ҰБТ: Ұяттан ұпай күшті

27 мамыр 2022, 10:42


Осыдан аттай 18 жыл бұрын білім жүйесіне енгізілгенде атауы Бірыңғай ұлттық тестілеу деп айтылатын. Содан да ғой кейбір газеттерде 2004 жылы мектеп бітірген түлектерді «БҰТ-тан өткендер» деп жазатыны. Айтпағымыз, атауы Ұлттық бірыңғай тестілеу деп өзгертілген білім мен білгірліктің шкаласы саналатын жүйенің қазіргі ахуалы жайында.

Осы күнде Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші аптасы өтіп жатыр. Аз ба, көп пе, мәртебелі оқырман өздері саралап алар. Тестілеудің алғашқы аптасында жалпыға ортақ ережені бұзудың 21 дерегі тіркеліпті. Соның нәтижесінде 21 түлектің ҰБТ тапсыру көрсеткіші жойылған. Мұны Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желідегі парақшасында тәптіштеп жазды.

Орталық мамандары тест тапсыру кезінде нәтижесі күрт өрлеген түлектерге «ен салып қойып», басқан ізін баққан да отырған. ҰБТ-дан жоғары ұпай жинағандарды тексеруді, бақылауды күшейткен. Мәселен, мына бір талапкердің басындағы кепті айтайық. Оқушы қаңтар айындағы тест тапсыруда 72 ұпай жинаған, білімінің дәреже-деңгейі сол шамада болса керек.

Ал негізгі тестілеу кезінде 130 балды иеленіп, бәрін шалқасынан түсірген. Бірден 58 ұпайға артып кеткен «оқымыстылығына» күмәнданған орталық бақылауды күшейтіп, бейнекамераны қараған.
Сөйтсе, әлгі бала тест тапсыру барысында бейнекамера қосып, құлағына құлаққап іліп отырған. Орталық директоры осындай келеңсіздікке жол берген қызметкер тестілеуді бақылау құқығынан айырылып, қызметінен шеттетілгенін жазды. Енді әлгі түлек те екінші мәрте ҰБТ тапсыру мүмкіндігін пайдалана алмайды. «Жүйені алдауға тырысудың қажеті жоқ. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды, тағы да сіздерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамын. Ал біз бақылауды одан әрі күшейтеміз» деп сақтандырып қойды Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Р. Емелбаев.

Емелбаевтың академиялық адалдық деген емеуріні аңғартқандай, жыл сайын тестілеу барысында орын алатын олқылықтар мен кетігі көрінген кемшіліктер бүтінделіп, сыналған сұрақтар да түзетіліп жатыр. Әлі де оңынан келтірер шаруа көп. Оған жыл сайын неше түрлі қулық пен сұмдықты ойлап табатын тест тапсырушылардың арасындағы әккілердің әрекетін қосыңыз.
Он жылдың ішінде түрлі толықтыру мен өзгертулерді бастан өткерген ҰБТ былтырдан бастап электрондық жүйеге түбегейлі көшті. 17 жыл қолданыста болып келген қағаз форматты электронды нұсқа алмастырды. Цифрландырудың самал лебін тест тапсырушылар жақсылыққа жориды. Өйткені бұған дейін қағаз жүзінде тапсырғанда, түлектер дұрыс жауапты бояймын деп уақыт ұтқызса, ең өкініштісі, дұрыс боялмағаны үшін кейбір жауапты компьютердің қабылдамай қоюы да тіркеліп, талапкердің талабы кетілетін. Электронды формат осындай олқылықтарды бүтіндеуге серпін берді.

Ал бақылауды күшейтуге жоғарыда сөз еткен әккілердің әрекеті түрткі болды. Мысалы, былтыр бір талапкер бетпердемен бүркеніп отырып қасындағы тапсырушыға ауызша айтып көмектесіп, жоғары ұпай жинауына септескен.

Сол себепті де биыл тест тапсырушының төбесінен бір емес, екі бірдей бақылау камерасы төніп тұрады. Аудиторияға кірерде және тест тапсырар алдында fase id бақылауынан өтеді. Тест тапсырушының төбесінен түсіретін екінші камера арқылы түлектің өзі отырғаны, әлде басқа адамның тапсырып жатқаны анықталады. Қысқасы, сканерлеу арқылы тапсырушының өзі ме, өзге ме, соны нақтылап береді. Әйтпесе, бұған дейін тест тапсыруға талапкердің орнына басқа адам кіретін жағдай да болған. Былтыр әйгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы да осындай дауға шатылғаны жұрттың есінде.

Әсте адамнан айла артылған ба? «Ит қорыған жерге өш» болатыны секілді, бақылау да, күзет те күшейтілген сайын ҰБТ тапсыру кезінде тәртіп бұзушылық та көбейетіні шындық. Әйтпесе, тест баланың білім деңгейін анықтап беретін өлшем емес. Тек мемлекеттік білім грантын ұтуына ұпай жинайтын жарыс. Бұған дейін де тестілеуге өзі емес, өзгені қатыстырып, болмаса, жауаптарын сатып алып білім грантын иеленген, соңыра деңгейі жетпей оқудан шығып қалатын студенттер қаншама. «Білімдінің күні жарық» екеніне шүбәсіз сенген шәкірт қана қандай сынаққа салсаң да сүрінбейді. Тек әділеттілік орнап, адалдың алдын кесетін әрекеттерді тамырымен жойғанда ғана ҰБТ-ның басынан дау арылады.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады