jasqazaq.kz

Самокат жүргізуге қатысты жаңа талаптар сақтала ма?

Бүгін, 17:02

Бүгін, яғни 1 шілдеден бастап, елімізде электросамокатты пайдалану тәртібі айтарлықтай өзгерді. Енді электросамокатты басқару үшін 18 жасқа толуы және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы міндетті. Сонымен қатар тротуармен жүруге тыйым салынып, шлем кию талабы енгізілді. Жаңа өзгерістер тек жеке пайдаланушыларға ғана емес, самокатты жалға беретін кикшеринг компанияларына да қосымша жауапкершілік жүктейді.
Жаңа талаптар электрлі самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Жаңа ережеге сәйкес, жылдамдыққа да шектеу қойылды. Веложолдарда сағатына 25 шақырымнан, ал жаяу жүргіншілер аймағында 6 шақырымнан артық жүруге тыйым салынады.
Қараңғы уақытта немесе көру мүмкіндігі шектеулі кезде жарық қайтаратын элементтері бар киім пайдалану міндеттеледі. Алматы қалалық полициясы жаңа талаптардың орындалуын бақылау үшін профилактикалық іс-шаралар мен рейдтер тұрақты ұйымдастырады.
Құқық бұзушылықтар мобильді қосымшалардағы мәліметтер, пайдаланушыны сәйкестендіру жүйесі және сапарлар тарихы арқылы анықталады. Егер жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзса немесе мас күйінде самокат басқарса, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылады», — деді.
Жаңа заңнама кикшеринг операторларына мынадвй міндеттер жүктейді:
• пайдаланушыларды сәйкестендіруге;
• кәмелетке толмағандардың сервисті пайдалануына жол бермеуге;
• самокаттардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауға;
• сақтандыру талаптарын орындауға;
• қоғамдық орындарда ретсіз қалдырылған самокаттарды жедел алып тастауға міндетті.
Егер оператор бұл талаптарды орындамаса, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Bolt компаниясының Қазақстандағы микромобильділік операцияларының менеджері Рүстем Айдархановтың айтуынша, компания қауіпсіздікке қатысты талаптарды бұрыннан енгізіп келеді.
«Алматыда іске қосылған сәттен бастап, Bolt самокат жалдау қызметі тек 18 жастан асқан адамдарға арналған. Біз пайдаланушыларға жүргізуші куәлігін және жасын растауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру шешімін әлдеқашан әзірледік.
Осы маусымда аталған шаралар Bolt компаниясының Riding Score жүйесімен толықтырылды. Бұл – жауапты жүруді және тұрақ мінез-құлқын көрнекі, ашық және марапатталатын ете алатын жүйе. Riding Score әрбір жүруден кейін есептеледі. Мұқият жүру және Bolt Rider Academy-де оқу мазмұнын орындау көрсеткішті арттырады, ал бұзу, соқтығысу немесе дұрыс емес тұрақ сияқты қауіпті әрекеттер оны төмендетеді. Жоғары көрсеткіш нақты артықшылықтарды, мысалы, тегін броньдау минуттарын ашады. Төмен көрсеткіші бар жүргізушілерге жылдамдық шегін төмендету сияқты шаралар қолданылуы мүмкін, бірақ оларда жауапты жүру арқылы нәтижелерін жақсарту мүмкіндігі нақты сақталады», — деді Рүстем Айдарханов.
Қала тұрғыны Нұрсұлтан Жаппарберді мұндай жаңа ережелердің енгізілгенін құптайтынын жеткізді.
«Жаңа заңды дұрыс деп санаймын. Жүргізуші куәлігің болмаса, жол жүру ережесін білмесең жолда кетіп бара жатып біреуді қағып кетуің мүмкін. Сондықтан дұрыс деп есептеймін», — деді ол.
Біздің зерттеуімізге сәйкес, кикшеринг компаниялар жаңа ережелерге сәйкес, самокаттарды нөмірлегені байқалады. Алайда оның мемлекеттік емес, жеке тауар нөмірлеріне ұқсас екенін байқауға болады. Сондай-ақ Bolt қызметі расында жүргізуші куәлігін растауды сұрағанмен, нақты бар-жоғын тексермей, самокатты қолдануға рұқсат бергеніне көз жеткіздік. Басқа кикшеринг компаниялар тіпті көлік жүргізу куәлігін сұрамады, тек 18 жас шектеуін енгізгенге ұқсайды.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда электрлі самокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 400-ден астам адам түрлі дене жарақатын алып, бір адам көз жұмған. Жол қозғалысы ережелерін бұзған самокат жүргізушілеріне қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан астам электрлі самокат арнайы айып тұрағына қойылған.

Енді электросамокатқа қатысты жаңа талаптардың нәтижесін уақыт көрсетеді.

Олжас Әбдіхалық

Сурет: polisia.kz 

Бүгін, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін
Бүгін, 13:32
ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
Бүгін, 8:54
Жаңа дәуір басталады: Мемлекет басшысы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады
30 маусым, 13:16
Президент: Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы
30 маусым, 13:11
Президент: Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет
30 маусым, 12:51
Президент: Отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды
29 маусым, 14:39
Инвестиция: Капитал тартудан технологиялық серіктестікке дейін
29 маусым, 13:51
Қандай жағдайда интернет-алаяқтыққа ұшырағандардың ақшасы қайтарылады?
28 маусым, 14:40
Алматыда БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды