jasqazaq.kz

Smart Point: Астанада жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды

03 шiлде, 18:37

Астанада Apple Store қағидатына негізделген жаңа буындағы цифрлық кеңсе – Smart Point ашылды.

Жаңа форматтағы кеңседе мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу қағидаты басымдыққа ие. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері азаматтарға цифрлық сервистерді пайдалану бойынша кеңес беріп, қажетті қызметті рәсімдеуге бағыт-бағдар көрсетеді.

Бүгін жаңа кеңсенің жұмысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев министрге Smart Point тұжырымдамасы мен кеңсенің функционалдық аймақтарын таныстырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған цифрлық шешімдер көрсетілді.

«Мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде көрсетудің жаңа моделін қалыптастыру маңызды. Smart Point сияқты форматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жаңа деңгейге көтереді. Бүгінгі таңда осы үлгіні кеңінен енгізу – басты міндеттердің бірі. Себебі бұл азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Smart Point кеңсесінде қызмет алушылар мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге арналған компьютерлерді пайдалана алады. Сонымен қатар диалог форматында жұмыс істейтін eGovGPT көпагентті жасанды интеллект платформасы қажетті мемлекеттік қызметті анықтап, оны онлайн рәсімдеуге көмектеседі. Сондай-ақ құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтініш беруге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жаңа цифрлық кеңседе цифрлық сервистерді пайдалануды үйретуге арналған оқу сыныбы мен жайлы күту аймағы қарастырылған. Smart Point-тің басты ерекшеліктерінің бірі – тәулік бойы жұмыс істейтін құжаттарды беру аймағы.

«Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің заманауи форматтарын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметтерді алудың табиғи әрі қолайлы тетігіне айналдыру. Сондықтан біз азаматтардың жайлылығы, қолжетімділік және олардың қажеттіліктері басты назарда болатын осындай кеңістіктерді дамытуды жалғастырамыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.

JQ-Aqparat

05 қараша, 18:32
Тарих қойнауынан табылған жазу немесе ғалым мен қаламгердің үндестігі
04 қараша, 14:18
Аршат Бақтыгереев: Қаланың жасыл қорын сақтау – басты міндеттердің бірі
04 қараша, 14:12
Шымкентте ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу жобалары кеңейіп келеді
04 қараша, 14:04
Каха Имнадзе: Қазақстанның өңірлік интеграцияға серпін беруі – заңды құбылыс
04 қараша, 12:44
Данияр Жүсіпов: Табиғи қауіптің алдын алу – басты назарда
02 қараша, 14:24
Айман Оспанова: Шымкентте медициналық көмекті цифрландыру мен жаңғырту жұмыстары күшейді
29 қазан, 14:55
Шымкент жастары: жүйелі қолдау және жаңа бастамалар
29 қазан, 13:08
Шымкент: Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары күшейтілуде
28 қазан, 18:31
Шымкент: Шағын өндіріс алаңының шапағаты