
Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәрісте тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді.
Курсқа қатысушы Жазира Мүлкібекова пара садақ атудан өткен мотивациялық кезедсу туралы жазды.

Спорт күніне орай Алматы қаласындағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Спорт – табыс бастауы» атты мотивациялық кездесу өтті.
Шараның басты қонағы – пара садақ атудан спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жазира Мүлкібекова. 2023 жылы елде пара садақ ату спорты дами бастаса, Жазира осы бағытты алғаш меңгерген спортшылардың бірі.
Спортпен айналысқанына биыл 9 жыл толған Жазира Мүлкібекова спорттағы жолын 2017 жылы паравелоспорттан бастаған. 2023 жылдан бері пара садақ атумен кәсіби түрде айналысып келеді. Ол 2025 жылғы Қазақстан Республикасы спартакиадасында алтын және күміс медаль, ал 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында күміс жүлде иеленді.

Туа біткен глаукомаға қарамастан, спортшы түрлі жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Кездесу барысында ол өзінің спортқа келуі, өмір жолы, жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы айтып, жастарды қиындыққа мойымай, өз армандарына ұмтылуға шақырды.
Мотивациялық кездесуге 40-қа жуық оқырман қатысты. Шараның негізгі мақсаты – бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, зағип және нашар көретін азаматтарды спортқа ынталандыру, олардың жетістіктерін көпшілікке таныстыру және жастарға мотивация беру.
Айта кетейік, былтыр Жазира Мүлкібекованың өмірі мен тағдырына арналған Эльвира Жүсіпбекованың «Сенің ішіңдегі жарық» атты кітабы жарық көрді.
Жазира Мүлкібекова