
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қараша айында тұрғын үй заңнамасын реформалауды көздейтін заңға қол қойды. Аса маңызды құжат тұрғын үй құрылысын дамытуға, сонымен қатар, тұрғындардың баспана мәселесін жақсартуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін жетілдіруге арналған.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатымен Шымкент қаласында ауқымды шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, биыл мегаполисте 62 нысанның құрылысы жүргізіледі. Бұлардың арасында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылым жүйелері бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев хабарлады.
Құрылыс басқармасы өкілінің айтуынша, 2026 жылы шырайлы шаһарда 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. жалпы көлемі 102 мың шаршы метр аумақты алып жатқан осы тұрғын үйлер 1 243 пәтерге есептелген. Демек, мегаполистің мыңнан астам тұрғыны пәтер кілтіне ие болады. Атап айтқанда, Тұран шағын ауданында 12, ал 20 үй Бозарық елді мекенінде бой көтереді.
Президент тапсырмасымен елімізде қоғамның көмекке мұқтаж өкілдері үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай игі үрдісті Шымкент қаласында да оң нәтижесін беруде. Брифингте атап өтілгендей, халықтың әлеуметтік осал топтары мен несие бойынша баспана кезегінде тұрғын азаматтарға 771 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұлардың 300-і көмекке мұқтаж, яғни, әлеуметтік осал топтарға, 471-і кредиттік тұрғын үйді құрайды. Қазірдің өзінде 720 пәтер сатып алынды.

Шаһарда, сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға айрықша мән беріп отыр. Осы мақсатпен аталған Тұран және Бозарық шағын аудандарында орналасқан көпқабатты үйлерде 3 инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, барлық жобаларға қатысты жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, кейбір тұрғын үйлерге қатысты сейсмонығайту бойынша нақты шаралар қолға алынбақшы.
Биыл Шымкенттегі көпқабатты 31 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде сондай 18 үйде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жыл соңына дейін қалған үйлер түгелімен жөндеуден өткізіледі.
Құрылыс басқармасының мәліметіне жүгінсек, қаладағы бірқатар мекемелер мекемелерде жаңа ғимараттар салынады. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және төтенше жағдай салаларында жаңа нысандар бой көтереді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шымқаладағы бірнеше мектепте жаңа корпустар пайда болады. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсететін бірқатар әлеуметтік және медициналық мекемелер пайдалануға беріледі. Бұған қоса, мәдениет нысандарын қайта құру жоспарланып отыр. Осыған орай, биыл қаладағы «Қазығұрт» мәдениет үйі жаңарып, жаңа сипатқа ие болады.
Шымқаланы көркейтіп, абаттандыру да шаһар басшылығы алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі. Сол мақсатпен «Шымкент-сити» саябағын абаттандыру жұмыстарын қала күніне орай аяқтау жоспарланып отыр.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі