Жұма күні жұртшылық Алматы қаласындағы Орталық мешітке қарай ағылады. Сол күні мешіттің айналасы алақан жайған кәрі-құртаң мен мүсәпір-міскінге толады. Арасында бала ерткен келіншектер де жүреді. Көбінің бет-әлпетіне қарасаң, қайыршы деуге келмейді. Мына бір үлбіреген жас келіншек те баласын көтеріп, әркімге бір жәутеңдеп тұр.
«Бүгін жұма болған соң қаптаған ғой» деп өзімді жұбатқандай болдым. Егер шын мұқтаж болса, басқа күні де тұруы керек қой деп ертесі мешіт маңына қайта бардым. Ондағы ойым – әлгі аналармен тілдесу, халін сұрау. Мешіт жанында бір-екі қария ғана көзге көрінді. Пушкин көшесімен жоғары көтеріле бергенде үш баласымен отырған келіншекке көзім түсті. Жанына жақындағаным сол, «Ас-ауқатқа көмектесе аласың ба?» деді қиылып. Әңгімеге тартып көріп едім, іші толып қалған-ау, келіншек бірден көз жасына ерік берді.
Әлия Жетісайдың тумасы екен. Жасы 45-те. Алатау ауданына қарасты Әйгерім ықшамауданында пәтер жалдап тұрады. Бес баласымен пәтер жағалап жүргеніне екі жыл болыпты. Балаларына берілетін жәрдемақы күнделікті тамағы мен пәтерақысына әрең жетеді. Жұмыс істейін десе, екі баласы кішкентай, күнделікті тамағы мен керек-жарағын табу үшін көшеде қайыр сұрауға мәжбүр.
– Әлия, бес баламен неге Алматыда жүрсіз? Балалардың әкесі қайда? Күн болса суытып келе жатыр. Үш бала жаныңызда, қалғандары қайда? – деп сұрақты төпелетіп жатырмын.
– Ой, сіңілім! Несін жасырайын, күйеуімнен қашып осында келдік. Елуге тақағанда осылай қашып-пысып жүремін деп кім ойлаған. Менің өмірім туралы кино түсіруге болады, – деп жымиды.
«Бірінші күйеуіммен он жылдай отастық. Одан бір ұл, бір қызым бар. Бір-екі жылда есейеді екеуі. Екінші рет тұрмысқа шықтым. Дүниеге үш бала келді. Ұлым бесте, ал мына егіз қыздарым үшке келеді. Күйеуім қызғаншақ, ащы судан ұрттайтыны бар. Екі жыл бұрын балаларымның көзінше өлімші етіп сабап, көршілер әрең алып қалды. Арыз жазып, сотқа бердім. Үш жылға сотталды. Қазір түрмеде отыр. Ауылдағылар екіге жарылып бірі мені қолдаса, бірі күйеуімді қолдап, көшеде басымды тік көтеріп жүре алмайтын болдым. Ата-енем де мені кінәлап, жұртқа жамандап болды. Тіпті немерелеріне де тіл тигізді. Содан бір күнде балаларымды алдым да, Алматыға тайып тұрдым. Марқұм бірінші күйеуім жуас болатын. Ауылдағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. Мен де сатушы болып жұмыс істеп жүрдім. Екі баламыз өмірге келді. Ауылда ел қатарлы тату-тәтті өмір сүріп жаттық. Жолдасым мектептегі оқушыларды Шымкентте өтетін республикалық олимпиадаға апара жатып, жол апатынан мерт болды. Бірнеше жыл күйзеліске түсіп, есімді әрең жидым. Екі баламды өсіруге барымды салып жұмыс істеп жүрдім. Дүкенде жұмыс істейтіндіктен, ауыл адамдарымен жақын араласасың, сырыңды бөлісесің. Бір күні құрбым: «Көрші ауылда әйелі қайтыс болған бір кісі бар. Танысып көр, тіршілігі бар», – қайта-қайта айтып, мазамды алды. Балаларым есейіп қалған, қалай болар екен деп уайымдап жүрдім. Қазіргі күйеуім Мұрат дүкенге келгіштеп, ішкі сырын айтып, балаларыма әке боламын деп ақыры өзіне қаратты. Туыстардың рұқсатын алып отау құрдық. Алдымен ұлым, араға екі жыл салып егіз қызым өмірге келді. Бізге қорған боламын деп уәде берген күйеуім ішімдік ішіп алса, «концерт» қоятынды шығарды. Баламен үйде отырғаннан кейін тапқанын жеп, бергенін жаратып, тыныштық үшін шыдап жүрдім. Менімен қоймай, үлкен ұлым мен қызыма да қол көтеретінді шығарды. Жұмыстан көңіл-күйі бұзылып келсе, тыныштық жоқ. Балаларды бір-бірінен бөліп, үлкендерімді «тірі жетімсіңдер», «арамтамақсыңдар» деп қаралайтынды шығарды. Күнде айқай-шу. Егіздер кішкентай, қырқынан енді шыққан. «Неге тамақ дайын емес» деп тепкінің астына алды. Үлкен ұлым араша түсіп еді, оны да оңдырмады. Қызым көршілерді шақырып, әрең арашалап алды. Көрші әйел полицияға да хабар берген екен, олар да бірден келіп жолдасымды қамауға алды. Ауруханада екі аптадай емделіп, әрең жазылдым. Екі қабырғам сынып кетіпті. Әлі де қозғалсам ауырады. Арыз жаздым. Көршілер де оған қарсы түсініктеме берді. Кешірім бермедім. Балаларым үшін де кешіргім келмеді. Оның тепкісіне шыдап жүре алмаймын. Ендігі өмірімді бес балама арнағым келеді».
– Әлия, қанша жәрдемақы аласыз? Күнделікті азық-түлікке қанша жұмсайсыз?
– Тұрақты жұмыс істегім-ақ келеді. Балаларға 60 мың аламын. Ұлым техникалық колледжге түсті. Қызым биыл оныншы сыныпта. Әйгерімдегі мектепке барып жүр. Бір бөлмелі жатақханада тұрамыз, ішінде суық суы бар. Жылуы газбен. Оған да шүкір. Бес баламен көп жерге алмайды екен. Ал мына кісілер құдайға қараған жандар, жаны ашып бізді кіргізді. Тек уәде бойынша пәтерақыны кешіктірмесек болды. Қазір осылай көше кезуге мәжбүрмін. Бәрі қымбат. Жақында пәтер иесі тұрақты тіркеуге қойып беремін деді. Тіркеу жағын реттесем, Алатау ауданының әкімдігіне барып көмек сұрай аламын. Анау жолдың арғы жағында баламен тұрған келіншек – көршім. Оның да бағы ашылмай қалған. «Қазір қайырымды жандар көп, мешіттің жанынан біреу болмаса біреу көмектеседі» деген соң шығып жүрмін. Үлкен ұлым мен қызым намысшыл, менің бұл жаққа келгенімді білмейді. Өтінем, суретке түсірмей-ақ қойшы. Ертең таныс біреулер көріп қалып жаман ойлап жүрер. Өзіме де ұнамайды бүйтіп жүрген, балаларымды балабақшаға беріп, жұмыс істеймін. Бұл да уақытша», – деді.
Әлия әңгіме барысында әйел адамның төзімділігі, қайсарлығы кейбір ер адамдардың түсінігінің аздығы жайлы ойын да айтып қалды.
«Негізі ер адам, әйел адам деп бөлмеймін. Меніңше, әр адамның өзінің түсінігі, танымы болады. Марқұм алғашқы күйеуіммен бір мектепте оқыдық, бір ауылда өстік. Бір рет те де қол көтермеп еді. Бәлкім, оқыған-тоқыған болған соң, түсінігі де басқа болған шығар. Ал мына Мұратты мен түсіне алмадым. Ол мен туралы, менің балаларым туралы білді емес пе. Мен оны өзіме күштеп үйлендірген жоқпын. «Таяқтың талайын көрдік» деп ақыл айтқан келіншектер болды. Бірақ та отасқан үш жылдың ішінде оның тепкісіне қалай шыдағанымды білмеймін. Қазір Алматыдағы қашып жүрген күндерім, оның қасындағы бір күннен он есе артық. Әйел адамның бағы ашылмаса, қиын. Қазір бес балам үшін барымды салып жүрмін. Алақан жайғаныма өзім де намыстанып тұрмын. Өткенде бір келіншек балаларыма жаңа киім-кешек алып келіпті. Одан бөлек, ақшалай көмектесетіндер де бар. Көбіне, қазақтар көмек қолын созуға асығып тұрады», – деген Әлияның көзінен моншақ-моншақ жас үзіліп түсті.
Тағдыр-ай десеңші…
Мақпал Ноғайбаева