
Қазіргі қоғамда «жастар кітап оқымайды, бәрі телефонға кіріп кеткен» деген пікір жиі айтылады. Алайда мұндай көзқарас өткен ғасырдың таразысымен қазіргі заманды өлшеуден туындайды деп ойлаймын. Шынына келсек, кітап оқу жойылып бара жатқан жоқ, керісінше ол жаңа пішінге еніп, өзгеше сипат алуда. Мен өз тәжірибемнен де, айналамдағы құрдастарымның мысалынан да мұны анық байқаймын.
Қазір мен Азамат С. авторының «Мен және Сен» атты кітабын оқып жатырмын, одан бұрын Жолдыбайұлы Қ. қаламынан туған «Кемел Адам» кітабын оқып бітірдім. Бұл екі кітапты да қазақ тілінде оқуды саналы түрде таңдадым, өйткені бөгде тілде жазылған туындыдан гөрі ана тілімде жазылған мәтін жанға жақынырақ жетеді, автордың ойы мен көзқарасы қазақ оқырманының болмысына, психологиясына сәйкес құрылған. «Кемел Адам» кітабы адамның өзін-өзі тануы, жеке дамуы жайлы толғандырса, «Мен және Сен» психология, әдет қалыптастыру және өзін-өзі дамыту тақырыптарын қазіргі жастың тілімен әңгімелейді. Осы кітапты оқи отырып, мен өзімнің күнделікті әдеттерімді қалай қалыптастыратынымды, оларды өзгертудің қандай жолдары бар екенін ойша сараптап, кітаптағы ұсыныстарды өз өмірімде қолданып көруге тырысамын.
Айналамдағы курстастарым мен достарымның да кітапқа деген қатынасы әртүрлі, бірақ бәрінің түбінде бір нәрсе жатыр–қызығушылық сөнген жоқ, тек оны көрсету тәсілі өзгерді. Кейбір достарым қағаз кітапты қолына алудан гөрі YouTube-тағы аудиокітап арналарын тыңдауды жөн санайды: автобуста бара жатқанда, спортзалда жаттығу кезінде немесе үй шаруасын істеп жүріп құлаққапты құлағына тағып, кітапты тыңдап «оқиды». Мұндай арналарда белгілі шығармалар толық дауыстап оқылып қойылатындықтан, кітапты қолға алуға уақыты жетпейтін жастар үшін өте ыңғайлы балама болып отыр. Яғни, көбіміз ойлайтындай, технология кітап оқуды тежеп тұрған жау емес–керісінше, ол кітапты жаңа форматта жеткізіп, оқырманға қолжетімді ете түсті.
Бос уақытымда таңдау жасар кезде мен көбіне кітапты артық көремін, себебі ол маған күн бойы басымдағы шашыраңқы ойларды ретке келтіруге, ішкі тыныштық табуға көмектеседі. Мысалы, «Мен және Сен» кітабын оқып отырып, автордың пайдалы әдеттерді қалыптастыру, өзін-өзі бақылау және жеке даму туралы айтқан пікірлерін өз өміріме қатыстырып қараймын–бұл кітапты жай ақпарат көзі емес, өзіммен диалогқа түсетін серігіме айналдырады.
Қорыта айтқанда, кітап оқу мәдениеті жоғалып бара жатқан құндылық емес, ол цифрлық дәуірдің талабына сай жаңа өмір тауып отыр. Электронды кітап, аудиокітап, YouTube-тағы оқу арналары–бұлардың бәрі кітапты жастарға жақындатып, оны күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырды. Сондықтан технология кітап мәдениетіне қауіп төндіреді деудің орнына, оны жаңа арнаға бұрып, жаңғыртып жіберді деген дұрысырақ болар.
Ысқали Арыс
2 курс студенті, ББ «Журналистика»