jasqazaq.kz

Әйелдер араққа тәуелді болып қалғанын мойындамайды

Бүгін, 13:50

(Мақала кейіпкерінің аты-жөні өзгертілген)

Қазір тамақты бірге ішеді, шерін тарқатып, кейде ән шырқайды, тіпті далада түнеп жүр. Олардың мұңы , түйіткілі ортақ. Үйден безіп, көше кезуге итермелеген және ащы суды ішуге мәжбүрлеген, ит секілді қаңғытып жіберген жақындарына ренжиді. Бірін-бірі жұбатады. Кез-келген қиындықты көңілді көңіл-күймен қарсы алу керек деген топтың өкілдерінің серті де Айгүлге ұнайды . Ешқайсысы жұмыс істемейді. Олар көше кезіп, үйсіз-күйсіз жүргеніне туыстарын, әйелін кінәлі деп есептейді.

Айгүл бүгін таңертең басын төсектен әрең көтерді.

Бүкіл денесін біреу соққылап тастағандай , шақшадай басы шарадай болып, мең-зең күйден арыла алмай ұзақ отырды. Ұрыс, жанжалдан қашып, үйден безген Айгүл шынайы жанашыр бола білген адал достардың жолыққанына іштей шексіз риза еді. Себебі, үйінде туыстары аяушылық танытудың орнына, мұның «ішіп келгенін» бетіне басып, ақыл айтып, жүрегін тілім-тілім тілген. Содан болар, қазір күйеуін де көргісі келмей, біржола көңілі суып кеткен.

Үш баласы есіне түскенде жылайды. Он алты жыл өмір сүрген жып-жылы, жарық шаңырағына әлі ораламын деп келіншек өзіне ант берді. Мамырдан бері қаңғыбастардың жанында түнеп жүргенін ойлағысы келмеді. «Мен үйге оралуға дайын емеспін» деп, келеңсіз жәйттер есіне түсіп, ойын алай-түлей қылып, өзегін өртеп бара жатты. Ол ащы суды жұтып алды. Кешегі отырыстан қалған шөлмек еді.
Көпір астында ескі көрпені жамылып Айгүл өз ойымен алысты. Ол өкпе, реніштің дауасы арақ деп ойлайды. Дегенмен бет-аузы ісіп , қабақтары көгеріп, көзінің жанары көрінбей қалған, кейде жығылған жерде ұйықтап қалатын серігі Сәуле секілді «маскүнем емеспін» деп ақтап алады.

Кейіпкердің есімі өзгертілген. Оны араққа тәуелділіктен емдеуге бекінген балалары , туыстары іздеп, бекет маңын шарлады. Іздеп таппады. Айгүлге ұлы мен әпкесінің іздеп келгенін достары жедел жеткізген. Оның жасырынып жүргенін туыстары білген жоқ.

«Науқастың маскүнемдіктің бар-жоғын мойындамауы сол дерттің бір белгісі болып табылады. Адамның ауруды, оның белгілерін мойындамауы және теріске шығаруы медицина мен психологияда анозогнозия деп аталады» дейді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметінің №2 наркологиялық әйелдер бөлім меңгерушісі Данияр Сүйінбеков. Оның айтуынша «адам бойында араққа тәуелді болу бірден байқалмайды. Астыртын жүретін үрдіс. Алдымен санасын , сосын ағзасына зиян спирттік өнімдерге үйір науқастар «кішкене ғана ішемін және кез-келген уақытта одан бас тартамын» деп ойлайды.

Данияр Сүйінбеков 20 жылдан астам осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби нарколог дәрігер. ​Ел арасында « қыз-келіншектер маскүнемдіктен ешқашан емделмейді» деген пікірді жиі естиміз. Осыған қатысты маманның пікірін сұрадық.

  • Әйелдер алкогольге тәуелділіктен емделмейді деген қате пікір. Әр дерттің емі бар. Қыз-келіншектер кеселден емделеді. Тек науқасқа туысқандары барынша қолдау көрсетіп, дәрігердің барлық ұсыныстарын орындау керек,- дейді орталықтың бөлім меңгерушісі .

Ең сорақысы , бұл дерт жас талғамайды. Орталыққа шипа іздеп келген емделушілердің арасында 18 жастағы өрімдей бойжеткендер де, аппақ самайын әжім торлаған 80 жасты еңсерген қариялар да бар. Аппақ, жарық палатада бірі кітап оқып, бірі әңгіме айтып шүйіркелескен арулар мен аналар бір шаңырақтың шамшырағы, әртүрлі мамандық иелері.

  • Дүниежүзінің ғылыми деректеріне сүйенсек, осыдан 20-30 жыл бұрын араққа тәуелді әйелдер мен еркектер туралы статистикалық көрсеткіштердің арасы өте алшақ болған. Егер емделушілердің оны ер кісі болса, соның біреуі әйел еді. Қазіргі таңда 5 емделушінің 1 нәзік жанды . Қоғамда әйелдің жағымсыз әдетке үйір болуы сынға ұшырайды. Соның салдарынан олар ауруын ұзақ уақыт бойы жасырады, кейбірі мойындамайды. Өкінішке қарай , көбінесе дертін асқындырып алады. Кез-келген тұрғын біздің орталықтың көмегіне жүгініп, тегін емделуге құқылы. Қыз-келіншектер буллингке ұшырамау үшін дер кезінде маманға барып, неғұрлым емді ерте бастаса, соғұрлым тезірек сауығып кетеді, -дейді Данияр Сүйінбеков.

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісінің айтуынша Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында қазіргі таңда үш әйел соттың шешімімен мәжбүрлі түрде емделіп жатыр.

Мәжбүрлі түрде емделу — егер пациент қасақана медициналық көмектен бас тартқанда оның туыстарының өтінішімен , полиция өкілінің арызы және медициналық қорытынды нәтижесіне сүйеніп, сот мәжбүрлі түрде емдеу туралы шешім шығарады. Нәтижесінде науқас үш айдан және екі жылға дейін орталықта емделеді.
Қазіргі таңда Алматы қаласында маскүнемдік дертімен алысқан 800-ге жуық әйел динамикалық бақылауда тұр. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше елімізде ресми түрде алкогольге құмар 90 мыңдай тұрғын динамикалық бақылауда. Олардың 15 мыңға тарта қыз-келіншек наркологиялық есепте тұрады . Бұл ресми статистикалық көрсеткіш. Ал Айгүл секілді базар, бекет маңында қаңғып жүрген немесе жекеменшік ауруханалардан емделген нәзік жандылар бұл тізімде жоқ.

Жазира Бегалы,
журналист

11 қыркүйек, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды
09 қыркүйек, 14:41
КЛАССИК
08 қыркүйек, 14:32
Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда
07 қыркүйек, 16:47
Мауия Алданазарова: Шымкентте аға буынға белсенді өмір сүруге жаңа мүмкіндіктер жасалуда
02 қыркүйек, 14:04
Мұхит Кемелов: Цифрландыру – әр тұрғынның жайлылығы үшін жасалатын қадам
01 қыркүйек, 14:43
Ілияс Есжанов: Шымкентте «ақылды» электр желілері іске қосылады
27 тамыз, 13:57
Банк депозитінің сыйақысына салық салынбайды
26 тамыз, 14:32
Мемлекет басшысы: Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді
26 тамыз, 13:38
Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды