
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституция, Ата Заңдағы өзгерістер туралы мақаласы zhasalash.kz сайтында жарық көрді.
Мақалада 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституция ел тарихының жаңа парағын ашып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, еліміздің саяси-мемлекеттік жүйесі мүлдем жаңа модельге көшетіні айтылады.
Мемлекеттік кеңесші: «Айрықша атап өтерлігі, қазір болып жатқан өзгерістердің маңыздылығы – бір саяси модельден екіншісіне көшуде немесе жаңа институттардың құрылуында ғана емес. Алдағы кезеңдегі ең үлкен маңызды бетбұрыс – қоғамдық сананың, қоғамдық саясаттың кезекті рет жаңғырып, жаңаруы. Себебі Президент реформалары қазірдің өзінде қоғамдық кеңістікті жандандырып, қозғалысқа түсірді. Қоғам сахнасына жаңа тұлғалар, жаңа күштер шыға бастады.
Бұл іргелі өзгерістердің басы ғана. Өйткені алдағы уақытта Құрылтайға, Қазақстан Халық Кеңесіне, одан кейін болашақта жергілікті мәслихаттарға отаншыл азаматтардың жаңа буыны келеді. Олар жаңа ұғымдар мен тәсілдерді, жаңа риторика мен көзқарастарды алға шығарады», — деді.
Ерлан Қариннің пікірінше, мұның бәрі қоғамның пассионарлық энергиясына оң әсер етіп, тың күш-жігер беріп, елдің өркендеуіне жаңа серпіліс әкеледі. Себебі өзгерістерді өзінің өне-бойынан өткізген қоғам қалыптасатын энергияны белгілі бір жаңашылдықтар, жаңа басымдықтар мен идеялар арқылы пайдалануға тырысады.
Мемлекеттік кеңесші: «Бұл – қоғамдық дамудың өзіндік бір логикасы.
Сондықтан қазір Қазақстанда басталғалы тұрған жаңа өзгерістер ауқымдылығы, тереңдігі, екпінділігі, қарқындылығы жағынан соңғы онжылдықтардағы ең үлкен үдеріс болмақ. Мұны Қазақстан тарихындағы Жаңа Өрлеу кезеңі деп атауға болады», — деп атап көрсетті.
Сондай-ақ Ерлан Қарин билік тарапынан маңызды, терең де түйінді, ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталып: «Кейбірінің күрделілігі соншалық, қоғамда әркелкі қабылдануы мүмкін болса да, мемлекеттің болашақ дамуына деген қажеттіліктен кейін онымен ертең емес, тап қазір айналысуға тура келді. Мысалы, көлік, инфрақұрылым, энергетика саласындағы ондаған жылдар бойы қордаланған мәселелер қолға алынып жатыр. Жаңадан жылу электр станциялары, әуежайлар мен сапаржайлар, жолдар мен көпірлер, инженерлік желілер салынуда. Сондай жұмыстың тағы бір көрінісі – қоғамдық санадағы оң өзгерістер. Бұған Мемлекет басшысының табанды әрі тиянақты саясатының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.
Президент реформаларының ең үлкен нәтижелерінің бірі – өзгерістердің қоғамдық менталитетке ықпал ете бастауы. Оны неден байқаймыз? Мемлекет басшысы үнемі көтеріп жүрген әдептілік, үнемділік, тазалық, тәртіптілік секілді ұстанымдарды бүгінде жұртшылық жақсы қабылдап, қоғам болып оны әрі қарай іліп алып кетуде.
Осыдан бірнеше жыл бұрын тәртіпті сақтауды, тазалықты ұстануды әкімшілік-құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз ету басталған еді. Онсыз мүмкін емес екенін жұрттың өзі де жақсы біледі. Ал қазір болса, мұндай келеңсіздіктерге азаматтарымыздың өздері алдымен қарсы шығады. Бүгінде отандастарымыз қоғамдық орындардағы заңсыздықтарға, құқық бұзушылықтарға, ысырапшылдықтың дөрекі формаларына көз жұмып қарай алмайды. Олар мұндай оғаш әрекеттерді бірінші болып өздері сынап, айыптайды.
Бұл – Мемлекет басшысы айтып жүрген ұстанымдардың қоғамдық санаға орныға бастағанының бір көрінісі. Мемлекет басшысы насихаттайтын қарапайым құндылықтарды ең алдымен азаматтардың өздері қорғауға тырысуы – өркениетті қоғамға ұмтылудың белгісі.
Сондықтан да Президент реформаларының ең үлкен жемісі институционалдық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы сілкініс дер едік.
Президент саясатындағы маңызды қағидаттардың ішінде, әсіресе «Таза Қазақстан» мен «Заң және Тәртіпті» ерекше бөліп айту керек. Оларды дәріптеп, санаға сіңіру арқылы ұлттың бойында басқа да үлкен жетістіктерге жол ашатын жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады. Сонда біз болашақта өзінің тиянақтылығымен, тәртібімен, еңбекқорлығымен, тазалығымен ерекшеленетін озық ойлы өркениетті ұлттардың қатарына қосыламыз», — деп жазды.
JQ-Aqparat
Сурет: мәдениет және ақпарат министрлігі