«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың алдына биыл 5-6 жылдан асып барады. Теріскейді қазақыландыруға үлес қосу үшін көпке үлгі болып, алдымен өзі көшіп барған Нұржамал Тамбетова бүгінде көптің алғысына бөленіп отыр. Ол 2015 жылы Шымкенттен Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданына көшіп барған. Содан бері бұл өңірге Н.Тамбетованың үгіт-насихатымен біраз шаңырақ қоныс аударып үлгеріпті. Мәселен, облыс көлемінде емес, ауданның өзіне бүгінге дейін 217 отбасы, яғни 796 адам көшіп барған. Біз қаңыраған ауылға ел қондырып, аңқасы кепкен ағайынға жылылық сыйлап жүрген, бүгінде Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің әдістемелік бөлім меңгерушісі қызметін атқарып отырған Нұржамал Тамбетованы әңгімеге тартып, теріскейге табан тіреген жұрттың жағдайын сұрадық.
Jas qazaq: Өзіңіз мұрындық болып бастаған көштің жайы қалай болып жатыр? Барған жұрт байыз тауып, елге сіңісіп, жерсініп қалған шығар?
Н.Тамбетова: Қоныстандыру өте жақсы жүріп жатыр. Алдыңғы жылғыдан былтыр жақсы, былтырғыдан биыл жақсы дегендей. Президенттің өзі бұл жұмысты қадағалап отыр. Бақылау тағы бар. Бұрынғыға қарағанда көшке облыс әкімдерінің қызығушылығы артып, ықыласы түскен. Тіпті ауыл әкімдерінің өзі бұл шаруаға белсене араласуда. Неге? Өйткені, ауылдың жағдайын көтеру үшін ауылда тұратын халық керек екенін түсінді. Мектеп жабылмау үшін оқитын оқушы керек екенін білді. Жергілікті тұрғындардың өзі ауылға адам керек екенін, мемлекет су тартып, жол салып, газдандыру үшін елді мекенде тұрғын болу керек екенін ұғынды. Сондықтан да мейлі ауыл, аудан, облыс әкімдері болсын, жергілікті халық болсын, ауылға адам толтыруды басты мақсат етіп жатыр. Көштің жайы біз келген 2015 жылдан әлдеқайда жақсы.
Jas qazaq: Қостанай облысында Шилі, Милісай деген елді мекендер мектепке бала санын толтыру үшін көшіп келетін отбасыларды шақырып жатыр. Мемлекеттің көмегінен бөлек, ауыл тұрғындары әр отбасыға 5 ірі қара, 5-6 қой-ешкі беретіндерін айтыпты. Сіздер жақта мұндай игі бастамалар бар ма?
Н.Тамбетова: Бар, әрине. Мағжан Жұмабаев ауданында Сұлушоқы деген ауыл бар. 2017 жылы сол ауылдағы мектепте 9 бала қалыпты. Мектеп жабылатын болды. Содан әлгі ауылға Талдықорғаннан бір келіншек 7 баласымен көшіп келді. «Мектепті жаппаңыздар. Оқу жасындағы балаларым бар. Ауылдың қайтадан бой көтеруіне біз де өз үлесімізді қосамыз» деп әкімге өтінішін айтты. Содан әлгі ауылдың Қайрат Жәнібеков деген кәсіпкер азаматы өз қаржысына бірінші жылы 5 үй, екінші жылы 10 үй салды. Көшіп келген отбасылардың әрқайсысының қорасына 10 бас ірі қарадан мал берді. «Үш жылға дейін төлін алып, басын қайтарып берсеңдер болды» деген ағайынгершілік шарт қойды. Биыл ауылға жаңа мектеп салуды жоспарға енгізіп отыр. Сөйтіп Сұлушоқыда үш жылдың ішінде оқушы саны 9-дан 45-ке көбейді. Балабақшадағы балалармен қосқанда алпыстан асады.
Міне, осылай жоғалып бара жатқан ауылды аман алып қалды. Солтүстіктің осындай жомарт азаматтарына бәріміз ризамыз!
Қазір Сұлушоқы – басқа ауылдарға үлгі. Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы Сартомардың әкімі үй салып беретін кәсіпкер іздеп отыр. Сондай жомарт жандар табылса, оңтүстіктен келетін отбасыларды қоныстандыруға дайын. Бір қуантарлық жағдай, былтыр, алдыңғы жылдары үкіметке, Парламентке жіберген ұсыныстарымыздың бірде-біреуі қаралмайтын. Биыл мен жіберген ұсынысты белгілі құқық қорғаушы Сәбитхан Сәрсенбаев Президентке және Парламентке жолдап, мәселе көтерді. Қазір Парламентте қаралып жатыр.
Jas qazaq: Мағжан Жұмабаев ауданында мектебі бүгін-ертең жабылғалы тұрған, тұрғындары аз қандай ауыл, елді мекендер бар? Көшіп барғысы келетін жандарға құлаққағыс болсын дегеніміз ғой.
Н.Тамбетова: Қазақ ауылдарын айтып өтейін. Бейнеш ауылында Бейнеш орта мектебі бар. Ол да жабылудың алдында тұр. Бірақ елді мекенде тұратын үй жоқ. Шымкенттен 5 отбасы келіп еді, үй болмаған соң басқа жаққа көшіп кетті. Босап қалған үйлердің бәрі тозып кеткен. Тіпті адам тұруға жарамайды. Ауыл тұрғындары облысқа, министрлікке хат жазып жатыр. Олардың жалғыз ғана талабы бар. «Мектебімізді жаппасын. Ауылға жаңа үй салып беріп, оңтүстіктен келетіндерді кіргізсін», – дейді. Мектепте 25 оқушы ғана қалыпты. Сартомар ауылының жайын айттым. Хлебороб деген елді мекендегі мектеп бала санының аздығына байланысты жабылғалы жатыр. Әйтпесе, мектебі жаңадан салынған. Айта берсең, Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын саны аз ауыл мен бала саны жетпейтін мектеп көп.
Jas qazaq: Көштің алдынан шығып жатқан қандай кедергі бар?
Н.Тамбетова: Дәл қазір көштің алдында көлденең жатқан ешқандай кедергі жоқ. Мейлі, әкімшілік тарапынан болсын, мейлі, жеке азаматтар жағынан болсын, көшке ыстық ықылас, жомарт көңіл бар. Бірақ теріскейдегі көптеген ауылда жұмыс жоқ. Бұл жаққа көшіп келетіндер тұрақты жұмыс іздеп келеді. Бұл өте дұрыс талап. Жұмыспен қамту жоғары деңгейде жүргізілсе, оңтүстіктен көш құйылғалы тұр. Содан кейін, кейбір ауылдарда үй жоқ. Бұл да солтүстікке келгісі келетіндерге кедергі деуге болады.
Jas qazaq: Түстіктен көшкісі келетін азаматтардың қандай талабы бар?
Н.Тамбетова: Айтуға да ұяласың. Үгіт-насихат жұмысымен жүргенде талай қызыққа куә болдым. Көшемін дейтін азаматтардың көпшілігі – сауатсыз. Тарих, география пәнінің мұғалімімін дейді. Қойған сұрағына жағамды ұстадым. «СҚО қай жақта? Петропавл мен Павлодар қандай жер? Қостанай жылы ма?» деген сұрақты естігенде, жерге кіріп кетесіз. Осындай сауатсыз сауалды 15 жыл мектеп директоры болған адамнан, әкімшілікте қызмет ететіндерден естідім. Содан кейін сауатсыз адамның талабы қандай болатыны түсінікті шығар. Масылдық психологиядан әрі арылмаппыз. «Бізге отынды кім түсіріп береді? Көмір бере ме? Суды қайдан аламыз?» дегендерін қайтесің. Олар «Біз көшіп барған соң, әкім қараның бәрі алдымызда құрша жорғалап тұруы керек» деп ойлайды. Солар оңтүстікте жанын зорға бағып жүрген жоқ па еді? Қай әкім зарын тыңдап еді? Қай шенеунік үйіне келіп отынын түсіріп, көмірін кіргізіп беріпті? Кім келіп алдыңа мал салды? Ауылында қысылып, қиналып жүргенін ұмытып, солтүстікке барсақ, бізге кім, не жасап береді деп кергиді. Мұндай масылдық психологиядан арылмай, теріскейге көшпеңіз! Көшсеңіз, солтүстікті қазақыландырамын деп барыңыз! Адам талпыну керек. Мысалы, Қытайдан бірнеше отбасы келді. Көмектестім. Бәрін орналастырдық. Сол кісілерге қатты риза болдым. Сөздің ашығы керек, адам отыруға жарамайтын үйге кіргіздік. «Ләм-мим» деп дыбыс шығарған жоқ. Өздері сарай салып алды. Өздері үйді жамап-жасқап, кем-кетігін жөндеп алды. Сегізі аудан орталығына орналасты. Төртеуі Рощинова деген ауылға барған. Бәрі мал бағады. Мал бағу да өнер қазір. Тұрмыстары жақсы. Кез келгені осы жақтағы орташа дәулетті отбасынан жақсы тұрады. Еңбек еткен адамға қайда барса да, жақсы тұрмыс бар.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Жарас Кемелжан