jasqazaq.kz

Президент: Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры

25 маусым, 14:38

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.
Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

«Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды», – деді Президент.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде