Барды ұқсата алмаймыз

01 тамыз 2016, 14:35

e3a7ef22b8cfa97848e88b0309dbaffa_xl

Шіліңгір шілдеде өр Алтайдың төрінде отырған аз қазақтың ауылын сел алып, жаңбыр шайып кетті. Бай өлкенің басына бұлт үйірілгенде мұндағы ағайын да қарап қалған жоқ. Арнайы есепшот ашып, әркім шамасына қарай тиын-тебен аударып жатты. Әлеуметтік желіні шулатпай, көмегін ың-шыңсыз көрсеткендер де болды.
Сондай жомарт жандардың бірімен, орташа дәулеті бар, біраз жылдардан бері аралас-құралас жүрген Рүстеммен қайсыбір күні кездесіп қалғам. Аз-кем әңгімеден кейін: «Өр Алтайдағы бауырларға барып қайттық. Кәсіпкер жігіттер ақша, азық-түлік жинаған едік. Соны жеткізіп келдім» – дейді. Кеудесін кермей, өзеуремей айтып тұр. Сөз ләмінен алыстағы ағайынға көмектесуді өзіне міндет санап отырғаны анық байқалады.
– Не апардыңыздар? Елдің жайы қалай екен? – дедім мен де тек тұрмай.
– Үйсіз елдің хәлі қалай болушы еді. Бірақ жұрттың еңсесі биік. Соған шүкір. Қант қымбат болған соң, аз апарып едік. Сонымыз ұяттау болып қалды. Қант жетпей, әбігерге түстік, – деді Рүстем.
– Қант жетпегені қалай? Қымбат па сонша? – дедім түк түсінбегенімді жасырмай.
– Саудамен айналыспаған соң ешнәрсе білмейсің ғой. Қазір азық-түліктің ішінде қант удай қымбат. Жаз, күз айларында жылда осылай болады. Қыс қамын ойлаған ағайын қантты артығымен сатып алады. Өйткені, жеміс-жидек пісіп, тосап жасайтын қауырт шақ басталғанда, қант емге табылмай кетеді – деп мән-жайды бүге-шігесіне дейін түсіндіріп жатыр.
Сонда ғана есіме түсті. Өткен жылы «Қант иісін» газетіміздің бас тақырыбына жазған едік қой. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғанның маңындағы қант зауытын қайтадан іске қосып, қызылша алқаптарының көлемін арттырып еді. Жер емген халыққа субсидия беріп, тәтті қызылшаның түбірін молайтуға барынша күш салған-ды. Рүстемнің сөзіне қайтарған уәжім сол болды.
– Қант жоқ емес, бізде бар. Мәселе – барды ұқсата алмай жатқан жоқпыз ба. Мысалы, менің негізгі мамандығым – агроном. Қант қызылшасынан қанша түрлі өнім алуды жақсы білемін. Алайда біз қанттың өзін ғана аламыз. Оған диқанның кінәсі жоқ.
– Сонда кім кінәлі?
– Мемлекеттен ауыл шаруашылығына қатысты нақты бағдарлама керек. Қант қызылшасын егетін алқапты молайтып, Талдықорған төңірегінде ғана емес, басқа өңірлерге де тәтті түбірді салуымыз қажет. Сонан соң қант қызылшасынан шекер ғана емес, зауыттан шыққан қатты қалдықтарынан малдың жемін алғанымыз өзімізге пайдалы.
– «Тәтті түбірдің» түбірін» жақсы біледі екенсіз. Осы шаруаны өзіңіз қолға алмайсыз ба? – дедім бір жағы қалжың, бір жағы ішкі ойымды ақтарып.
– Соны өзім де ойланып жүрмін. Қанттың жаз-күз айларында емге табылмай кететінін бала күнімнен жақсы білемін ғой.
Рүстеммен болған әңгімеден кейін жол-жөнекей өзім де қалың ой құшағында қалдым. Шынында, осы біз неге барды ұқсата алмаймыз? Қызылша бар ма? Бар. Егіс алқабы ше? Саламын деген диқанға жер табылады. Ал сонда біздің қант таппай сабылып жүргеніміз, қара базарда ұзын-сонар кезекте тұрғанымыз не? Әсіресе еліміздің солтүстік аймағындағы жағдай қиын. Құмшекердің бір келісі 400 теңгеге сатылып жатыр. Ал көтерме сауда орындарына келушілер 2-3 сағаттап кезекке тұруда. Оның өзінде бір адамға тек 5 келі ғана сатылады. Барды ұқсата алмасақ, жағдай осылай жалғаса бермек.

Жарас Кемелжан

 

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде