терең қанықтым. Ауыз толтырып айтарлықтай мақалалар да жазылды. Біраз мақалаларым жинақтарға да енгізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің журналистика саласындағы стипендиясының иегері атандым. Сөйтіп жүргенде, 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінен адамдар келіп, мен туралы «рекомендация» сұрапты. Тайсақтап, мен туралы пікір айтудан бойын аулақ тартқандар да болыпты. Түсінем, КГБ сепкен қауіп-қатердің әлі де санадан арылмаған кезі. Кейіннен білдім, Жәкең және журналист Болат Бабақов сенім артуға болатындығын айтып, пікірлерін жазып беріпті. Соның арқасында тәуелсіз мемлекеттің бір іргелі мекемесіне қызметке орналасып, әлі күнге жұмыс істеп келемін. Осыдан 21 жыл бұрынғы сол оқиғаны ойласам: «Егер Жәкең, Бөкең сияқты азаматтар сол кезде батыр атамыз Бауыржанның батылдығын үлгі тұтып, маған сенім артып, «рекомендация» бермегенде мен бүгін қай жерде жүрген болар едім?» – деп ойланатыным бар.

Жанболат аға туралы мақаланы ол кісінің өз сөзімен аяқтағым келеді: «Өмір. Ол – үлкен жол. Үлкен, ұзақ бола тұра, оның бұралаңы да мол. Өмір жолы түзу сызықтан тұрмайды, Ол күрмеуі көп күрделі белестерге толы. Біздіңше, адам тағдыры дегеніміздің өзі де осы болса керек» («Кешігіп жеткен даңқ»).

Мұхтар АНАРБЕК,
ҰҚК қызметкері, полковник,
Нұр-Сұлтан

Бүгін, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз