jasqazaq.kz

Мемлекет басшысы Абай күнімен құттықтады

10 тамыз, 8:53

Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым.

Биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл – шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз.

Бұл өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу. Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.

Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болады деп сенемін. Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Абай күні құтты болсын!», — деді Президент.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде