jasqazaq.kz

Шымкентте перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде

29 мамыр, 15:05

Шымкент қаласында ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды медициналық нысан – 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында негізгі дайындық жұмыстары аяқталып, ғимараттың іргетасын құю кезеңі басталды.

Мамандардың мәліметінше, нысанның қазаншұңқырын қазу жұмыстары толық аяқталған. Қазір құрылысшылар болашақ медициналық орталықтың берік іргетасын қалыптастыру үшін бетон құю жұмыстарын атқаруда. Бұл – жобаның маңызды кезеңдерінің бірі.

Жаңа перинаталдық орталық үш қабаттан тұрады. Ғимараттың ішінде заманауи зертхана, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Сонымен қатар, нысан аумағында инфрақұрылымдық нысандар да салынады. Атап айтқанда, 123 келуші автокөлігіне, 16 әкімшілік көлігіне және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған арнайы автотұрақтар болады.

Жоба аясында 120 текше метрлік су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы және тұрғындардың жайлы демалуына арналған саябақ салу көзделген. Бұл медициналық мекеменің қызметін тиімді ұйымдастыруға және санитарлық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.

Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отырғанын айта кетейік. Оның басты мақсаты – ана мен баланы қорғау жүйесін нығайту, өңір тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Жалпы соңғы жылдары Шымкент қаласында халық санының қарқынды өсуі жаңа медициналық мекемелерге деген сұранысты арттырды. Осыған байланысты заманауи талаптарға сай перинаталдық орталықтың құрылысы уақыт талабы болып отыр.

Жаңа орталық ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес, жоғары білікті акушерлік және неонаталдық көмек көрсететін болады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін мекеме жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет ұсынуға мүмкіндік береді.

Перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін Шымкент қаласының тұрғындарымен қатар, Түркістан облысының іргелес аудандарының халқы да сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттырып, ана мен бала өлімін төмендетуге, медициналық қызмет сапасын жақсартуға елеулі үлес қоспақ.

JQ-Aqparat 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 14:55
Қанат Шонбасов: Мақтадан дайын тігін бұйымдарын шығаратын тізбек қалыптасты
Бүгін, 13:10
InEco Fest 2026: Табиғат, адам және өмір сүруге жайлы қала
07 шiлде, 12:35
Шығанақтағы шырғалаңнан - саяси және экономикалық тұрақтылыққа
03 шiлде, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»
01 шiлде, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін
01 шiлде, 15:54
Рухани құндылықты сақтаудың жаңа кезеңі: Алматыда ұлттық мұра цифрлық форматқа көшірілу
01 шiлде, 13:32
ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
01 шiлде, 8:54
Жаңа дәуір басталады: Мемлекет басшысы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады
30 маусым, 13:16
Президент: Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы