jasqazaq.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев: Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады

Бүгін, 12:00

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуымен құттықтап,
еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басқанын атап өтті.
Президент: «Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз.
Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз.
Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық.
Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі.
Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас.
Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!», — деді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдағанын Құрылтай сайлауы айқын аңғартқанына тоқталып: «Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады.
Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты.
Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс.
Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн. Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады.
Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады.
Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді», — деді.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

27 тамыз, 13:57
Банк депозитінің сыйақысына салық салынбайды
26 тамыз, 14:32
Мемлекет басшысы: Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді
26 тамыз, 13:38
Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды
26 тамыз, 12:18
Алматы облысының Жамбыл ауданы “Мектепке Жол” акциясына ат салысуда.
21 тамыз, 15:34
Шымкент: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
21 тамыз, 15:25
Нүрсұлтан Сүлейменов: Жаңа өндіріс орындары қала экономикасын алға бастырады
20 тамыз, 14:53
Өмір Қалыбаев: Шымкентте қоғамдық көлік паркін жаңарту тұрақты жүргізіліп келеді
19 тамыз, 15:42
Шымшаһарда қолжетімді баспанамен қамту қарқынды
19 тамыз, 14:36
Шымкент мектептері жаңа оқу жылына дайын