
Биыл Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның Құрметті жазушысы», «Құрмет», «Парасат», «Достық», «Барыс» ордендерінің иегері, Ұржар, Тарбағатай, Аягөз, Зайсан аудандарының және Алматы қаласының Құрметті азаматы, көрнекті қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығы атап өтілуде. Осыған орай тарих ғылымдарының кандидаты, ҚБТУ профессоры, қаламгердің ұлы Жұмаділ Арман Қабдешұлымен сұхбат құрдық.
– Сіздің әкеңіз Қабдеш Жұмаділов — қазақ әдебиетіндегі орны ерекше қаламгер. Оның шығармашылығы туралы не айтар едіңіз?
– Әкем – қазақ әдебиетінде тарихи сананы жаңғыртқан ірі тұлға. Оның қаламынан 10 роман, 20-дан астам повесть, көптеген әңгімелер туды. Бұл шығармалар тақырыбының бәрі ұлт тағдырымен, тарихымен тығыз байланысты. Мәселен, «Дарабоз» романы XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезеңін суреттесе, «Тағдыр» романы XIX ғасырдағы қазақ өмірін бейнелейді. Ал «Соңғы көш», «Атамекен» сияқты шығармалар XX ғасырдағы тарихи оқиғаларды қамтиды. Кейінгі «Қыл көпір», «Мәңгілік майдан» секілді туындылары КСРО-ның ыдырап тәуелсіздік кезеңіндегі ой-толғамдарымен құнды.
— Қабдеш Жұмаділовтың «Қазығұрт» баспасынан шыққан 12 томдық таңдамалышығармалар жинағы туралы айтып берсеңіз. Сол жинаққа енбей қалған шығармалары бар ма?
— Әкем үшін бұл 12 томдық үлкен шығармашылық белес болды. Бірақ оның жарыққа шығуы оңай болған жоқ. Мемлекеттен нақты қолдау болмаған соң, біраз қиналғанын айтып отыратын. Бірақ әкеміз қандай қиындықтарды басынан өтсе де ешқашан «осының бәрі маған не үшін керек?» деп бір рет те осалдық танытпаған. Ол әрқашан жазған шығармаларының жерде қалмайтынын, әдебиетті түсінетін, сөз қадірін білетін оқырмандардың барына сенетін.
Бұл жинақ 2004–2005 жылдары жарық көрді. Ішіне негізінен ең таңдаулы шығармалары енгізілді. Әкемнің «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен» сияқты ірі туындылары сол қалпында сақталды. Тек «Соңғы көште» бұрын цензурадан өтпей қалған ашаршылық туралы тарауды кейін қайта қосты.
— 1962 жылғы ұлы көш және «Соңғы көш» романы туралы әкеңіз не айтатын еді?
— Әкеміз өмірінде бастан өткен қызық оқиғаларды жиі еске алып отыратын. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» деп айтатын сөзі бар еді. Расында да, оның тағдыры соның дәлелі сияқты.
Ол алғаш рет Қазақстанға 1956 жылы оқуға келеді. Бірақ арада көп өтпей, сол кездегі екі алып мемлекет — Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, 1958 жылы қайтадан Қытайға шақыртылады. Ал Қытайға оралған соң ол төрт жыл қуғын-сүргінде жүрді. Не бәрі 22 жаста болған әкемізге сол кездегі билік сенімсіздік танытып оған «ұлтшыл» деген айдар тақты. Кейін әкеміз «Қытай өкіметі таққан сол атақты бәрінен жоғары қоям», деп айтып жүрді.
сырт көзге бұл кездегі өмір зая кеткендей көрінуі мүмкін. Бірақ әкеміз оны мүлде басқаша бағалады. Керісінше, сол жылдары ол кейін өзінің ең үлкен шығармаларының біріне айналған «Соңғы көш» романына қажетті материалдардың жиналған кезі екенін айтып отыратын. «Егер басымнан сол қиындықтар өтпесе, бұл шығарма жазылу-жазылмауы екіталай» деп айтатын.
Әкем үшін тағы бір үлкен белес — 1962 жылы атажұртқа бет алған қазақ көшінің ішінде болуы еді. Ол сол көштің ұйымдастырушысы, тіпті рухани дем берушісі болған. Сол кезде Қазақстан өз бетінше шешім қабылдай алмайтын күрделі кезең еді. Соған қарамастан, әкем бастаған азаматтар Мәскеуге, нақтырақ айтқанда, Кремльге хат жазып, Қазақстанға өтуге рұқсат етуін сұраған.
Бұл хаттарды негізінен әкем өзі әртүрлі адамдардың атынан жазған. Себебі ол Алматыда оқыған, кириллицаны жақсы меңгерген, орысша сауатты еді. Оның үстіне жас болса да танылып келе жатқан жазушы болғандықтан, жұрт оған сенім артқан.
Ең бастысы — сол хаттарға Кремльден жауап келіп отырған. Бұл адамдарға үлкен үміт сыйлаған. Ал 1961 жылы Шәуешекке хаттарда жазылған жағдайдың растығын тексеру үшін Шәуешекке Құлжадан Совет консулдығының өкілі келіп халықтың жағдайы хатта жазылғандай ауыр екеніне көзін жеткізді. Сөйтіп, 1962 жылдың 10 сәуірінде көш басталып, небәрі 20 күннің ішінде шамамен 200 мыңдай адам атажұртқа өтіп үлгерген.
Әкем осы оқиғаны өзінің өміріндегі ең маңызды азаматтық қызметтердің бірі деп бағалайтын. «Тағдыр маған осындай миссия жүктеген шығар» деп айтатыны есімде. Ол бұл міндетті абыроймен атқардым деп есептейтін.
Кейін осы тарихи оқиғалар «Соңғы көш» романына арқау болды. Әкем бұл шығарманы жазғанда жай ғана бір көштің тарихын емес, тұтас көшпелі өркениеттің соңғы кезеңін көрсетуді мақсат еткенін айтатын. Оның ойынша, бұл шығарма — көшпелілер дәуірінің соңғы көріністерін, соңғы батырларын, соңғы тағдырларын бейнелейтін туынды.
Сондықтан да ол бұл кітапты тек әдеби шығарма емес, тарихи құжат ретінде де бағалайтын.
— Әкеңіздің көші-қон мәселесіне қатысты көзқарасы қандай еді?
— Бұл мәселе әкемнің жанын қатты ауыртатын. Ол тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтарды атажұртқа жинауда көшті тарихи мүмкіндік деп қарады. Бірақ оның баяу жүруіне көңілі толмайтын.
«Ұлттың басты байлығы — адам» деп жиі айтатын. Сондықтан шетелдегі қазақтарды елге көбірек тарту керек деп есептеді. Тіпті «бірнеше жылдан кейін атажұртты іздейтін қазақ қалмай қалуы мүмкін» деп алаңдаған кездері де болды.
— Шетелдегі қазақ әдебиеті туралы қандай пікірде болды?
— Әкем бұл салада жетік хабардар еді. Қажығұмар Шабданұлы сияқты тұлғаларды ерекше құрметтейтін. Оның тағдыры арқылы шетелдегі қазақ жазушыларының қиын жағдайын көрсеткісі келді.
Жалпы «әдебиет ұлт ұйысқан жерде туады» деп жиі айтатын. Тіл, орта, дәстүр сақталмаса, әдебиет те дамымайды деген пікірде болды.
— Қазіргі қазақ әдебиеті туралы не айтатын еді?
— Әкем поэзияға үмітпен қарайтын. Жастардың өлеңдерінен жаңалық байқалатынын айтатын. Ал прозаға келгенде әлі де үлкен серпіліс керек деп есептеді. Дегенмен кейінгі буыннан үміт үзбейтін.
— Әкеңіз үшін ең қымбат мекен қай жер еді?
— Әкем үшін Алматы өмірі мен қызметі өткен маңызды орта болды. Өмірінің негізгі бөлігі осы жерде өтті. Ал туған жері Тарбағатайды ерекше қастерлеген. «Әр адамның арқа сүйер тауы болуы керек, менің тауым — Тарбағатай» деп отыратын.
— Әкеңіздің өмірлік ұстанымы туралы не айта аласыз?
— Ол кісі қаламды өмірінің мәні деп санады. «Қалам қолдан түскен күні өмір де тоқтайды» дейтін. Соңғы жылдары публицистикаға көбірек ден қойды. Кейбіреулер «бәрінің көңілінен шығу керек» дегендерге, әкеміз: «Жазушы — бәріне ұнағысы келетін бойжеткен қыз емес» деп жауап беретін.
Біз үшін әкем — ұлт алдындағы жауапкершілігін терең сезінген, өз жолын адал жүріп өткен тұлға болып қала береді.
– Сұхбатымызды қорытындылай келе, Қабдеш Жұмаділовтің тұлғасын қалай сипаттар едіңіз?
– Әкем – ұлтының тағдырын жүрегімен сезінген тұлға. Ол ұлт тағдырын сүреттеген ұлы сүреткер-жазушы. Ол тек жазушы емес, халықтың сөзін сөйлеген қайраткер болды. Бірде одан «Халық жазушысының қандай артықшылығы бар» деп сұрағанда ол «Халық жазушысы халықтың атынан сөйлей алады» деп жауап берген. Оның өмірі де, шығармашылығы да – бүкіл қазаққа, кейінгі ұрпаққа өнеге.
— Қабдеш Жұмаділов – қазақ руханиятындағы алып тұлға. Ол өз шығармалары арқылы ұлт тарихын жаңғыртып қана қоймай, елдің еңсесін көтерді. Ұлы көштің дарабозы атанған қаламгердің мұрасы мәңгі жасай бермек. Маңызды да мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Захра Әнуарқызы