«Аулада шаңды бұрқыратып, доп теуіп өстік»

04 тамыз 2022, 16:02

 Бәріне ортақ журналистика

Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы

Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәріс алып, тәжірибесін шыңдап жатыр. Сонымен қатар қатысушыларымыз елге танымал өнер жұлдыздары, спорт саңлақтарымен лебіздесіп, журналистиканың сұхбат жанрын меңгеруде.

Курсқа қатысушы Эльмира Оразбақова әйгілі қақпашы Құралбек Ордабаевпен әңгімелесіп, даңқтыц футболшының балалық шағына саяхат жасады.

— Құралбек аға, айдарымызға орай қойып отырамын. Егер сіз спорт саласын оның ішінде футболды таңдамағанда қандай мамандық иесі атанар едіңіз?

— Бұл сұрақты маған жиі қояды. Тіпті үйде бала-шағамызбен отырғанда әңгіме осы мамандыққа қатысты өрбігенде де «футболшы атанбағаныңызда кім болар едіңіз» дегенге тіреледі.
Ең алдымен, Жаратқанға осындай тағдыр сыйлағанына мың да бір шүкіршілік етемін. Өзім 11 жасымнан футболды серік еттім, ерекше әуес болып өстім. 1969 жылы Шымкент қаласындағы халық шаруашылығы институтына оқуға түстім. Егер мен футболдың соңынан қуып, кәсіби түрде шұғылданбасам, институтты тәмамдап басқа салада еңбек етуім де мүмкін еді. Дегенмен де ес білгеннен ала допқа деген әуестігім алабөтен болғандықтан да шығар, басқа мамандық иесі болам, өзге салада өзімді сынап көремін деген ой болған емес.

— Ал осы футболға деген әуестігіңізді оятқан кім, кімдерге еліктеп доп ойнауға құмарттыңыз?

— Шымкент қаласындағы ата-анамыз тұрған үйдің қарсысында атшаптырым аумақты алып жатқан бау-бақша бар еді. Оның арғы жағы теп-тегіс алаңқай. Қаланың шетінде орналасқандықтан, көршілердің көпшілігі мал ұстайды. Кешкісін өрістен қайтқан төрт-түлігімізді қайырып үйге айдап келуге шығамыз. Мал келгенше бақшаның ішіндегі көлеңкеде доп тебеміз, өзімізден үш-төрт жас үлкен көршінің балалары бізге бағыт-бағдар береді. Солардан допты қалай түзу ұшыруға болатынын үйренеміз. Міне, осы ауладағы футбол ойыны менің де ішкі іңкәрлігімді оятты десем де болады.

— Футбол — жарақатқа жиі шалдықтыратын спорт. Қақпашының жарақат алуы да әркез орын алады.

— Дұрыс айтасың, мені 1970 жылы Алматының «Қайрат» футбол клубына қақпашы қызметіне шақырды. Содан бастап тұрақты түрде 10 жыл ойнадым. 1974 жылы сол кездегі Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласының «Зенит» командасын Алматыда қабылдадық. Ойын кезінде шабуылшымен бетпе-бет ұшырасып, қақпаға гол соқпасын деп допты секіріп барып, қағамын дегенімде қарсылас жақтың шабуылшысы допты емес, менің оң көзімнен тепті. Аяқ киімінің табанындағы темірі қабағымды қақ айырып жіберді. Саулаған қанды сүртіп, көзімді ашсам, аман екен. Бірақ сол жолғы жарақаттың тыртығы қалып қойды. Ал егер сол кезде көзімнен жарақаттанғанда кәсіби мансабымды жалғастыра алмас едім.

— Балалық шағыңызда кімге еліктеп есейдіңіз?

— Біздің балалық шағымызда қазіргідей смартфон, компьютер, планшет деген технологияның озық үлгісі болған жоқ. Көрші-қолаңның балалары жиналып алып, асық ойнаймыз, ләңгі тебеміз, аулада шаңды бұрқыратып футболдың көрігін қыздырамыз. Біздің кумиріміз ата-анамыз еді. Солардың айтқанын тыңдап, сол кісілердің бағыт-бағдарымен жүрдік. Анамыз бір істі тапсырғанда «әкелерің жұмыстан келгенше тиянақтап атқарыңдар» деп тапсырады. Үлкендерден мақтау сөз естісек екен деп үйдің шаруасын алдымен атқаратынбыз. Отбасымызда 4 ұл, екі қыз болдық. Бауырларым да футбол ойнады, араларынан кәсіби деңгейде соңына түсіп қуған өзім болдым.

— Оқушы кезіңіздегі қызықты оқиғаларыңыз есіңізде ме?

— Мен Шымкент қаласындағы №26 қазақ мектебінде оқыдым. Үйімізден 2 шақырымдай шалғайда. Сабақтан қайтқанда үйге қарай құстай ұшпай, футбол ойнаймыз. Есімде қалғаны, сабақтан төмен баға алсақ, ұстаздар сынып жиналысына ата-анамызды шақыртады. Көбіне төмен баға алғаннан кейін жиналысқа әкемді шақыртпауға тырысушы едім. Анамыз аса қаталдау болмағанымен, әкеміз сабақ үлгеріміз төмен болса, «шаңымызды қағып алатын» (күлді).

— Жас ұрпаққа қандай тілек айтасыз?

— Жас ұрпақ өзінің тегін жете білуі тиіс. Бүгінгі заманның бас талабы – білімді болу. Әркім өзінің құптаған мамандығының шыңына шығуға ұмтылғаны дұрыс. Қолдағы смартфонды оңтайлы қолданып, білім жинау жолында көбірек пайдаланса деймін.
— Әңгімеңізге рахмет!

Эльмира Оразбақова

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады