Трамп түйіні

20 қантар 2017, 17:53

Бүгін күллі дүниенің назары Америкаға ауады. Дональд Трамп ұлықтау рәсімінен кейін АҚШ-тың жаңа президенті қызметіне ресми түрде кіріседі. Өткен жылғы қарашада өткен сайлау төңірегіндегі әңгіме әлі басыла қойған жоқ. Американың көсегесін көгертіп, беделін биіктетуге уәде берген Трамптың ендігі жердегі қадамы қандай болмақ? Алып мемлекеттер мен шағын елдерді, қуатты одақтар мен экономикалық бірлестіктерді толғандырған басты сауал осы. Біз осыған орай, ғаламдық саясат пен экономикадағы құбылыстарды терең зерттеп жүрген танымал саясаттанушы Сұлтан Әкімбековке сөз беруді жөн көрдік.

АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі – тек Америка ғана емес, бүкіл әлем үшін оқыс жағдай. Тіпті белгілі бір дәрежеде естен тандырды десе де болады. АҚШ-та қарабайырлау, тіпті «нәсілшіл» деп айып тағылған саясаткер жеңеді деп кім ойлаған. Трампқа әу бастан бүкіл дерлік американдық истеблишменттің қарсы шыққаны белгілі.
Қоғамдық сауалнамаға сәйкес, Хиллари Клинтонды жақтағандар көп еді. Басы дау-дамайға қалса да, ол Трамптан оқ бойы озық тұрды. Елдегі жалпы сайлау бойынша, сондай-ақ жекелеген штаттардағы сайлаушылардың қолдауымен ол басым түсті. АҚШ-та бүкіл ел бойынша қанша дауыс алғаның маңызды емес. Ең бастысы, дауыс берушілердің (жалпы сайлаушылардың емес) көпшілік дауысын иеленсең, жетіп жатыр. Мәселен, халқы тығыз қоныстанған Калифорния 55 дауыс, Флорида 29, ал шағын Мэн штаты бір ғана дауыспен қамтамасыз етті.
Бұдан басқа, Клинтон тұрғындардың жекелеген ірі топтарына арқа сүйеді. Олар – афроамерикандықтар, Латын Америкасының өкілдері, феминистер, жыныстық тұрғыдан ерекшеленетін ат төбеліндей топтың өкілдері, ірі қалалардағы либералдық бағытты ұстанатындар, сондай-ақ жоғары білімді ақ адамдар. Тиісінше, теориялық тұрғыдан АҚШ тұрғындарының 13 пайызын құрайтын афроамерикандықтар сайлау кезінде мықты қолдау бола алады. Оның үстіне, Клинтон әу баста Калифорния (55), Нью-Йорк (29) және Массачусетсте (11) дауыс берушілер дауысының басым көпшілігін иеленіп, алға суырылып шықты. Тек осы үш штат қана оған қажетті дауыстың үштен бірін қамтамасыз ететін еді. Трампқа қарсы оның өз партиясының бір бөлігі қарсы шыққанын да ескеру керек. Осыдан он жыл бұрын Трамптың әйелдер туралы жағымсыз пікірі жалпақ жұртқа жария етілген соң, кейбір республикандықтар оған өз кандидатурасын алып тастау жөнінде ұран тастады. Біреулер, тіпті оған дауыс бермейтінін айтты.
Өзі үшін осындай қолайлы жағдай қалыптасқанда, Клинтон жеңіліс тапты. Сондықтан неліктен Трамп жеңіске жетті деген сауалдан гөрі, Клинтон неге жеңілді? – деген сауалға жауап іздеген дұрыс шығар.
realclearpolitics.com сайтындағы деректерге көз жүгіртсек, қазан айының соңында күрт бетбұрыстың болғанын байқаймыз. Оған дейін Хиллари Клинтон 264 дауыс берушінің (қажетті дауыс – 270) қолдауына ие болса, Трамп тек 100 дауысты місе тұтты. Клинтон құбылмалы жеті штаттың біреуінде жеңсе, жетіп жатыр еді. Ал Трампқа бес штаттың қолдауы қажет-тұғын.
Огайо (18) және Флорида штаттарының (29) маңызы зор болды. АҚШ-тағы басқа штаттармен салыстырғанда, осы екеуі таңдау жасауға келгенде үнемі құбылып тұрады. Бұл орайда 2000 жылы кіші Джордж Буштың Флоридада бірнеше жүз дауысты иеленіп, қарсыласы Альберт Гордан басым түскенін еске түсірсек те жеткілікті. Сол кезде қатты шу шыққан. Қазан айының соңғы он күнінде Клинтон әлі де Флоридаға, ал Трамп Огайоға арқа сүйеді.
Бірақ қазан айының соңы – қараша айының басында жағдай күрт өзгерді. Бірнеше штат әлі таңдау жасамағандар қатарына ауысып, сауалнама нәтижесінде Клинтонға 203 кепілді дауыс берілетіні айқындалды. Нәтижесінде ол 228 дауыс жинады. Себебі тек Огайо мен Флоридада ғана емес, Пенсильвания (20) және Висконсин (10) штаттарында жеңіліске ұшырады. Соңғылары дәстүрге сай демократтарға дауыс берді. Қазан айында ғана бұлар Клинтонды қолдайтын штаттар қатарында еді.
Соншама не боп қалды? Неліктен Хиллари Клинтон әу бастағы басымдығынан айырылып қалды? Оның президент болуына кедергі келтірген екі жағдай бар.

Біріншіден, бұл, әрине, АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметінде құпия құжаттарды жекеменшік электронды поштасы арқылы жөнелтуі. Оған қатысты іс жазда жабылды. Алайда ФТБ (федералдық тергеу бюросы) аяқ астынан оны қайтадан қазбалай бастады. Сосын, сайлау қарсаңында істі қайта жапты. Сондықтан ол сайлау нәтижесіне ықпал етуге ұмтылды деген күдік бар. Оның үстіне ФТБ басшысы – республикандықтар жағында.
Әлбетте, Клинтон үшін жағымсыз саналатын осы істен нендей жаңалық табуға болады? Іс ақырында жабылды. Әйтсе де, оны екінші қайтара қозғағанда, Клинтонның кейбір құжаттармен үйде жұмыс істегені, оған үй қызметшісінің құжаттарды компьютерден басып шығаруға көмектескені жария етілді. Филиппиндерден келген үй қызметшісінің бейнесі қалың бұқараның зығырданын қайнатса керек. Бұл ақпарат Хилларидің жақын қызметтесі үнді мұсылманы Хуму Абедин екені, оның балалық шағы Сауд Арабиясында өткені және отбасының «Мұсылман бауырлар» сияқты әсіредіншілдерді қолдайтыны жайындағы қаңқу сөзден де асып түсті.
Бірақ мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүргенде, Клинтон қорына сый ретінде Қатар мемлекетінен бір миллион доллар аударылғаны жөніндегі деректің жарыққа шыққаны Хиллари үшін ең ауыр соққы болды. Клинтон қоры бұл деректің растығын қарашаның басында мойындады. Теориялық жағынан онда тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен Хиллари Клинтон бұл жайында ашық айтуы тиіс еді.
Бәлкім, дәл осы дерек Клинтонның беделіне шешуші соққы берді. Мәселе өзіне тиесілі ұйымның Қатардан қаржы алғанында емес, мемлекеттік қызметкер ретінде тиісті рәсімді орындамауында. Дегенмен Клинтонды бұл үшін жауапқа тартпайтыны белгілі. Түйткіл мәселенің моральдық жағына келіп тіреледі. Сондықтан сайлау кезінде оны жақтаушылардың көбі сайлауға қатыспағанын, оған деген жағымсыз көзқарастың белең алғанын бағамдауға болады. Қараша айында әлеуметтанушылар бұған қатысты өз бағасын берді. Тұтас алғанда, Клинтонның жұрттан біраз нәрсені жасырғаны белгілі болды. Оның беделі мен қолдаушыларының көптігі де ақпаратты сыртқа шығармауға келгенде түк істей алмады. Ақырында сайлау нәтижесі әлгіндей болды. Мұны Трамптың жеңісі емес, Хилларидің жеңілісі деген жөн.
Ендігі басты сауал – әрмен қарай не болмақ? Сайлауалды науқаны кезінде Трамп көп нәрсе айтты. Сондықтан АҚШ саясаты қалай өзгереді, жалпы өзгере ме? – деген сауал көпшілікті мазалайды.
Қанша дегенмен, Трамп – кәсіпкер. Ол – прагматик. Сонымен қатар оған команда керек болғандықтан, республикалық истеблишментпен келісімге келуі тиіс. Оның үстіне, АҚШ-та либералдық түсінік пен тепе-теңдік жүйесі қалыптасқан. Трамп американдық кеменің бағытын өз қалауынша өзгерте алмайды. Бұл арада

республикалық истеблишмент маңызды рөл атқарады. Соңғы сайлаудың нәтижесі бойынша республикалықтар Конгресті өз бақылауында ұстайды. Бірақ конгресмендер партиялық тізім бойынша дауыс бермеуі де мүмкін. Егер Трамптың қандай да бір ұсынысы тым радикалдық деп танылса, оны қабылдамай тастауы әбден мүмкін.
Әйтсе де, Трамптың бағдарламасындағы мигранттар туралы және өзге де көпірме мәлімдемелері ең негізгі мәселе болып санамайды. Негізі түйткіл оның оқшаулану саясатын әрмен қарай қолдап-қолдамауына кеп тіреледі.
Егер АҚШ осы бағытты таңдаса, бүкіл жаһандық экономикалық және әскери-саяси жүйенің сипаты өзгеріске ұшырайды. Ондай жағдайда АҚШ көп мәселеге араласуын азайтады. Кейбіреулер мұны хош көреді. Өйткені осы кезге дейін бұл ел әлемдегі барлық құбылыстарға қызу араласты. Алайда американдық араласу азайса, қуыс пайда болады. Оның орнын аймақтық деңгейдегі ішкі қарама-қайшылықтар толтыруы мүмкін.
Мәселен, бұл әскері мен үкіметін американдықтар қаржыландыратын Ауғанстан үшін қауіпті. Қаржыландыруды тоқтатса, ауған елі өз-өзімен қалып, жергілікті қауымдар арасында қақтығыс басталуы мүмкін. Әлбетте, оған аймақтық мемлекеттер араласуға мәжбүр болады.
Әлемдік экономикадағы басты мәселе – АҚШ Азиядағы елдермен арадағы сауда-саттықтағы ахуалды сақтай ма? Дәл осы тапшылық, яғни сырттан көп алып, аз экспорттау Азиядағы көптеген елдердің, оның ішінде Қытайдың да дамуына түрткі болды. Олар экспортқа бағытталған экономикалық саясат жүргізді. Егер өзіне бұра тарту теке-тіресі басталса, жаһандық экономиканың, экономикалық саясаттың жағдайы қандай болмақ?
Жауаптан гөрі сауал көп. Біз қазір тарихтағы аса қызықты сәттің куәсі болып отырмыз. Еске түсірейік, осыдан 100 жыл бұрын, 1916 жылы АҚШ-тың 28-ші президенті екінші мәрте сайланды. АҚШ тарихындағы жаңа кезең дәл соның есімімен тығыз байланысты. Осы кезде оқшаулану саясатынан әлемдегі оқиға мен құбылыстарға белсенді араласу саясатына ойысу басталғаны белгілі. Вильсон басқарған кезде Федералдық резерв жүйесі құрылды. 1917 жылы АҚШ бірінші дүниежүзілік соғысқа кірісіп кетті. 100 жыл өткен соң АҚШ-тың жаңа президенті оқшаулану саясатын ұрандатып, билік басына келді. Тарих шеңберінің тұйықталғанына әзірге көзіміз жетпейді. Бәлкім,Трамптың жеңісі ортақ тенденцияларға ықпал ете алмайтын жеке оқиға болып қалуы да мүмкін.

Сұлтан Әкімбеков

27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»
01 ақпан, 11:05
Тумысы бөлек тұлға