
ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті «Капитал» атауымен инвестициялық платформа ретінде жасырын әрекет еткен қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу амалдарына сай, күдікті әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан 20 000-нан 500 000 теңгеге дейін қаражат тартып, 3–5 күн ішінде салым сомасының 30–50%-ға дейін жоғары табыс уәде еткен.
— Жаңа қатысушыларды тарту үшін психологиялық әсер ету тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, «жылдам табыс» туралы уәделер мен уақытпен шектелген ұсыныстар арқылы азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай, шешім қабылдауға итермеленген. Алайда уәде етілген табысқа кепілдіктер тек ауызша беріліп, нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе қандай да бір шарттық міндеттемелермен қамтамасыз етілмеген, – деп хабарлады ҚМА.
Шын мәнінде, салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 900-ден астам салымшы тартылып, жалпы салынған қаражат көлемі 700 млн теңгеден асқан.
Тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Құзырлы орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын ескертті.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға және қысқа мерзімде жоғары табыс уәде ететін күмәнді жобаларға ақша салудан бас тартуға шақырады. Инвестиция жасамас бұрын ұйымның қызметінің заңдылығын және тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеру қажет.
Фото: ҚМА