
Бүгін сот отырысында Zeekr электромобилінің жүргізушісі Александр Пак жауап берді, деп хабарлайды jasqazaq.kz. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жауапкершіліктен жалтармайтынын мәлімдеді.
«Шартты жаза тағайындалуы дұрыс емес. Мен заң алдында жауап беруге дайынмын», – деді ол сотта.
Пактың айтуынша, жол апатының алдында көліктің ақау туралы ескерту шамдары жанған. Бұған дейін BMW көлігін жүргізген ол осындай жағдайларда қозғалтқыш айналымын арттырғанда ескертулер жоғалып кететінін айтып, Zeekr көлігінде де дәл сондай әрекет жасағанын жеткізді.
Осыдан кейін жолақта ұстап тұру жүйесі кенет іске қосылып, көлік бордюрге соғылған көрінеді. Соның салдарынан автомобиль қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен болуы мүмкін.
Сондай-ақ ол тергеу барысында айтылған сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүргені туралы қорытындымен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жол учаскесінде мұндай жылдамдық болмаған. Пак көлікті шамамен 80 км/сағ жылдамдықпен жүргізіп келе жатып, кейін жылдамдықты 130 км/сағ-қа дейін арттырғанын, бірақ одан жоғары болмағанын айтты.
Бұдан бөлек, айыпталушы өзінің қатты мас күйде болғаны туралы мәліметтерді жоққа шығарды. Ол сыраға тапсырыс беріп, небәрі екі ұрттағанын және одан кейін ішімдік ішпегенін жеткізді.
«Мен мас болған жоқпын», – деді ол.
Алайда бұған дейін сотта жарияланған сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізушінің қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Іс материалдарында апат алдында компанияның мейрамханада демалып, бірнеше литр алкогольдік сусынға тапсырыс бергені де көрсетілген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 21 наурызға қараған түні Александр Пак Zeekr электромобилін басқарып келе жатып, Әл-Фараби даңғылында қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан Mercedes көлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы кезінде үш адам қаза тапты.
JQ-Aqparat