Философия ғылымдарының докторы, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаға қатысты өз ой-пікірін білдірді.
Біз қандай қате жіберіп алдық?
Ақтөбе жерінде тағы да қан төгілді. Ел үрейленіп, Ақтөбе халқы абыржып қалды. Бұл бірінші рет болып тұрған қантөгіс емес. Осындай жағдайға жетерліктей бізге, ақтөбеліктерге не көрінді? Неге біз бұл жайттың алдын ала алмадық? Бұл сұрақтар әркімнің көкейінде бар шығар. Рас, жауыздық жазасын алып жатыр. Жауыздар жер жастанды. Бір жағынан жеңдік, лаңкестердің бетін қайтардық деп тоқмейілсуге де болар. Екінші жағынан көңіл әлі де болса терең толқуда. Осы оқиға тағы да қайталанбасын деп 2011 жылы Шұбарши оқиғасынан кейін айтқанбыз. Бірақ оқиға қайталанды. Қандай қате жібердік? Не істедік? Не себепті бұл оқиға қайталанды? Әлде 2011 жылғы оқиғадан сабақ ала алмадық па? Бұл сұрақ та әрқайсымыздың көкейімізде. Ғылымда терроризмнің адаммен бірге жаратылғаны айтылады. Ежелгі тарихшылардың бірі Фукидид: «Сильные поступают так, как хотят, а слабые страдают так, как должны» деп айтқан екен. Яғни, қазір күшті ойына келгенін, әлсіз қолынан келгенін жасап жатқан заман болды. Бұл әлемде болып жатқан жағдай. Оның себебі бар. Сондықтан, біз осы болған жағдайдың себебіне үңіліп көруіміз керек. Террорология ілімінің теориялық және практикалық жағы бар: теориялық бағытында террордың бірнеше себептерін іздейді, ал практикалық жағы қолға қару алып күресуді талдайды. Әрине, бұл жерде себебін талдаудың мақсаты ақтау емес, бұл қасіретті жайттың алдын алу.
Ел ішінде тыныштық болсын десек, мәдениетті болуымыз керек!
Террорология ілімінің мынадай бір алтын қағидасы бар: «Егер ел ішінде осындай лаңкестік оқиға болсын десең, күдіктенген адамыңның соңына түс, қуғын-сүргінге ұшырат, сонда қорқақ та батыр болып, өзіңе қарсы шығады, ал егер ел ішінде тыныштық болсын десең, мәдениетті бол, себебі сен айналаң үшін жауаптысың». Яғни, құқық қорғау органдары өкілдері, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкер — барлығы мәдениетті болуы тиіс. Бірақ құқық қорғау органдары өкілдеріне де, мұғалімдерге де, мемлекеттік қызметкерге де мәдениет жетіспейді, сауат жетіспейді. Сол себепті осындай жағдайлар қайталанады. Мысалы, осы азаматтарға «Сен шиитсің ба, сүннетсің ба?» десе, немесе «Қай мазхабтансың?» десең, кейбірі жауап бере алмайды. Сондықтан, олардың білімді болуын талап ету керек. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлерді қызметке аларда түрлі тест тапсырып жатады ғой, сол кезде үміткердің дін туралы білімін де қарау керек. Білімін жетілдіретін курстар, институттар да осы мәселеге мән берсе… Себебі халық биліктің деңгейін соларға қарап өлшейді.
Теріс бағытта жүрген 20-50 адамның бетін бері қаратқанмен, мәселе шешілмейді
Кейбір мүғалімдер студенттерден ақылсыз. 2015 жылы Ақтөбеде үлкен жиналыс болды. Соған бір студент қыз орамал тартып келді. «Мына орамал тартып келгенің біздің оқу орнының беделін түсіреді, шық мына жерден» деп бір педагог халықтың көзінше ол қызды залдан шығарды. Кейін мен ол қыз баламен әңгімелестім. Ол мұғалімнен ақылды екен. Сол жерде шатақ шығарып, айқайлағанда не болатын еді? Жоқ ол өйтпеді. «Аға, егер менің оқу орнымның беделі менің орамалыма байланысты болса, мен кетейін деп ойладым. Төрелігін айтыңыз», — деді. Мұғалімдікі дұрыс емес деп ойладым. Мұғалімде қыз баланың мәдениетіндей мәдениет болмаған. Өкінішке қарай, бұл әңгіме елге тарап кетіпті, әсіресе, діннің айналасындағы азаматтар дұрыс түсінбеуі мүмкін. Міне, осылай-осылай халық арасында ашу-ыза, түсінісбестік пайда болады. Сондықтан, біз арамызда теріс бағытта жүрген 40-50 баланың бетін бері қаратсақ, мәселе шешіледі деп ойласақ, қатты қателесеміз. Терең зерттеу керек. Тәрбиені қайта қарау керек. Себебін анықтауға тиіспіз. Терең зерттемегендіктен де, осындай жағдайлар қайталана береді. Менің ойымнан 2011 жылғы Шұбарши ауылындағы оқиға кетпейді. Сол оқиғадан кейін аталған ауылда үсті-үстіне 40-қа жуық жиналыс болыпты. Бір жерге мектеп, бір жерге мәдениет үйін салып беріпті. Халықта «егер қорқытса, мектеп, сарай салып береді екен» деген ой туды. Бұл дұрыс ой емес. Жұмысты басқаша, жүйелі түрде жүргізу керек.
Дін өте күрделі нәрсе. Діннің айналасында жүрген адамдар атом электр станциясының айналасында жүрген адамдар секілді, егер дұрыс сөз айтпаса, дұрыс қылық жасамаса, Чернобыль апаты секілді авария болады. Біз содан сақтануымыз керек.
Лаңкестік оқиғаға қатысқан, қаза тапқан азаматтардың да отбасыларына көңіл айту керек
Билік кең болуы тиіс. Билік төзімді болуы керек. Лаңкестік оқиғаға қатысқан, қаза тапқан азаматтардың да отбасыларына көңіл айту керек. Үндемей «сендерге сол керек» деп отыру ұят болады. Біздің барлығына да жанымыз ашитынын түсінсін. Сабыр Адай айтқандай, әр қазақ біздің жалғызымыз. Сталин заманында «әкесі баласы үшін жауап бермейді» деген сөз болды, ал біздің заманымызда әкесі мен анасы баласы үшін жауап бермесін, оларды сыйлайық, ортамызға тартайық, осылайша елдің бірлігін асырайық. Сол кезде ел ішінде береке-бірлік болады деп ойлаймын.
Ақтөбенің халқы парасатты халық. Біз, жоғары оқу орындарының профессорлары, оқытушылар, ел интеллигенциясы бұл жайтқа қатты күйзелеміз. Біз қолымыздан келгенше жастарды тәрбиелеуге тырысамыз.
М.Рахатқызы