Ермегім — елде жоқты жинау

01 наурыз 2019, 12:36
Суретте: Қ.Мұқаш. «Автопортрет. Қоңыр күз. Элегия». 1990 жыл

Суретте: Қ.Мұқаш. «Автопортрет. Қоңыр күз. Элегия». 1990 жыл

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы, республикалық «Қазақ үні» газетінің Бас редакторы Құлтөлеу Мұқаш талайдан бері көпшілікті танымал тұлғалардың қол боста әуестенетін істерімен таныстырып келеді. Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде белгілі қаламгерлердің, өнер адамдарының ескі фотосуреттерін жариялап жүр. Бізді әріптесіміздің негізгі жұмыстан қалт еткендегі өзінің де ермегі қызықтырған еді.

Jas qazaq: Байқауымызша, сенің жеке «хоббиің» де біршама секілді. Қол боста нендей істі ермек қыласың?

Қ.Мұқаш: Бүгінде бәлендей іспен тұрақты әуестенемін деу қиын. Жасырақ кезде сурет салдық. Кейінде ол да біртіндеп доғарылғандай. Дегенмен, газет-журналға кейбір материал даярлағанда фотосуреттері табылмаған кейіпкерлердің кескінін өзім бейнелеуге тура келетін сәттер кездесіп қалады. Одан соң еңбек жолын шахтада бастағандықтан, жақұт тас түрлерін жинаған кездерім болған. Бұл құмарлықтың қаншалықты қызықты әрі қауіпті екенін «Ант сәтінде ай тұтылады» деген әңгімемде аздап жаздым.

Jas qazaq: Қазақ зиялыларының ермегіне қызығып қана қоймай, әлі де жазып жүрген секілдісің…

Қ.Мұқаш: Иә, сәті түскенде жазып қоямын. Әбу Насыр атамыз, Махамбет, Шоқан Уәлиханов, Абай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлының әуестіктерін біршама зерттеп, мерзімді басылымдарда жарияладым. Сол сияқты Қалмұқан Исабайдан Алмат Исәділге дейінгі ақын-жазушылардың ермектері туралы қалам тартыппын. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Қайрат Байбосынов сынды өнер адамдарының ермектері де қамтылған. Журналист ағайындардың әуестіктері туралы әңгіме өз алдына бір төбе. Міне, осыларды елге таныстыруды, бір жағынан, жұмысым, кәсіби міндетім деп санасам, екіншіден, бұларды қызықтау өзімнің де әуестігіме айналғандай. Қарап отырсам, бұл тұрғыда бүгінге дейін қазақтың замандас игі жақсыларымен түгел дерлік сұхбаттасыппын.
Адам баласы қандай ауыр кезеңнің өзінде сергитін, көңіл серпілтетін ермекті өзі-ақ ойлап тауып отырады. Соғыс жағдайында да ән салынбай ма. Сол секілді, айталық, шахта шыңырауларынан анау минерал тастарды жинап жүрген сәтте қазақ ертегілеріндегі жерасты «патшалығының» асыл қазынасы туралы әңгімелердің өмір шындығынан алынғандығына көз жеткізесің. Оларды Табиғат-ананың бетіне сызат түспейтіндей қымтап сақтайтынына қайран қаласыз. Тастардың түр-түсі де ғажап. Бірі – қара-қошқыл… Қызғылт, көгілдір, жасыл немесе күлгін… Жалт-жұлт етіп, мың құбылады. Сондай да әйгілі ұшқыш-космонавт Алексей Леоновтың алау жалынға оранған ғарыш көріністерін бейнелейтін картиналары көз алдыңа келеді. Яғни галактика кереметтері мен жерасты тауларының арасында да өзіндік байланыс бар. Осыларды салғастыру үстінде таным деңгейіңіз кеңейе түсетіні анық.

Jas qazaq: Белгілі бір ермек түрін, әсіресе, шығармашылық адамдарының көбірек айналдыратыны заңдылық та шығар.

Қ.Мұқаш: Ауыр ой еңбегінен қажығанда бір мезгіл арқа жазып, бой сергіту қажет-ақ қой. Баяғыда Олжас Сүлейменовтің ұстазы, атақты ақын Борис Слуцкий жас шәкіртіне: «Міне, көрдіңіз бе, мен мынандай шағын мүсіндер жинауға кірістім. Ақын адам жыр шумақтарын ғана жинастырумен шектелмей, дүниедегі барлық құбылысқа қызығушылық танытуы керек. Сіздің бір кезең қаламды суытқаныңыздан әлемдік поэзия қоңылтақсып қалмайды. Қайта, қолыңыз өлеңге сондай үзілістерден кейін жүре бастамақшы. Ал тек жазу-жазу деп бір нүктеге қадалып алсаңыз, шабытты тіксінтесіз. Ол зорлықты көтермейді» депті.
Одан соң «Халыққа қызмет ету» деген ұғым бар. Мысалы, ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешкен Омар Қаймолдин деген ақсақал бірде: «Мен бала кезімнен қазақтың тарихына құмар болып, ұлы көштің соңына түскен адаммын. Қай әкем не айтып, не бітіріп кеткен, соны іздедім. Ине-жібіне дейін қалдырмай жинауға ұмтылдым. Қазақтың алпыс бір түрлі музыкалық аспабын жинадым. Оның көбі қазір Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында тұр» дегені еді. Сөйтіп, осынау қарапайым адам ұлт руханиятына қисапсыз үлес қосқан. Яғни о кісінің еңбегі биік, елдік мүдделермен ұштасып отыр.

Jas qazaq: Сен көптен бері белгілі адамдардың фотосуреттерін жинайсың. Бұл әуестігің қашаннан басталды?

Қ.Мұқаш: Бұл әдет журналистік қызметке кіріскен сәттерден басталған шығар. Редакцияда жүргенде қолға түскен суреттерді келешекте керек болып қалар деген оймен тартпаға қаттай берген секілдімін. Мұны ретімен пайдаландым да. Фотосурет деген де керемет ақпарат.

Jas qazaq: Әр нәрсені сақтаудың құпиясы болады. Бұларды күнге күйдірмей, тышқанға жегізбей дегендей, қалай сақтадың?

Қ.Мұқаш: Оның ешбір құпиясы жоқ, жай, қағаз папкаға салып сақтадық қой. Кітап сөресінде жататын. Кейін уақыты келгенде фотокөрме жасасам деген де ой болған. Бірақ көптеген құнды дүниеден айырылып қалған өкінішті жағдайды да бастан кештік. Бірде үйде өрт болып, талай нәрсе жанып кетті. Әке-шешемнің, өзімнің де жас кездегі суреттерімді жоғалттым. Есіме түссе жаным күйзеледі. Қолды болған дүниелер де бар. Мәселен, сізге айтайын, менде Елбасымыздың да жігіт шағындағы сирек суреттері бар еді. Қарағанды облыстық газетінде жүргенімде Қазақстан магниткасының 25 жылдығы туралы материал дайындау бақыты маған бұйырған. Сонда Нұрағаңның ертедегі әріптестерімен кездестім. Атақты металлург, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Адам-Юсупов сияқты тұлғалармен сұхбаттастым. Солардан ауысқан кескіндер…
Әрине, енді өкінгенмен амал жоқ. Өз салақтығымнан жоғалтқан дүниелерім де аз емес. Кезінде қолдағы құнды дүниенің қадірін білмей, төгіп-шашумен жүріппіз. Әлі күнге дейін жинай алмай жүрген нәрселерім көп. 2000 жылдардың басында «Хабар» арнасында «Әуестік әлемі» деген айдармен он-он екі минуттік сюжеттер жасадым. Оның ішінде, мәселен, әнші Бақытжан Жұмаділов сияқты саңлақтардың хоббилері қамтылған. Өкініштісі, солардың мәтіндерін де сақтамаппын. Орыс ағайындарда дарынды ұл-қыздарының түкірігін жерге түсірмейтін дәстүр бар. Ал бізде салғырттық басым. Әлі күнге дейін көп нәрсеге жүрдім-бардым қараймыз.

Jas qazaq: Фотосурет жинау әуестігіне келуіңнің сырына тереңірек тоқталсаң.

Қ.Мұқаш: Жаңа аты аталған Омар ақсақалдай шежіре қарттарды көп жағаладық. Батыр Баукеңді… әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлын сыртынан екі-үш мәрте ғана көріппін. Жақындап барып, сәлем беруге жүрек дауаламапты. Бірақ кейін сол Бауыржан полкінің комсоргі Жолмырза Самұратовпен талай жолықтым. Әңгімелестім. Мақала жаздым. Сондай-ақ панфиловшы Бағдат Жандосай ақсақалмен бірталай уақыт қатар жұмыс істегеніміз өзіңе мәлім. О кісінің керемет ретушер-суретші екенін де жақсы білесің. Қазақ жерінің түкпір-түкпір, сай-саласын жаяу аралап, карта жасаған атақты геолог Молдияр Серікбаевқа жуық болдым. Атақты жазушы Сайын Мұратбеков ағамның қасында біраз жүріппін. Ақын Өтежан Нұрғалиевпен көп сырластық. Белгілі фотосуретші Сайлау Пернебаевқа да едәуір «атқосшы» болған күндеріміз бар. Міне, негізінен, осы адамдардан ауысқан дүниелер арқылы «Айдың арғы бетіндегі өмір» дегендей, тірліктің екінші қырына, дәуір, уақыт тезіне ой жүгіртіп үйрендік.

Jas qazaq: Осы ермектерің іздену тұрғысынан алғанда жеке шығармашылығыңа жәрдемдесе ме?

Қ.Мұқаш: Әрине, пайдасыз болмайды. Әйткенмен, баяғыда университеттегі кейбір ұстаздарым менің сурет салғанымды, қоғамдық жұмысқа араласқанымды онша жаратпады. Барлық уақытты тек оқуға, жазуға бөлу қажеттігін айтатын. Бұл қисынсыз талап емес еді. Өйткені, шығармашылық күшті шашыратпай тек бір арнаға тоғыстырғанға не жетсін! Әр төбені бір шалып, далақтау орынсыз. Бармақ шайнайсың. Мен өзім де «өзі биші, өзі күйші» дегендерді аса ұната қоймаймын. Әмбебаптықтың да шегі бар. Мысалы, тілші ретінде бір-екі жылдай фотоаппарат ұстаған кезім болған. Сөйтіп қаламды «өкпелетіп» ала жаздадым. Әркім алдымен өз мамандығын биік деңгейде игергені жөн ғой. Жалпы, келе-келе не нәрсе де тек өзіне ғана шексіз берілуіңді қалайтынын түйдім. Бұл да өзі ұзақ, күрделі тақырып. Атақты актер Леонид Броневой: «Талант дегеніміз – мөлшерді білу» дейді. Әр жағдайдың шегін жіті сезіну керек. Кейде ойласам, көп уақытым бос кеткендей көрінеді. Дегенмен, ол да іздену кезеңдері шығар деп өз-өзіңді жұбатасың.

Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады