Намыс жеңді!

10 маусым 2022, 11:16

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ұлттар лигасының С дивизионындағы екінші матчын да жеңіспен аяқтады. Словакияның Трнава қаласындағы тартыс 0:1 есебімен еліміздің ұлттық құрамасының пайдасына шешілді.

Түнеукүні елордамызда Әзірбайжан құрамасын 2:0 есебімен еңсеріп, 6 ұпай жинап С тобында әзірге көш тізгінін өздері алды. Әлем чемпионатына іріктеу матчында қатарынан екі ойында ұтып, 6 ұпай иелену біздің құрама үшін алабөтен жаңалық. Словакияда өткен ойынның қалай өрістегені алаң мінез аладөп жанкүйерлеріне бесенеден белгілі.

«Құланның қашуына мылтықтың басуы» деп Трнавадағы тартыста Аслан Дарабаевтың соққан голының сойқан желі Словакия ұлттық құрамасының бас бапкерін орнынан қозғап жіберді. Кельттердің бүгінгі ұрпағы ұлттық құрамасының алакүрең ойынын қоңылтақсып, наразылық білдірді. Мұның алдында Ресей мен Хорватия құрамасына қарсы матчтардағы сәтсіздік ұшыраған Словакия құрамасын Қазақ елінің «қаршығалары» теңселтіп жіберді. Словакия футболының ақ жағалылары бас бапкерлік қызметті кімге тапсыратынын өздері шешеді.

Осы арада сәл шегініс жасайық. Жалпы қазақ футболы «Жаңа Қазақстанды» құру жолында өздерінің үлесін қосып, бір уығын болса да шаншуды осы жылдың басында бастап кеткен.

Ең алдымен Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына үміткерлер алғаш рет сайлау арқылы сынақтан өтті. Бес адам өзінің кандидатурасын ұсынып, Әділет Барменқұлов басым дауыс жинап, футбол федерациясының президенті болып сайланды. Бұл есім-сойды естігенде футболға бұрын-соңды байланысы болмаған Барменқұлов сайлауалды бағдарламасында қазақ жерінде аладоптың дәуірлеуі үшін қыруар жұмыс атқарылуы тиіс деп, соқталы-соқталы мәселелерді жіпке тізгендей түзіп келіп айтып еді. «Егер мен президент болсам» деп бағдарламасын таныстырған Барменқұлов қоғамның қамқорлығы мен мемлекеттің қазақ футболына демеуі ауадай қажет екенін айтқан еді. Осы екі тараптың арасындағы алшақтықты жақындатуға, байланысты арттыруға күш салатынына сендірді. Тіпті футбол дамуы үшін ұлттық жобаға айналуы керек екенін, оған жету жолында стратегиялық жоспар түзіліп, құжат әзірлеу ісі тұрғанын да жеткізді. Әділет Барменқұлов «Стратегия –2034» деген атпен өзінің бағдарламалық құжатын таныстырып, оның ішінде төрт бағытқа алабөтен басымдық берілетінін айтқан. Ойыншылардың шеберлігін шыңдайтын бапкерлерді ғана емес, кәсіби футболдың айналасындағы басқару тетігіндегі мамандарды оқытуды, білімін, білігін жетілдіруді қалыптастыруға күш салу қажет екенін айтты. Кәсіби футболға түбегейлі реформа жасап, қаржыландыру жүйесіне жаңашылдық енгізіп, клубтарды жекешелендіріп, ерлер һәм әйелдер лигасын жаңғыртып, қазақ футболында жас таланттардың томағасын сыпыру, ең сүйектісі – 2034 жылы өтетін әлем чемпионатының финалына Қазақстан құрамасын қосу. Әрине, оған дейін арада бір мүшел жылдар бар.

Жүз жылдан астам тарихы бар қазақ футболының өзегіне түсіп кеткен кемшілік жетіп артылады. Оны Әділет Назарбайұлы осы стратегиялық бағдарламасында да тізіп шығыпты. Рас, Барменқұлов айтқандай, бапкерлерді оқыту, оларға лицензия беру бірізге түсіп, қалыптасып кете қойған жоқ. Отандық футболдың 90 пайызға жуығы мемлекеттің есебінен қаржыландырып, асырауында отыр. Демек осындай қамқорлықты көре отырып, олардың басшысынан бастап қосшысына дейін, атап айтқанда, клубтың президентін, спорттық һәм техникалық директор, жаттықтырушы, коммерциялық директор, жарыс ұйымдастырушылардың да кәсіби біліктілігін көтеру қажет. Әлем қалай ала допты өрістетіп отырғанын футболдың айналасындағы әрбір жан жұлын-жүйесімен сезінгенде ғана іс ілгері жылжиды. Спорт инфрақұрылымы, оның ішінде футболдың арсеналы алыстағы ауылдарды әлі де қамтамасыз ете алмай отырғаны соқырға таяқ ұстатқандай белгілі. Федерацияның жаңа президенті осындай мәселелерді түбегейлі шешу арқылы тығырықтан шығудың жолын қарастырмақ енді. Қалай дегенде де, қу шөппен ауыз сүрте беруге болмайды, қазақ футболында дамудың динамикасы дәуірлеп, ілгері жылжу байқалады.
Барменқұловқа әзірге толыққанды баға беруге ертерек. Әлеуеті қаншалықты, іскерлік беделі қай деңгейде екенін уақыт өзі көрсетеді. Үлкен аманатты арқалаған азаматқа абыройлы жұмыс істеуін тілейміз.

Словакия ұлттық құрамасының қорғаушысы Куцка Юрай осы ойынға қатысы пікір айтып: «Біз қазақтардың да футбол ойнай алатынын мойындаймыз. Келесі матчқа тыңғылықты әзірлікті байқаймыз. Біз жеңіске жетеміз деп күпініп шығып едік, мұндай менсінбеушілікті санадан сылып тастау керек екен», – деді.

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Олжас Абраев Словакияға жүрер алдында құраманың белді ойыншыларының кейбірі жарақат алып қалғанын, басқа да түйткілдердің түйнегенін жасырған жоқ. Әзірлікке уақыт тығыз болса да, бас бапкер тығырықтан алып шыққанына алғысын жеткізді.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев үшін де ұлттар лигасындағы қатарынан екі жеңіс үлкен ұпай, есім-сойының аспандауына сеп болары хақ. Өйткені Адиев алғаш рет ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына тағайындалып отыр. Бұған дейін Ресейде бірнеше клубтың бапкер болып жұмысын өрістетті. Былтыр қарағандылық «Шахтердің» бас бапкері болды. Арада бір жыл өткенде ұлттық құрама тізгінін ұстап отыр.

Жанкүйерлер өз алаңымызда Әзірбайжан құрамасына, сырт алаңда Словакия құрамасына қарсы матчтарда жігіттердің жанкештілігі мен намысын таптатпай, ақырына дейін арпалысуына ерекше разылығын білдіріп, үлкен қолдау көрсетті. Тіпті Трнавадағы тартысқа Еуропаның әр қиырында жүрген қазақ жанкүйерлері арнайы барып, үлкен қолдау білдірді. «Өзіңнен тумай ұл болмайтынын» дәлелдеген қазақ футболшылары енді ертең сырт алаңда ұлттар лигасындағы үшінші матчты Беларусь құрамасына қарсы өткізеді. Жігіттерге сәттілік серік болғай дейміз.

Қуаныш Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?