
KazTAG ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды jasqazaq.kz
Бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Ә.Қасенов, Ә.Матаев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасты. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ә.Қасеновке қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын күзетпен ұстауға өзгерту туралы өтінішхат берді.
Анықталғандай, соттың 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен Ә.Қасеновке әлеуметтік желілер мен интернет желісін пайдалануға, кез келген хат-хабарды алуға және жіберуге, сондай-ақ интернет, ұялы байланыс және қалалық телефонды қоса алғанда, кез келген байланыс құралдарын пайдаланып сөйлесуге және хат алмасуға тыйым салынған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланғанын көрсетті.
Сонымен қатар, соттың 2026 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен қылмыстық іс өндіріске қабылданып, басты сот талқылауы тағайындалған кезде бұрын таңдалған бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылған.
Соған қарамастан, Ә.Қасенов 2026 жылғы 2 маусымда бұқаралық ақпарат құралының парақшасында қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты жеке бейнеүндеу жариялап, үйқамақ талаптарын бұзған. Сондай-ақ 2026 жылғы 15 маусымда интернет-ресурстарда қылмыстық іс бойынша медиация мәселесіне қатысты тағы бір жеке бейнеүндеу жариялаған.
Бұдан бөлек, Қасенов 2026 жылғы 11 маусым сағат 10:00-де өтетін басты сот талқылауы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сот отырысына келмеген. Осылайша, ол соттың алғашқы шақыруы бойынша келу міндетін бұзған.
Тараптардың пікірлерін тыңдап, ұсынылған материалдарды зерттеген сот мемлекеттік айыптаушының өтінішхатын қанағаттандыруға негіздер бар деген қорытындыға келді.
Сот қаулысымен Ә.
Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан күзетпен ұстауға өзгертілді.
Келесі сот отырысы 22 маусым күні сағат 10:00-де өтуі тиіс.
Еске салсақ, KazTAG агенттігінің бас директоры Асет Матаев пен бас редактор Амир Касеновқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жұмыстары «Фридом Финанс» компаниясының арызынан кейін басталған. Компания миллиардер Тимур Турловқа тиесілі.
Матаев пен Касеновқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылған.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
JQ-Aqparat
Фото: Kursiv.Media