
Almaty Museum of Arts (ALMA) пен Chevron компаниясы музейдің өнер, дизайн, қолөнер мен шығармашылық ойлауды дамыту тәжірибелерін бір арнаға тоғыстырған Şeberhana аталатын білім беру платформасын қолдауды көздейтін серіктес орнағанын жариялайды. Серіктестік аясында тегін білім беру бағдарламалары, мәдениетке инклюзив қолжетімділікті қамтамасыз ету мен STEAM тәсілін дамытуға ерекше мән беріледі. Аталған тәсіл негізінде өнер зерттеу, технология, материалдар, дизайн және қоршаған ортаны танып-білудің ажырамас бөлігіне айналады.
ALMA Şeberhana білім беру бағдарламасы 2025 жылдың желтоқсанында ашылды. Şeberhana ашық білім беру кеңістігі ретінде құрылып, музейді көпшілік бас қосып, өнерден ой түйіп, шабыт алып, өзінің де шығармашыл қауқарын танытып, жаңа байланыстар орнатып, өмір бойы білімін жетілдіре алатын орта құруды мақсат етеді. Бағдарлама аясында өнер, дизайн, қолөнер және баспа графикасы бойынша түрлі сабақтар өткізіледі. Ол жерде бір жолғы шеберлік сабақтарынан бастап, тұтас бір семестрге созылатын курстарға дейін қамтылады. Şeberhana-ның барлық бастамасы Орталық Азияның ғасырлардан тамыр тартқан өнері мен қолөнер дәстүрін арқау етеді. Бағдарламалар жергілікті және шетелдік суретшілермен бірлесе әзірленіп, дәстүрлі мұраны бүгінгі шығармашылық ізденістермен сабақтастырады.
Şeberhana жұмысын бастаған алғашқы жеті айдың ішінде 83 сессия өткізіп, оған 3 700 адам қатысты. Қатысушылардың 77%-дан астамы тегін іс-шараларға келген.
Şeberhana кеңістігі баршаға бірдей қолжетімді болуға аса мән береді. Мұнда қимыл-қозғалысы шектеулі қонақтарға арналған жеке кіреберіс пен көтергіш жүйе қарастырылған. Үш тілде бағдар беретін навигация жүйесі де келушілерге ыңғайлы етіп жасалған. Ал кеңістіктегі сабақтар мен іс-шаралар аудиторияның сенсорлық және психикалық ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген.
Chevron-мен серіктестік орнату Şeberhana-ға жекелеген бастамамен шектелмей, оны жүйелі әрі тұрақты тәжірибеге айналдыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында музей тегін және жеңілдетілген бағдарламаларын сақтап қалып қана қоймай, одан әрі дамыта алады. Сондай-ақ 2026 жылы заманауи өнермен қауышуға мүмкіндігі бүгінгі таңда шектеулі адамдарға арналған жаңа бағыттарды іске қосуды жоспарлап отыр.
«Біз үшін білім беру музейдің негізгі қызметтерінің бірі саналады. Біз өнермен жүздесудің музейдегі экспонатты тамашалаумен ғана шектелмей, әр адамның өз бетінше ізденуіне, тәжірибе алмасып, жаңа дүние жасауына бастау болғанын қалаймыз. Chevron компаниясымен орнатылған осы серіктестік музейдегі тегін бағдарламалардың едәуір бөлігін сақтап қалуымызға сеп болып қана қоймай, өнерді дизайн, материалдар, технологиялар һәм әлемді танудың өзге де тәсілдерімен ұштастыратын бағытты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Chevron-ның тұрақты даму бағытындағы жүйелі ұстанымын біздің әдістемелік тәжірибемізбен, өнер арқылы білім берудің қыр-сырын түсінетін кәсіби біліктілігімізбен ұштастыра отырып, баршаға қолжетімді әрі инклюзив мәдени-ағартушылық институттың тиімді үлгісін қалыптастырып келеміз», – дейді Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева.
Серіктестік музей басымдық беретін тағы екі маңызды бағыттың аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Оның бірі – көркемдік тәжірибелерге қолжетімділікті арттыра отырып, инклюзив білім беруді дамыту. Екіншісі – өнерді ғылым, технологиялар, материал мен мәдениетті зерттеуге бастайтын өзекті арна ретінде қарастыратын STEAM орта қалыптастыру.
STEAM орта аясында қатысушылар сурет салу мен мүсіндеуден бастап, керамика мен граттажға дейінгі түрлі көркемдік тәсілдерді меңгереді. Олар түрлі материалдың қасиеті мен мүмкіндігін зерттеп, дизайнның қыр-сырына үңіледі, сәулет өнерімен танысып, заманауи суретшілермен бірлесіп жұмыс істейді. Бағдарламалардың мазмұны мен әдістемесін Almaty Museum of Arts командасы әзірлейді.
Серіктестік аясында Şeberhana-ның төрт негізгі бағдарламасын дамытуға ден қоямыз:
Aşyq Şeberhana – музей атриумында апта сайын өткізілетін тегін өнер сабақтары. Аталған белсенділікке қатысушыларға жас шектеуі қойылмайды және шығармашылық жолдағы тәжірибесінің болуы да маңызды емес, бәріне ортақ қолжетімді.
Nobai – музей галереяларында өтетін тегін сурет салу клубы. Мұнда қатысушылар жан-жағына зер салып, сурет салу тәжірибесіне ден қоя отырып, музей кеңістігі мен өнер туындыларын жаңа қырынан зерттейді.
ALMA Makes! – 7–11 жастағы балаларға арналған шығармашылық курс. Әр модулі өнердің жаңа бір бағытын таныстырып, балаларға оның сан алуан түрін байқап көруге мүмкіндік береді. Балалар жаңа дүниені үйреніп қана қоймай, өз жобаларын жасап, тәжірибе жасап, шығармашылығын еркін танытудың жолын табады.
Artist Workshop түрлі жастағы қатысушыларды арнайы шақырылған суретшілермен кездестіреді. Суретшілер музей қорындағы туындылар мен өздерінің шығармашылық тәжірибесіне сүйене отырып, практикалық сабақтар әзірлейді.
Тегін және ақылы форматтардың қатар қолданылуы Şeberhana-ға білім беру мүмкіндіктерінің қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, білім беру платформасының тұрақты жұмыс істеу моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаларды одан әрі дамыту барысында музей Chevron компаниясы көп жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқан серіктес ұйымдармен де бірлесіп жұмыс істейді. Олардың қатарында «Мама Про» қоры, Қолөнершілер одағы және басқа да ұйымдар бар.
«Өнер адамға жаңа мүмкіндіктерді көруге, көкейінде сауал туып, соның жолында ізденуге, шабыт сыйлар дүние тауып, өз күшіне сенуге жол ашады. Сондықтан балалар, жастар мен отбасыларға шығармашылық білім алуға мүмкіндік беретін Şeberhana-мен орнатып отырған серіктестігіміз біз үшін айрықша маңызды. Chevron компаниясы Қазақстандағы адам әлеуетін дамытуға 30 жылдан астам уақыт бойы білім беру және әлеуметтік бастамаларды қолдау арқылы өз үлесін қосып келеді. Біз білімге, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға қолжетімділік адамның өз мүмкіндігін толық ашуына, сондай-ақ өзі өмір сүретін ортаға оң өзгерістер әкелуіне ықпал етеді деп сенеміз», – дейді Chevron Eurasia компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі аға кеңесшісі Лейла Айтмұханова.
Almaty Museum of Arts пен Chevron арасындағы серіктестік алты айға есептелген және білім беру бағдарламалары саласындағы ынтымақтастықтың алғашқы кезеңі болмақ. Осы уақыт ішінде тараптар бірлескен жұмыстың нәтижесін саралап, алдағы қадамдардың негізгі бағыттарын айқындайды.
Қазақстанда Chevron компаниясы адам әлеуетін дамытуға және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Компания білім беру мекемелерімен, коммерциялық емес ұйымдармен және мәдени бастамалармен бірлесіп, білім беру, кәсіпкерлік, инклюзия, мәдени мұраны сақтау және заманауи дағдыларды дамыту салаларындағы жобаларға қолдау көрсетеді. Компанияның серіктестері қатарында жастармен, әйел кәсіпкерлермен, мүмкіндігі шектеулі жандармен және шығармашылық кәсіп иелерімен жұмыс істейтін қорлар мен қоғамдық ұйымдар бар. Şeberhana білім беру платформасымен басталған жаңа серіктестік осы бағыттағы қолдауды одан әрі кеңейтіп, өнерді қолдауды, инклюзив білім беруді және STEAM тәсілін көпшілікке қолжетімді етуді бір арнаға тоғыстырады.