Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы

Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәрісте тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді.
Курсқа қатысушы Гулһая Бабаханқызы теміржол желісіндегі жаңа жоба туралы ақпарат дайындады.

Ұлытау облысында екі бағыттан салынған жаңа теміржол жолдары түйісіп, біртұтас желі қалыптасты. Жаңа теміржол желісінің құрылысында маңызды кезең аяқталды. 3 қыркүйекте екі бағыттан бір-біріне қарама-қарсы жүргізілген рельс-шпал жолдары бір нүктеде түйісті.
Жоба аясындағы құрылыс жұмыстарына шамамен 2 мың құрылысшы мен теміржолшы, 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Мамандар бірнеше ай бойы әртүрлі ауа райы жағдайында екі бағытта қатар жұмыс жүргізді.
Соның нәтижесінде ұзындығы 320 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісінің негізгі жолы тұтастай жалғанды. Құрылыс барысында теміржолдың екі учаскесі қатар салынып, олардың түйісуі жобаның ең маңызды кезеңдерінің біріне айналды.

Құрылыс компаниясының бас директоры Мадияр Саттыбаев: «Бүгін біз құрылыс тарихында із қалдыратын сәтке куә болдық. Екі мыңға жуық маман екі бағыттан бір нүктеге қарай жұмыс істеп, осы маңызды межеге жетті», – деді.
Жаңа желі Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын дамытуға және ел аумағындағы транзиттік бағыттардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ол шығыс пен батысты байланыстыратын көлік дәлізінің маңызды бөлігі болмақ.
Қазір негізгі теміржол жолы түйіскенімен, жобада атқарылатын жұмыс әлі де бар. Алдағы кезеңде станция мен басқа да нысандарды салу, электр беру желілерін тарту, автобұғаттау және электрмен жабдықтау жүйелерін аяқтау көзделген. Сонымен қатар орталықтандыру, блоктау және қозғалысты басқару жүйелері іске қосылады.
Жобаның толық аяқталуы жаңа теміржол желісі бойынша жұмыс қозғалысын ашуға мүмкіндік береді. Бұл еліміздің теміржол картасына тағы бір маңызды бағыттың қосылғанын білдіреді.
Гулһая Бабаханқызы