jasqazaq.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі

Бүгін, 12:46

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді.
Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Мемлекет басшысы ту көтеру рәсімінде сөз сөйледі: «Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.
Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады.
Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды.
Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді»,- деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі.
Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді.
Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды.
Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды.
Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз.
Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды.
Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі.
Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді.
Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз».
Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз.
Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие.
Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек.
Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті».
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

 

Бүгін, 13:33
Нурсултан Данабайулы: Расширение сферы применения государственного языка - наша общая задача
Бүгін, 13:28
Туркестан: Поддержка предпринимателей — важный фактор устойчивого развития экономики
Бүгін, 13:24
В Туркестанской области с начала года создано более 35 тысяч рабочих мест
03 маусым, 19:17
Алматыда көлік инфрақұрылымын жаңғырту қалай жүріп жатыр?
03 маусым, 14:35
В Туркестане впервые запущено производство агродронов
03 маусым, 14:26
Туркестан: В торговых сетях увеличивается доля отечественной продукции
03 маусым, 14:24
В Мактаральском районе будет запущен завод по производству хлопкового и растительного масла
02 маусым, 14:29
Школы Туркестанской области вступают в цифровую эпоху
02 маусым, 14:14
Туркестан: В школах «Келешек» реализуются современные образовательные проекты