
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы:
«Бүгін біз Алатау қаласын дамыту бойынша өзекті мәселелерді талқылаймыз. Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор.
Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық.
Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды.
Осы тұста бірнеше маңызды мәселені пысықтап алуымыз керек. Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық.
Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн», — деді.
Президент Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап көрсетті:
«Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті.
Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ, цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады. Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істелуде.
Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өсті. Қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ 5 орында тұр.
Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жетті.
Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр. Биылғы 4 айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды», — деді.
«Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз.
Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады.
Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім.
Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет.
Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болатынын айтты:
«Жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет етеді. Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі де бар.
Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана.
Бұдан бөлек, бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкеледі. Бұл құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал.
Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек. Сонымен бірге қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттарды бекіткен жөн. Инвесторлар мен серіктестер, азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет.
Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы.
Келесі жылы қаланы дамытуға белсене кірісу үшін стратегиялық құжаттардың барлығын (Ұзақ мерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы) жыл соңына дейін қабылдау керек.
Мұндай ірі және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда процесті жедел, қарқынды және ең әуелі сәтімен бастау өте маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер».
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi