Бренд болуы тиіс!

01 ақпан 2019, 16:21

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен озық мәдениетін ою-өрнексіз елестету мүмкін емес. Қазір ұлттық нақыштағы оюларды кез келген киімнен көріп жүрміз. Тіпті өнер жұлдыздары жарқыратып киіп шығатын көйлектердің етегіне дейін оюмен көмкеріледі. Бір қарағанда – өте әдемі. Алайда оюлардың оңды-солды қолдану дұрыс па? Ұлттық құндылығымыз саналатын ою-өрнектің мән мағынасы туралы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева әңгімелеп берді.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ең жиі қолданылатын ою – «қошқар мүйіз». Қошқар мүйіз негізінен текемет, кілем, сырмақ, төсеніште көп қолданылады. Аты айтып тұрғандай, ол малдың иіліп тұрған мүйізін бейнелейді. Оның шығу тегінің өзі исламға дейінгі ұғыммен, мәдениетпен, дәстүрмен тығыз байланысты. Мысалы, петроглифтердегі суреттерде арқардың, бұғының, тау текенің, жылқының бейнесі нақты көрініс береді.
Қазақ оюлары мағынасына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Алғашқысы «зоморфты бейнелеу» деп аталады. Қазақ халқының тұрмысында мал шаруашылығы маңызды рөл атқарған. Соның ішінде қой, ешкі – берекенің бастауы саналған. Қошқар мүйізді қазақ халқының бренді деп айтуға болады. Бұл оюдың түрі көршілес түркі тілдес халықтарда да жиі кездеседі. Қошқар мүйіз – берекенің, байлықтың белгісі саналады. Текемет пен сырмаққа негізінен осы ою салынады. Қошқар мүйіз салынуына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, біз «төртқұлақ» деген оюды жиі естиміз. «Төрт құлақты қошқар мүйіз» дегеніміз – дүниенің 4 бөлігін, 4 әлемді, 4 бұрышты, яғни дүниенің тұтастығын білдіреді. Сонымен қатар қошқар мүйіздің иректеліп, жапырақ жайған сияқты болып келетін түрі бар. Оны «Қанатты қошқар мүйіз» дейміз. Ал мүйіз бір-бірімен жалғасып келетін болса, ол «арқар мүйіз» деп аталады. Арқар мүйіз – өсіп-өркендеу, көкке қарай ұмтылу дегенді білдіреді. Қанатты «қошқар мүйіз» қанатың кеңге жайылсын, өрісің кең, құшағың ашық болсын» деген сенімнен туындаған. Қошқар мүйіздің басы үшкірленіп, екі жағы дөңгеленіп келсе, оны «тұлға мүйіз» деп атаймыз. Қошқар мүйіз оюының «сынық қошқар мүйіз» деген түрі де бар. Ол көбінесе кілемнің шетіне салынады. «Тай тұяқ», «Ботагөз» деген оюлар бар. Олар түкті кілемде кездеседі. Әрбір оюдың салынуына қарай өзінің мән-мағынасы бар. Түкті кілемдерде «тышқан із», «қарға тұяқ», ал тықыр кілемде «өрмекші» оюлары жиі кездеседі. Аңыз бойынша өрмекші – Мұхаммед пайғамбардың көзін көрген жәндік. Қазақтың екінші оюлары «көкөріс негізінде» бейнеленген. Мұнда өсімдік әлемі белгіленеді: Ағаш, гүл, жапырақ.
Қазақ халқы табиғатта көргенін оюда жиі пайдаланған. Гүлді міндетті түрде сабағымен, жапырағымен бейнелеген. Ол «көгеру, өсіп-өркендеу» дегенді білдіреді. Қазақтардың көйлектерінің етегінде көкөріс оюы жиі салынған. Оюдың үшінші түрі «геометриялық ою-өрнек» деп аталады. Ол тік сызықтардан тұрады. Төртбұрыш, үшбұрыш мәнде салынып, «құс қанаты» сынды оюлардан тұрады. Бұл жерде қошқар мүйіз тік салынады. Геометриялық оюлар көбінесе кілемнің жиегіне салынады. Төртінші ою түрін «космогониялық оюлар» деп атаймыз. Бұларға аспан әлеміндегі жұлдыз, зеңгір көк, ай, күн бейнесі жатады. Әрқайсысы кеңістікті, көкке ұмтылуды, шексіздікті бейнелейді. Көбінесе петроглифтерде күннің бейнесі кездеседі.
Ою-өрнекті тұрмыс-тіршілікте де жиі көруге болады. Мәселен, киіз үйде, киім-кешек пен тұрмыстық заттарда. Ал зергерлік бұйымдарды оюсыз елестету мүмкін емес. Әрбірінің мәні мен мағынасы бар. Егер қазіргі таңда оюдың сәні мен мәнін келтіріп салса, дұрыс болар еді. Мысалы, біз өзбек халқының түрлі-түсті көзге жылы көрінетін геометриялық өрнегін бірден тани кетеміз. Сол сияқты қошқар мүйізді біз де брендке айналдыруымыз керек. Оюды қолданғысы келетін дизайнерлер оюдың мән- мағынасын түсініп қолданса, дұрыс болар еді. Өйткені жағаға салынатын оюды көйлектің етегіне салуға болмайды. Жалпы, қазақ тіршілігін ою-өрнексіз елестету мүмкін емес.

Жазып алған
Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады